«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ана, ару, жар – қоғамның асыл ажары

Ана, ару, жар – қоғамның асыл ажары
Ашық дереккөз
«Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана» деп білетін біздің халық әуел бастан қыздың қадамына құт дариды деген наныммен, төрге оздырып, ұрпақ жалғастырушы ананы ардақтаған. Ал, қазіргі қоғамдағы арулар мен аналардың орны қандай? Осы сұрақ аясындағы мәселелерді талқылап, болашақтың қамы үшін игі істерге бастама болар Әйелдер форумын Аmanat партиясы облыстық филиалы ұйымдастырды.

Мұндағы мақсат – өңірде әйелдердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысуын кеңейту, гендерлік тепе-теңдікті қалыптастыру жөніндегі шараларды күшейту, әйелдердің жетістіктерін көрсету, кәсіби біліктіліктерін арттыруға жәрдемдесу, шешім қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыру.

Форум жұмысына Amanat партиясының хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Жансая Исмагулова, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстың түкпір-түкпірінен іскер әйелдер, қоғамдық пікір көшбасшылары, сондай-ақ көп балалы аналар қатысты. Алғашқы болып сөз сөйлеген партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов облысымыз демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі және халқының тең жартысы, яғни 50,5 пайызы қыз-келіншектер екенін, өңірде әйел-аналардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын айтты.

– Осы форумды өткізуге бастамашы болған партия облыстық филиалы Әйелдер қанатына биыл бір жыл толып отыр. Әрбір жанұядағы жетістік те, кемшілік те қоғамның ортақ көрсеткіші. Мемлекетшіл азамат қашанда отбасынан алған тәрбие мен жалпы қоғамдық құндылықтардан қалыптасатыны белгілі. Қоғамымыздың тірегі, отбасымыздың жүрегі – әйелдер бүгінде ұрпақ тәрбиелеп, ел экономикасын дамытуда. Ең маңыздысы – халқымыздың дәстүрі мен рухани құндылықтарын сақтауда. Дегенмен, қоғамда, мансап пен саясатта әйелдерге қатысты тарихи қалыптасқан стереотиптер мен кедергілер әлі де бар. Бұл кедергілер кейде көрінбейді, алайда олар әйелдер қауымының ғана емес, тұтас қоғамның дамуын тежейтіні анық. Сондықтан, біздің партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген маңызды міндеттердің бірі – әйелдердің әлеуетін арттыру, олардың қоғам мен экономиканың және саяси өмірдің маңызды бөлігі ретінде рөлін нығайту, жәрдемдесу. Облыстағы 54 мың партия мүшесінің 66 пайызы әйелдер қауымы. Бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің 54,5 пайызы қыз-келіншектер. Барлық деңгейдегі мәслихаттар құрамының 20,3 пайызы әйелдерден тұрады, жалпы 201 депутат болса, оның 41-і әйел. Жергілікті атқарушы органдардағы әйел басшылар саны 15 пайызды құрап отыр. Көшбасшы әйелдердің ең көбі, яғни 75 пайыздан астамы білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Партияның өңірлік Әйелдер қанатының жұмысы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуде үлкен тәжірибесі бар, партия мүшелері болып саналатын танымал, беделді қыз-келіншектердің қатысуымен жүргізілуде. Әйелдердің көшбасшылығы мен шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуын қолдау Саяси көшбасшы әйелдер мектебі аясында ұйымдастырылуда. Қазіргі уақытта мұндай оқыту курстарынан 30 әйел өтті. Өңірде 107 мың кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 42 пайызында әйелдер жетекшілік жасайды. Осы ретте партияның «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы әйелдер бастамаларын қолдаудың тамаша құралы болып отырғанын айтып өткен жөн. Бүгінде игілігі мол жобаға қатысқан жамбылдықтардың 30 пайызы ауыл әйелдері. Сонымен қатар, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға Меркі ауданында партиямыздың пилотты түрде ашқан «Агросауат» оқу-әдістемелік орталығы көп көмегін тигізіп отыр. Мұнда жұрт ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары – жидек өсіру, қант қызылшасын егу, жем-шөп, сүтті ірі қара, етті ірі қара, құс шаруашылықтары секілді кәсіптерді ашу жолдары бойынша практикалық дағдыларды үйренеді. Дәрістен кейін 2 миллион теңгеге жуық қаражат жабдықтар мен тауарлық несие ретінде беріледі. Бүгінде мұнда 150-ден астам адам оқытылды. Бұдан бөлек ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке үйрету мақсатында консультациялық керуен Жамбыл ауданында бастау алды. Бұл барлық ауданда жалғасын табатын болады. Ғылымдағы әйелдерге қолдау көрсету бойынша Әйелдер қанатының медиажобасы іске қосылды. Айта кететін тағы бір жайт – отбасылық бюджетті қалыптастыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының игілігін барша халқымыз түсінуде. Облыс бойынша 19 мыңнан астам адам (19436) қаржылық сауаттылық курстарынан өтсе, оның 80 пайызы нәзік жандылар. Отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша бірқатар семинарлар өткізіліп, қиын жағдайға тап болған әйелдерге оңалту, қолдау және кеңес беру пункттерін ұйымдастыру жоспарлануда. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында аудандарда әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғау жөніндегі отбасылық орталықтар құрылуда. Жақында ғана мұндай орталық Байзақ ауданында ашылды. Аймақта 46 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Оның 6 мыңға жуығы «Алтын алқа», 11 мыңнан астамы «Күміс алқа» иегері. Сондықтан, «Бақытты отбасы», «Баланы мектепке жинайық» қайырымдылық акцияларымен 2200-ге жуық көп балалы отбасына көмек көрсетілді. Нәтижесінде 3370 бала партия қолдауымен 75 миллион теңгенің мектепке қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Форумда Amanat партиясының хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Жансая Исмагулова өз пікірін білдірді. Бейнебайланыс арқылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Түркі мемлекеттерінің Сауда-өнеркәсіп палаталары одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова мен танымал журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Әйел бақыты» кітабының авторы Ләйлә Сұлтанқызы да лебіздерін жеткізді.

Облыстық әйелдер Форумына дайындық барысында гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету, әйелдердің экономика мен саясаттағы мүмкіндіктерін кеңейту, құқықтарын қорғау мен бастамаларын қолдау мақсатында бірқатар қоғамдық бірлестіктер мен мекемелер партия облыстық филиалының Әйелдер қанатымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасауға ықылас білдірген. Оның аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру, ақпарат алмасу көзделуде. Amanat партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова, облыстың Полиция департаментінен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Жамбыл облыстық іскер әйелдер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Меруерт Лештаева, Жамбыл облыстық әйелдер күші Альянсының жетекшісі Амина Қайназарова меморандумға қол қойды.

Өз ісінде белсенділік танытып жүрген бірқатар нәзік жандылар марапатталды. Форумның екінші бөлігі екі бағыттағы панельдік сессия жұмысымен жалғасты. Онда тақырыптық талқылаулар мен сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, ұсыныстар жинақталды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар