«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттік қызметті жетілдіру – заман талабы

Мемлекеттік қызметті жетілдіру – заман талабы
Ашық дереккөз
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау, ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау, мүмкіндіктерге қол жеткізуді жеңілдету және қазақстандықтар үшін олардың санын кеңейту бойынша жұмыстар жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақта да кешенді түрде іске асырылуда. Мәселен, өңірде көрсетілген қызметтердің 98 пайызы электронды негізде жүзеге асқан. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек атап өтті.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің жай-күйі сараланған жиында Бекжан Кеңесбек облыста аталған бағытта іске асқан жұмыстар жайына тоқталды. Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметтер білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек пен ауыл шаруашылығы, спорт және денсаулық сақтау, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ветеринария, дін салаларын қамтиды.

– Облыста жергілікті атқарушы органдармен тізілімге сәйкес 286 мемлекеттік қызметтің түрі электронды түрде – 266 қызмет, қағаз түрінде – 20 қызмет, мемлекеттік корпорация арқылы – 82 қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты болып 1 450 жергілікті атқарушы органдар мен бағынысты мекемелер белгіленген. Биылғы жылдың 9 айында 9 миллион 656 мың 949 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Көрсетілген қызметтердің 98,3 пайызы электронды түрде ұсынылған. Қағаз түрінде 735 қызмет, қағаз түрінде баламалы – 161 856 қызмет. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдерін бұзу оқиғалары биыл екі есеге азайған, – деді Бекжан Айдарұлы.

Аппарат басшысы орынбасарының айтуынша, бұл бағыттағы заңбұзушылықтар бойынша өткен жылы 66 факті, биыл 33 факті анықталған. Бұдан бөлек, облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 93,1 пайызы цифрландырудан өткен. Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған 26 ақпараттық жүйе жұмыс істейді.

Сондай-ақ, аппараттық кеңесте өңірлік кадрлық резервшілерді жұмысқа орналастыру жайы да қозғалды. Еске сала кетсек, биылғы жылы 26 дарынды жастан іріктелген өңірлік кадр резерві қалыптастырылған болатын. Бүгінгі күні резерв қатарындағы Балаби Туменбаев Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы, Жандос Рүстембаев Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметіне конкурссыз негізде тағайындалған. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі аппараты әлеуметтік даму бөлімінің басшысы бо с лауазымына резевшіні тағайындау үшін өкілетті органдарға құжаттар тапсырылып, келісімі күтілуде. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев резервшілерді жұмыспен қамтудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

– Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған. Өздеріңізге мәлім, ел Президенті талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері бірлесіп, өңірлік резерв жеңімпаздарын қызметке тарту тетіктерін қарастыруы керек. Атқарылған жұмыстар тоқсан сайын жаңартылып отырылуы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Айта кетейік, талантты жастар арасынан мемлекеттік басқаруда жаңаша ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыруды мақсат тұтқан бастама аясында облыстың кадр резервіне іріктеуге жалпы 478 адам өтініш білдірген болатын.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар