«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр шашу

Жыр шашу
Ашық дереккөз
Жыр шашу

Еліңді аяла!

Көгінде шаңқылы қыранның,
Қызымын өр кеуде Тұранның.
Бабалар заңына бағынып,
Бас идім сөзіне Құранның.

Егемен елім бар еңселі,
Тәуелсіз көк туым – семсерім.
Өмірін, тағдырын тапсырған,
Мен оның бөлінбес бөлшегі.

Тауларым, көлдерім, далам бар,
Жаныммен ауырып алаңдар.
Көзіңнің ағы мен қарасы,
Балаңдай аялап қараңдар!

 

Ғайни ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Азаттық ауасы

Ұлан-ғайыр даламда,
Азатпын деп үн қатамын ғаламға,
Қандай бақыт жусаныңа аунаумен,
Жалаңаяқ жүгіргенім жағаңда.

Кереқарыс маңдайымдай кең жерім,
Сенсің менің – таусылмайтын ертегім.
Қандай бақыт жаңбырыңа малынып,
Балшығыңды балпаң-балпаң кешкенім.

Шыңыңа да шыққым келіп өрлеймін,
Құлашымды кеңге жайып сермеймін.
Тамырымды тереңіңе жібергем,
Күн – өзімде, жарық шашам, сөнбеймін.

Қасиетіңді қаныма құй, бер маған,
Қара өлеңге ұйып тұрсын жер-жаһан,
Күн желіннен сәуле сауып идірткен,
Жерден нәр ап, жапырақтанған мен болам.

Айтылмаған ой кісінеп түсімде,
Армандарым айға ұлып тұр ішімде.
Жұтамын кеп Тәуелсіздік ауасын,
Жұта алмаған бабаларым үшін де.

Айға сөйлеп Құрманғазы күйінде,
Күнге аттанғам жалындаған күйімде.
Қазақты сүй тәуелсіздік деп жүрмін,
Алтықанат Ақ Ордалы үйімде.
 

Жұлдыз БЕЙСЕК,
ақын.

Саған да қымбат, маған да...

Арайлап атқан, шуақты сұлу таң нұрым,
Көрсетті бізге, толқынды тарих тағылымын.
Көгімде қыран,самғаған биік шарықтап,
Бұл менің, қымбат тәуелсіз еркін тағдырым!

Тәуелсіз ғұмыр, саған да, қымбат маған да,
Тіршілікпенен жер басқан, әрбір адамға.
Тең келмес саған тәуелсіз менің ғұмырым,
Дәрежең биік жыр толы менің санамда!

Тәуелсіз күннің тынысы бөлек ауасы,
Әлемі бөлек жер менен көктің арасы.
Нұрлы аспаны, заңғар таулары, бәрі де
Тәуелсіз мәңгі осынау Тұран даласы!

Жүріп өтіппіз тайғақ жолдармен талайды,
Өткізіп жылдар, ғасырларменен сан айды.
Қойнауы мұра, тектілерімнің таңбасы,
Түсірген бізге шуағын күннің арайлы!

Санаға сәуле, тәуелсіз жерім саялы,
Елім деп өскен ұл-қызың бар аяулы.
Ұрпағың текті ұлықтап жүрер елдігін,
Тәуелсіздігім осылай менің баянды!

Күн кешкен талай, өзгеге бодан кейіпте,
Өткен күндерді, өмір өткелі дейік пе?
Баһадүрлер мен батырларымның ерлігі,
Көк туымызды желбіретті заңғар биікке!

Тәуелсіз менде мақсатыммен ой-арман,
Еркін әлемде, парағым жырмен боялған.
Бақыттымын, бақытқа толы әр сәтім,
Өйткені жаным тәуелсіз таңда оянған!
 

Мадияр АҚПЕНОВ,
№44 мектеп-гимназиясының мұғалімі.
Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар