Бостандық жыры
Бабама арман болған,
Еркіндік, сүйем сені.
Бүгінгі әнім асқақ,
Тартылған күй еңселі.
Жауының бас сүйегін,
Бабалар тостаған ғып.
Жігерін айға қайрап,
Намысын отқа жанып.
Бостандық самалымен,
Шомылған шоқыларым.
Атамнан қалған мұра,
Торқалы топырағым.
Алашым – айбынымсың,
Әр қазақ – сыңарымсың.
Жусаным – аңызымсың,
Тастарым – тұмарымсың.
«Тәуелсіз» деген сөзден,
Жүрегім күш табады.
Көгіңде еркін ұшқан,
Талады құс қанаты.
Сен сондай байтақ едің,
Қазақтай кең едің ғой.
Отан деп отқа түсіп,
Ер сүйген жер едің ғой.
Желтоқсан алаңында,
Жастарым тұншықты ғой.
Ыстық қан төгілген жер,
Сен солай ыстықсың ғой.
Құлама бәйтерегім,
Жылама Отан анам.
Қозғама ескі шерді.
Боздама бота далам.
Төсіңде туған өлке,
Тұлпардай дүр етейін.
Мен сені тыныштық боп,
Мәңгілік күзетейін.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ,
ақын.
Мен сүйетін құндылық
Тәуелсіздік зор бақыт ұғымды елге,
Қалмайды сөзім менен үнім жерде.
Еркіндіктің жемісі сезгеніміз,
Мәртебесі биіктеп тілім төрде.
Желбіреп тұр байрағы Алашымның,
Кем көре алар қазақтың баласын кім.
Арманымды тұр бүгін асқақтатып,
Аяулы асыл тілі анашымның!
Тәтті қылық байқалып ғажап, шырын,
Азат едім талайдан озат бүгін.
Өзге ұлт жастары да еркін сөйлеп,
Құрметтеуде қастерлі қазақ тілін.
Тыныш күнде төгілген таңнан арай,
Ол шабыт сыйласын жанға қалай?
Еңселі егеменді елім менің,
Тура жолмен өрлеуде алға қарай!
Әнұран, Елтаңбам да көркім едің,
Ұлтпен бірге сергимін, серпілемін.
Мен сүйетін бір ғана құндылық бар,
Ол сенсің – таңы азат, еркін елім!
Дидар БАСЫҚАРАЕВ,
ақын.
Ең Ұлы мереке
Артымда алыс қалды,
Ауыр мұң, азапты күн.
Шаттансын, шарықтасын,
Көңілің, қазақ бүгін.
Еркіндік таңы атты,
Көңіл-күй ғажап бүгін.
Тәуелсіз Қазақстан,
Алған күн азаттығын.
Бірлік пен Тәуелсіздік,
Салтанат құрған күнім.
Көк Туды желбіретіп,
Көкке өрлеп тұрған күнім.
Бас имей, тізе бүкпей,
Нық басып тұрған күнім.
«Мың өліп, мың тіріліп»,
Қайтадан туған күнім.
Достарға құшақ ашып,
Кереге керген күнім.
Еркіндік, Тәуелсіздік,
Жаратқан берген күнім.
Арайлы таң атырған
Келтіріп берекесін.
Елімнің Егемендік –
Ең ұлы мерекесі.
Аружан АРМАН,
№46 орта мектептің 10-сынып оқушысы.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді