Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін облыс өнеркәсібі, жалпы республика экономикасы өндірістің құлдырауын бастан кешірді. Осы кезеңде кооперативтік байланыстардың үзілуіне, өткізу нарықтарының жоғалуына, тұтынушылардың дәрменсіздігіне, қаржылық дағдарысқа байланысты облыстағы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Супер фосфат зауыты, Химпром, спирт зауыты, ПОШ фабрикасы сияқты жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі тоқтады. Сол сияқты былғары-аяқ киім зауыты, одан басқа да көптеген өндіріс ошақтары дағдарыстан дағдарысқа ұшырап, сол тұстағы нарықта бәсекелесе алмады. Мәселен, 1991 жылы өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 87,2 пайызды құраса, ол 1997 жылы 63,6 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбековтің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің өсу тенденциясы 90-жылдардың аяғында қалыптаса бастады. Яғни, өңірдегі негізгі өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын қайта жандандырып, шағын және орта кәсіпорындар іске қосылды. Сөйтіп, өндіріс 1998 жылы – 4,9 пайызға, 2000 жылы – 12,6 пайызға, 2004 жылы – 27,5 пайызға, 2022 жылы 10,5 пайызға өсті.
– 2000 жылы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химия өнеркәсібіне қайта оралып, нарыққа енуімен фосфор және оның өнім өндірісі жанданып, химия өнімдерін өткізу нарығы кеңейді. Қазіргі уақытта химия кәсіпорындары облыстың өнім көлемінің 23 пайыздан астамын және экспорттық әлеуетінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал, 2003 жылдан бастап жабдықты жаңартуға байланысты «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы қант өндірісіне ішінара жаңғырту жүргізіп, нәтижесінде қант шикізатының өнімділігі 500 тоннаға дейін өсті. 2003 жылы облыста алғаш рет табиғи газ бен газ конденсатын «Амангелді» кен орнында («Амангелді Газ» ЖШС), ал 2006 жылы «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бензин өндіру ісі қолға алынды. Ал, 2007 жылы «Химпром-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында фосфор өндірісін металлургиялық өндіріске қайта бағыттау мен «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды, – дейді ол.
Одан бөлек, 2009 жылы «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы «Восточное тау-кен басқармасы» акционерлік қоғамында гипсокартон шығаратын жаңа қондырғылар орнатылып, жаңа өңдеу зауыты іске қосылды. «Меркі қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі техникалар автоматтандырылса, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тетра пакеттер шығаратын жаңа желі іске қосылды, йогур төндіру цехын жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Өңірде экономика салаларын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Яғни, индустриялық дамудың негізгі құралы – индустрияландыру бағдарламасы болды. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар аралығында облыста жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды.
– Бүгінгі күні ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарының саны артты. Мәселен, 2003 жылдың аяғында облыста 494 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп тұрған болса, 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 891 кәсіпорынды құрап, өсім 1,8 есені көрсетті. Ал, 1991 жылы облысымызда өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,1 миллион теңгені құраған еді. Оның 8,9 миллион теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, 0,6 миллион теңгесі тау-кен өндіру және карьерлерді қазу, 0,6 миллион теңгесі электрмен және газбен жабдықтау, бу беру және ауа баптау саласына тиесілі. Ал, 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында облысымыздағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 727 930,3 миллион теңгені құрады. Оның 475 718,7 миллион теңгесі өңдеу өнеркәсібі, 94 812,7 миллион теңгесі тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, 157 298,9 миллион теңгесі электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, бу беру және ауа баптау құрылымдарына тиесілі, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбеков.
Жаңа өнеркәсіп орындарының іске қосылуымен жұмыспен қамтылған жұмысшылар саны да өсті. Егер 2010 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында 25,9 мың адам жұмыс істеген болса, 2024 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс өнеркәсібінде 46 мың адам жұмысқа орналастырылған, сөйтіп өсім 1,8 есеге артқан.
Жалпы облысымызда ел тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта келесі жаңа кәсіпорындар ашылған. Атап айтсақ, «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС (цемент өндірісі), «Энерджи Тараз» ЖШС (диодты шамдар, көшелерді жарықтандыру жүйелерін өндіру), «Супер Фарм» ЖШС (медициналық бұйымдар өндірісі), «Амир и Д» ЖШС (медициналық сынақтар өндірісі), «АулиеАтаФеникс» ЖШС (құс етін өндіру), «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» (кондитер өнімдерінің өндірісі), «Talas Investment Company» ЖШС (натрий цианидінің өндірісі), «Kaz Ir Agro» ЖШС (мақсары майының өндірісі), «Alina Group» ЖШС (гипс және ойық тақтайшалар), «Полителен-Агро» ЖШС (полиэтилен өндірісі), «Тараз арматура зауыты» ЖШС (ғимарат арматурасын өндіру) және тағы басқа зауыттар бүгінгі күні өңір экономикасының артуына өз үлестерін қосуда.
Тағы бір атап өтетін мәселе, бүгінгі күні өңірдегі өндіріс ошақтарының қауіпсіздігі мен мүмкіншілігін арттыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынған. Сол жобалардың аясында өндіріс ошақтары цифрландыру жүйесіне енгізілуде.
Қазіргі таңда облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындарында индустрияны дамыту, жасанды интеллектіні, ІТ-технологияларды пайдалану бойынша реттеу және ынталандыру шаралар кешенін әзірлеу жұмыстары атқарылуда.
Осылайша жаңа жүйеге, жаңаша бағытқа бет бұрған фабрика мен зауыттар өз жұмысын заман талабына сай түзеп, сапалы өнім өндірісінің жаңа моделін құрып отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Тауар бағасы — нарық қозғаушысы
- 12 желтоқсан, 2024
Тариф саясаты тұрақты бақылауда
- 10 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді