Халқымыз жаратылысынан өзгеге көмек бергеннің сауабы мол деп білетін. Асыл дініміз Ислам да өзгелерге көмектесудің қайырымды қайтарымы бар екенін айтады. Бірақ, көбіне пендешілікке басып, «көршісінің шөбі өртенсе, бас үйітіп алайын» дейтіндер жиі көрініс береді. Әлі есімізде, осыдан біраз жыл бұрын «Киров» су қоймасынан су тасу қаупі бары екені туралы сөз тарағанда нан бағасын күрт қымбаттатып жіберген. Сонау 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында жоғары балдық зілзала болғанда да аяқастынан ең қажетті ас – нанның бағасын сатушылар қолдан қымбаттатып жібергені есте. Биыл Алматыда болған жердің қатты дүмпуінен кейін қала маңайындағы ауылдық аумақтарда үй бағасы күрт көтерілді. Айта берсек, мұндай жағдайлар көп. Тек түсінбейтініміз – елі қиналып жатқанда қара басының пайдасы үшін баға нарқын көтеретіндерде жүрек жоқ па?
Кешегі 16 желтоқсанда да ауа-райы күрт өзгеріп, қатты боранмен қосыла қар жауып, аяз күшейген еді. Мерекелік демалыста біраз кісі ауылдағы ағайынға, студенттер үйлеріне барды. Ауылға жетіп алып, ертесіне қалаға қайтарға көлік таппай қиналғанымыз-ай. Үлкен жолдың бойына шығып та кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатуға тырыстық. Суықтың тоңдырғанына қарамай, бір жарым сағаттай тұрып, шыдап бақтық, ешбір көлік тоқтамады. «InDrive» қосымшасына да, ауыл таксишілерінің ортақ тобына да жаздық, ешкім шыға қоймады. Әрине, ауа-райының қолайсыздығына байланысты ешкім жолға шыққысы келмеген болар, ол да дұрыс. Бірақ, ертесі жұмыс күні болғандықтан жалғыз Жаратушыға сыйынып, жолға шығуға асықтық. Әйтеуір, кешқұрым Алматыдан келе жатқан бір жүргізуші хабарласып, Тараз бен Луговой ауылының арасындағы әдеттегі жолақысының екі жарым есесін айтып, «Соны төлесеңіздер Таразға жеткіземін» деді. Соның табылғанына да қуандық. Бірақ көкейде «Қиындықтан қармап қалғысы келетіндерде иман бар ма?» деген сұрақ қалды.
Мұндай жағдай талай кісінің басынан өтіп жатқаны анық. Жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын пейілді жоғалтып алмасақ екен. Өмірден көргендерін түйіндеп, бір ауыз сөзбен өсиеттеп қалдырған кешегі бабалардан қалған «Кең болсаң, кем болмайсың» дегенді ұмытпайық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді