Облыс халқының 50,5 пайызы қыз-келіншектер екенін ескерсек, нәзікжандылардың іскерлігін қолдап, сол арқылы әлеуетін арттыру ұтымды, әрине. Себебі, әйел жаратылысы нәзік болса да ол ұрпақ жалғастырушы, шаңырақтың ұйытқысы, қоғамның тірегі. Сондықтан да болар «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің айтылғаны.
Біз сөз етіп отырған Amanat партиясы облыстық филиалының жанындағы Әйелдер қанаты 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни, әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу, әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау, әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру, психологиялық көмек беру қызметін, инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу, еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігі, ғылымдағы әйелдерді қолдау, заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру.
– Негізгі бағыттарға тоқталсам, ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеру мақсатында белсенді әйелдер қауымы мен өз кәсібін ашуға ниет білдіруші әйелдер, партияның «Ауыл аманаты» жобасымен несие алып, өз кәсібін ашқан қыз-келіншектермен барлық ауданда кездесулер өтті. Ауыл әйелдерін толғандырып отырған мәселелер – өз кәсібін ашуға қажетті грант пен жеңілдетілген несие алу жолдары, отбасы құндылықтарын дамыту мәселелері. Сондықтан ауыл әйелдеріне кәсіпкерлікті жүргізу үшін мемлекеттік қолдау құралдарымен, партияның «Қарызсыз қоғам» жобасымен таныстыру семинарлары ұйымдастырылды. Осы жерде айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыс бойынша бүгінге дейін 19 мыңнан астам адам қамтылса, оның ішінде 80 пайызы әйелдер. Бұл курстарда олар қаржыларын тиімді басқаруды үйренуде. Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу бағыты аясында Тараз қаласы мен Қордай ауданындағы Тұрмыстық зорлық- зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтарын әртүрлі себеппен сағалап келген жандарға мүмкіндігінше әлеуметтік көмектер көрсетіліп, оларға психологиялық көмектердің дер кезінде көрсетілуі тұрақты бақылауда. Әйелдерден саулығымен отбасылық құндылықтарды насихаттау бағыты бойынша «Отбасы беріктілігінің негіздері» тақырыбына «дөңгелек үстел» отырысы, «Отбасы – алтын діңгегім» тақырыбына көпбалалы аналармен кездесулер өткізілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету үшін «Бала – бақытымыз» акциясымен Қордай ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде тәлім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар жасалып, оларға ойын- сауық орталығына демалуға мүмкіндік жасалды. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Әйелдер қанаты Халықаралық балалар күніне орай әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларға, дүние есігін ашқан нәрестелерге сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта «Балаңа уақыт арна» акциясын жалғастырамыз. Өйткені, бүгінде ата-аналар тарапынан балаларына көңіл бөліп, бірге кино көру немесе оқыған кітаптары мен фильмдерін талқылау сияқты түрлі отбасылық шаралар шындығында жеткіліксіз. Тағы бір бағыт – ғылымдағы әйелдерді қолдау мақсатында мультимедиялық жобаны іске асыра бастадық. Алғашқы түсірілімі жақында ғана болды. Бұл – ғылымдағы әйелдердің зерттеулері туралы подкастар, онлайн- трансляциялар жасау арқылы қол жеткізген жетістіктерін насихаттау. Осы және басқа да жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін Әйелдер қанаты әкімдік жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссиямен, үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде әйелдердің қоғамдық бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық орнатуда. Өйткені, барлығымыздың мақсатымыз біреу ғана – әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, – дейді Айман Серікқызы.
Өткенге оймен шегініс жасасақ, 2021 жылғы деректерге сәйкес Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-ші орында болыпты. Ал, 2006 жылы 32-ші орында тұрғанымызды ескерсек, соңғы онжылдықта гендерлік теңдік өзекті мәселеге айналғанын байқауға болады. Сондықтан да шешім қабылдау деңгейінде әйелдерді 30 пайызға жеткізуді партияның Әйелдер қанаты негізгі міндеттерінің біріне белгілеген. Сонда ғана әйелдерге қатысты көптеген проблема шешімін табады деген болжам бар. Осыған байланысты бастауыш партия ұйымдарының әйел- жетекшілерімен кездесулер өткізіліп, Әйелдер қанатының үйлестірушілері бекітілген. Болашақта өздерін депутаттық корпуста немесе басқару органдарында көретін әйелдер базасы жасақталған. Осындай әйелдер үшін Саяси көшбасшы әйелдер мектебін облыстағы әйелдер күштері Альянсымен бірге жүргізуді қолға алыпты. Осы мектеп аясында әрбір ауданда семинар-тренингтер өткізу арқылы саяси өмірге әйелдерді көптеп тартуды жоспарлаған.
– Партияның Әйелдер қанаты – партия ішіндегі жай ғана құрылым емес, бастамалар платформасы, әйелдердің дауысы. Тек саясатпен айналысып қоймай, шешім қабылдау деңгейінде араласқанына мүдделіміз. Өйткені, бұл – уақыт талабы. Бәріне белгілі, әйел адамның отбасында да мойнына жаратылысынан міндеттелген жауапкершіліктері бар, сондай-ақ олар қоғамның қозғаушы күші де бола алады. Осыны ескере отырып, болашақ аналар, көшбасшы әйел болатын жасөспірім қыздармен және оларға қолдау көрсететін жігіттермен өзіміздің өмір тәжірибемізді бөлісіп, кеңескенді жөн көрдік. Осы мақсатта партияның «Жастар Рухы» Жастар қанатымен бірлесіп М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Табысты және іскер әйел болу жолдары» тақырыбы аясында студенттермен кездесу өткіздім. Студенттермен кездесу барысында өзімнің кәсіптік жолым, жалпы табысқа бастар жолда нені еңсеру қажет, еңбек пен білімді ұштастыру турасында баяндама жасап, қызығушылық танытқан жастардың сұрақтарына жауап бердім. Өзім де жеті баланың анасымын. Әрбір адам үшін алдымен отбасындағы береке-бірлік маңызды. Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпайды. Әрбір отбасы бақытты болса, ортақ шаңырағымыз – Отанымыз өркендейді. Жастарға осыны түсіндіріп, олардың бойына отаншылдық рух пен отбасы бақытын үйлестіруді сіңіруге жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы жылға да көздеп отырған жоспарларымыз бар, соларды жүзеге асырып, жемісін көрсек деген ниеттеміз, – дейді Айман Әшімова.
Әйелдер қанаты тек орталық аймақтардағы қыз-келіншектерге көңіл бөліп қоймай, басымдықты ауыл әйелдеріне беруде. Себебі, қыз бала табалдырық аттап, тұрмысқа шыққаннан соң қым-қуыт тірліктің арасында өзін жоғалтып алмаса дейді. Өз бойындағы қабілетін елінің өркендеуіне, сол арқылы өзін дамытуға арнауына көмектеседі.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Несие алу «сәнге» айналмаса игі...
- Бүгін, 02:54
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді