Осы бағдарлама шеңберінде облысымызда алғашында 3,2 миллиард теңге сомасына 4 жоба – гүл өсіру кешені («Жасұлан және К» ЖШС), гранит тасын өңдеу және одан бұйымдар шығару цехы («Аль Басар» ЖШС), ТОПС («Фабрика ПОШ-Тараз») және болат балқыту өндірісі («Жаңатас» металлургиялық комбинаты» ЖШС) іске қосылды. Кейіннен өзгелерге үлгі болардай табысты жұмыс жүргізе бастаған «Мыңарал Тас Компани», «Амангелді газ өңдеу зауыты», «БиномСтройДеталь», «Та-Мақ», «КазИрАгро», «Карат-V», «Құрылыс-Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Алтыналмас» акционерлік қоғамы өз қуаттылықтарын толығымен еңсерді.
Елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық-заңдық негіздегі оң өзгерістердің кіші және орта бизнесті де айналып өтпейтіндігі белгілі. Ендігі жерде аталған саладағы шенеуніктер тарапынан болуы мүмкін кедергілер барынша азайтылуы көзделінді. Себебі, дамыған елдердегі ұстаным солай. Мәселен, Сингапурде жеке кәсіпорын ашу үшін электронды поштамен арыз жазу ғана жеткілікті болса, Германияда үкіметтің қолдауы нәтижесінде елдің ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнімінің) 50 пайыздан астамын өндіруші кіші және орта бизнес саласының өкілдері өз өнімдерінің басым бөлігін дүниежүзінің ең ірі 20 нарығына өткереді екен. Осы үрдісті өңіріміздегі басымдылықтардың бірі десек, осы тұрғыдағы іс-шаралар Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізіліп, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының 4-ші бағыты аясында бизнеске сервистік қолдау көрсетуді бастады. Ол жеті бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есеп беруді жасауға байланысты қызметтер, кедендік рәсімдер бойынша қызметтер, менеджмент жүйесін енгізу бойынша барлық үдеріске консультация беру және толық сүйемелдеу, заң қызметтерін көрсету, маркетинг мәселелері бойынша қызметтер, ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласында консультациялар беру, мемлекеттік сатып алулармен, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларымен байланысты қызметтер. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бұл қызмет түрлерінің барлығы тегін көрсетілетін болды. Облыс аудандарындағы шағын және орта бизнес өкілдерін осы сервистік қолдау шараларымен ақпараттандыру мақсатында құрамында кәсіпкерлер палатасының сарапшылары, қаржы институттары мен банк саласының мамандары бар үгіт-насихат топтары аудандарға аттанды. Қарастырылып отырған кезеңде әр ауданда кемінде 15 адамнан құралған жұмысшы топтар қызмет атқарды. Олар жыл соңына дейін барлық елді мекендерді аралап 500 кәсіпкерлік субъектіге сервистік қолдау қызметтерін көрсете алды. Бұл мақсатқа 79 миллион теңге қаржы қарастырылған. Жоғарыда аталған және басқа да: атап айтқанда, тігін және тоқыма өндірістеріне серпін беру мақсатында Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті тігін және тоқыма өнеркәсібі өкілдері мен олардың қытайлық әріптестерінің кездесуін өткізді. Қытай Еуразиялық құрлықта тоқыма және тігін өнеркәсібінде қолжетімді және сапалы өнім өндіру бойынша көш басында келеді. Ал, Шыңжан осындай өндіріс орындары мол шоғырланған аудан. Қытайдың ШҰАА киім қауымдастығы осы өндірістегі заңды тұлға болып табылады.Осы қауымдастықтың өкілдері Таразға киім өндірісінің ахуалымен танысу және осы саланың өркендеуіне атсалысу үшін келді. Қытайлық кәсіпкерлердің бірлесіп жұмыс істеудегі жоспары көп болды. Олар біздегі әріптестерімен бірге бірнеше тігін фабрикасын салуды, сөйтіп мыңдаған тараздықтарды жұмысқа тартуды көздеген еді. Тігін және тоқыма өнеркәсібі өркендесе облыс өнеркәсібі жаңа қуатты жабдықтармен толығары сөзсіз болатын. Шыңжан бизнесмендері төсек жабдықтары және сүлгіден бастап қазақтың ұлттық киімдерін және сондай-ақ арнайы жұмыс киімдерін де тігетін болды. Тараздағы тігін өндірісінің айтулы өкілдері «Асыл-Дизайн» ЖШС директоры Айдархан Қалиев, «Набоко» шеберханасы жетекшісі Ирина Набоко және «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попова өздерінің қытайлық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін мәлімдеді. Олар сондай-ақ өздерінің қатал шарттарын да қойды. Өндіріс орындарындағы жұмысшылардың басым көпшілігі Тараздың тұрғындары болуы тиіс. Ирина Набоко өз сөзінде кезінде Тараздың тігін фабрикаларымен атағы шыққандығын ерекше атап өтті. Бірлескен кәсіпорындардың аяғынан тік тұрып кетуі үшін, әрине, арнайы оқу бағдарламасын ұйымдастыру қажеттігі де қаперге алынды. Осы және басқа да мәселелер туралы тартысты өткен әңгімеден кейін өзара тиімді ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
2014 жылдың 16 шілдесінде Астана қаласында Елбасының қатысуымен «Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президент кітапханасында Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмысы туралы есебі тыңдалды. Шара аясында бірқатар Үкімет мүшелері өз жұмыстарының нәтижелерін баяндап, өңірлермен телекөпір ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы алдымен ғимарат ішіне орналастырылған отандық өнім шығаратын индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында жұмыс атқарып жатқан үздік кәсіпорындар көрмесімен танысты. Оны Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған топ (жоба жетекшілері) Елбасыға егжей-тегжейлі баяндап, түсіндіріп шықты. Аталған жылдың алғашқы жартыжылдығында Индустрияландыру картасы аясында 21 жоба пайдалануға беріліп, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылған. Ал, екінші жартыжылдықта шамамен 100 жоба іске қосылып, тағы 8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатындығы қарастырылыпты. Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижелерін шығару барысында ұйымдастырылған телекөпір арқылы еліміздің бірқатар аймағындағы аталған бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа кәсіпорындар мен білім және мәдениет нысандарының ашылуына рұқсатын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Олардың қатарында Талас ауданы, Қаратау қаласы қасында орналасқан «Talas Investment Company» ЖШС-ның натрий цианидін өндіретін химиялық зауыты да бар. Кәсіпорынның бас директоры Бақтияр Алдашовтың айтуынша, зауыт жылына 15 мың тонна химиялық реагент өндіреді. Бұл өнімді алтын өндіруші кәсіпорындар тұтынатын болады. Сонымен қатар, натрий цианидін өндіру барысында шыққан қалдықтарды кәдеге жаратуда құнды минерал тыңайтқышы сульфат аммоний алынбақ. Бұл өнімнің көлемі жылына кем дегенде 5 мың тоннаны құрайды. Оны жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері пайдаланады. «Еліміз енді химиялық реагент импортына тәуелді болмайды. Керісінше, экспортқа шығаруға қуатымыз бар. Зауытта автоматтандырудың ең жоғары желісі енгізілген. Барлық жұмыстың қауіпсіздігіне компьютерлік мониторинг жүргізіледі. Мұнда 500 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Зауытты іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймын», – деді Б.Алдашов телекөпірмен байланыстағы Елбасының алдында сөйлеген сөзінде. Жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тілеген Елбасы: «Бұл Қазақстанға өте қажет зауыт. Еліміздің химия өнеркәсібіндегі тұңғыш кәсіпорын, ол жаңа тауар шығаратын болады. Мемлекет еліміздің оңтүстігінде өндірісті өркендетуге үлкен күш салып жатыр. Ел халқының көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Бұл аймақтарда жұмыссыздық та басым. Жыл сайын еңбекке келетін жастардың саны да көп. Сондықтан, біз Жамбыл облысында химиялық өнеркәсіпті одан әрі дамытуға күш салатын боламыз. Өйткені, бұл өңірде фосфорит кен орны бар. Соның арқасында осындай зауыттардың салынуы өте қажет», – деді.
Облыс әкімдігінің 2015 жылдың 29 қаңтарындағы кезекті мәжілісінде өңіріміздің 2014 жылғы қаңтар мен желтоқсан айлары аралығындағы әлеуметтік және экономикалық дамуының қорытындысы қаралды. Облыстың жыл ішінде түрлі салаларда көрсеткен көрсеткіштері мен жіберген кемшіліктерін облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұрипа Нұржігітова баяндап берді. Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2014 жылдың тоғыз айында 655,3 миллиард теңгені құрап, 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға өскен. 2014 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының құрылыс пен инвестициядан басқа барлық салаларында өсім байқалыпты. Өнеркәсіп саласында өсім – 5,7, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 2,6, шағын және орта кәсіпкерлік өнімдері – 1,3, пайдалануға берілген тұрғын үй – 0,5, халықтың орташа ақшалай табысы – 6,9, салықтар және басқа да міндетті төлемдер –1,6, үш жас пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 3,1 пайызға артқан және қызмет көрсету саласында да көрсеткіштер ұлғайған.
Ал, 2015 жылдың 22 маусымында Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Әрине, ДСҰ-ға кіруіміз жалпы халық үшін тиімді екендігі анық. Өйткені, тауар бағасы едәуір арзандайды. Мәселен, Жамбыл облысы ДСҰ-ға мүшелікке бізден бұрын өткен Қырғыз елімен көрші орналасқандықтан, олардың және олардан да бұрын ДСҰ-ға өткен Қытайдың арзан азық-түлігі мен киім-кешегі біздің нарыққа қарай ағылары сөзсіз. Осы орайда көрші ағайындарымыздың ДСҰ-ға мүше бола отырып, тек Қытай тауарларына телмірмегеніне де мән беруге болады. Айтар болсақ, қырғыз экономикасының қомақты бөлігін құрап отырған жеңіл өнеркәсіп саласында – 200 мыңнан аса тігін шеберханасы тауар өндірушілер қатарында екендігін білдік. Ал, біздің елімізде көрсетіліп отырған кезеңде 800 мыңнан аса кіші және орта бизнесте 2,4 миллион қазақстандық жұмыс істеген екен. Осыншама зор еңбек ресурсын ары қарай дамыту «Ұлт жоспарында» нақтыланған еді. Яғни, отбасылық және орта бизнестің дамуына әртүрлі бюрократиялық кедергілердің алынып тасталынуы, кредиттеу мәселесі делдалдарсыз шешілуі және тағы басқа жақтары. 2016 жылдың 26 қаңтарында облыстық әкімдікте әлемдік дағдарыс кезеңінде өңірде өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Сол кездегі облыс әкімі осы орайда әлемдік экономикадағы теріс құбылыстар өндірістің даму қарқынына елеулі ықпал етіп, облыстағы «Қазфосфат» ЖШС, «ЦАСК» ЖШС-ның филиалы – Тараз қант зауыты, «Жамбылгипс» АҚ, «ЖЗМК «Имсталькон» ЖШС, «Запчасть» АҚ тағы басқалары секілді ірі кәсіпорындардың жұмысы қалыпты болмауына әкеліп соқтырғанымен, Мыңарал мен Хантау цемент зауыттары, «Алтыналмас» АҚ, Жамбыл ГРЭС-і, «Рола» ЖШС өздерінің өндіріс ауқымын едәуір ұлғайтқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жалғасын тапқан еді. Осылай, 2015 жылы жалпы сомасы 30,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 425 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал, 2016 жылы 66 миллиард теңгенің 12 жобасы аясында ашылған жаңа жұмыс орындарының саны 1378-ге жетіпті. Облыста 3952 кәсіпорын болса, оның 1721-інде ұжымдық келісімшарт жасалған. Өңірімізде 2015 жылы жергілікті үлесті дамыту мәселесі бойынша 42 миллиард теңге сомасында жасалған 513 келісімшарт негізінде жалпы құны 44,3 миллиард теңгені құрайтын 500 меморандумға қол қойылған екен. Бәрі нақты іс жүзінде асырылыпты.
2017 жылы облысымыздағы құрылыс саласы 101 пайызға орындалыпты. Ал, пәтер беру 126 пайызға артығымен орындалған. Аталған жылдың өзінде Астана күніне орай жамбылдық 800 отбасы баспаналы болды. Тұрғындар «Тұрғынүйқұрылысыжинақбанкі» арқылы және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы баспанаға қол жеткізді. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бар. Бұл пәтерлер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша берілді. Сондай-ақ, көрсетілген жылы қаламызда жер кезегінде 70 мың халық тұрған. Ал, облыс бойынша 90 мың халық жер кезегінде тұрыпты. Осы мәселелерді шешу мақсатында, 360 гектар жерге «Тараз сити» деген жаңа қалашық салу жоспарланып, оған 6,7 миллиард теңгеге газ, электр қуаты, ауыз су тартылды. Алғашқы үйлердің құрылысы басталып та кетті. 500-ге жуық азаматқа жер телімдері де берілді.
Қарастырылып отырған кезеңде Жамбыл облысында 451 мемлекеттік және жеке 2 мектеп болса, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы Меркі ауданында 600 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аталған бағдарлама шеңберінде жыл соңына дейін Тараз қаласында 1000 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Ал, бағдарламадан тыс 2 мектеп және орта мектепке жапсарлас спорт залын, акт залын, алты сынып бөлмелерін, асхана және қазандық құрылысын пайдалануға беру де қолға алынған еді. 2016 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 80,2 пайыз болған. Ол 2017 жылы 82 пайызға көтерілді. Облыста «Үш тілде білім беруді дамыту бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілді. Ал, жоғары сыныптарды ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу үшін 7 мектепте Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесі таратыла бастады.
Аталған жылдары денсаулық сақтау саласы бойынша да облыста біршама тірліктер атқарылды. Балаларды емдеу үшін 200 орындық облыстық және 200 орындық қалалық балалар ауруханасы салынды. Ауруханалар заманауи технологиялармен жұмыс істеп отыр. Бұрындары халық балаларын қарату үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларына, тіпті көрші Қырғыз Республикасына дейін баратын. Әрине, мұны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір артықшылық, Тараз қаласында кардиохирургиялық көмекті 3 медициналық мекеме көрсетеді. Оның біреуі мемлекеттік мекеме, яғни облыстық аурухана болса, қалған екеуі жекеменшік мекеме. Олар «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы мен кардиохирургиялық және трансплантология ғылыми клиникалық орталығы. Бұл мекемені елімізге белгілі азамат Сейітхан Жошыбаев басқарады. Бұрын денсаулығын түзеткісі келгендер, жүрегін емдету үшін еліміздің өзге облыстарына, не болмаса шетелдерге барушы еді. Енді көпшілігі Тараз қаласына келеді. Бұдан бөлек, 2015 жылы Тараз қаласында 300 төсектік көпбейінді аурухана және 200 төсектік облыстық перинаталдық орталық, Байзақ ауданында 60 төсектік туберкулезге қарсы аурухана және Жамбыл ауданында 100 келушіге арналған алғашқы медициналдық санитарлық көмек көрсету пункті пайдалануға берілді. 2016 жылы әрқайсысы ауысымына 250 келушіге арналған 2 емхана Меркі ауданы, Меркі ауылында және Талас ауданы, Қаратау қаласында ел игілігіне берілді. Байзақ және Сарысу аудандарында 2 дәрігерлік акушерлік пункт, Мойынқұм ауданында 5 келушіге арналған 1 медициналық пункт жұмысын бастады.
Елдігімізді, ерлігімізді паш еткен жағдай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындап, «Туған жер» бағдарламасы аясында Манарбек Ақайдаров деген азамат өз қаражаты есебінен 2 миллиард 600 теңгеге спорт нысанын салды. Ал, кезіңде КСРО аумағында бас жаттықтырушы болған, Шу қаласында туып-өскен, жерлесіміз Юрий Цхай 470 миллион теңгеге бокс сарайын салдырды. Ол жерде бокспен де, күреспен де айналысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, «ЕуроХим – Тыңайтқыштар» зауыты да дене шынықтыру кешенін салды. «Қазфосфат» ЖШС де спорт нысандары салынды. Халық ұғымында туған жер – қастерлі ұғым. Қоғам бүгінде алдымызға рухани жаңғыру арқылы туған жерге туымызды тігуді міндеттеп отыр. Ел арасында бұл міндетті жете түсініп, халық игілігіне жұмыс істеп жүрген азаматтар баршылық. Жоғарыдағы мысалдарға қоса осы орайда, Қордай ауданындағы Қайрат Молдасейітов деген бауырымыздың мешіт пен спорт зал салдырғанын айтсақ та болады.
Облысымызда 2017 жылы жол мәселесіне 8,2 миллиард теңге бөлінді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аяқталды. Өңірімізде жастардың кәсіптік білім алуына тиісті жағдай жасалып, 2018-2019 оқу жылына гранттар саны 5 мыңға жеткізілген. Ал, жұмысшы мамандықтардың гранты 49 пайыздан 66 пайызға артып, экономикалық, заңгер мамандықтары қысқартылыпты. Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөнінде заң қабылданды. Тиісінше, 2022 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы жылына 20-25 процентке дейін өсті.
2022 жылдың 4 наурызында Тараз қаласындағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Он аудан мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылған жәрмеңкеге жалпы құны 101,3 миллион теңгенің 169,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылса, оның 18,2 тоннасы жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 6,4 тонна сүт, 4,6 тонна балық, 4 тонна макарон, 4 тонна тұз, 3,5 тонна шұжық, 2,6 тонна бал, 2 тонна ұн, 0,5 тонна кондитерлік және 127 тонна жеміс-жидек, көкөніс өнімдері мен 6 мың дана жұмыртқа әкелінді. Нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағамен азық-түлік тауарын алушылар өте көп болды.
2024 жылдың 30 наурызында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың он үшінші сессиясында ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлері мен бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсіпқой спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бөлінген қаржыны тиімді пайдалану бойынша атқарылған жұмыстардың жайы қаралды. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдасбеков берген мәліметтер бойынша өңірде бұқаралық спортты дамыту, жоғары спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау мақсатында биыл облыстың спорт саласының ағымдағы шығындарына 14, 9 миллиард теңге, саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 120,3 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі кезде облысымыздың 53 спорт мекемесінде 29862 спортшыны 1122 жаттықтырушы жаттықтыруда. Бүгінде облыста спорттың 83 түрі қамтылып, 805 спортшымыз түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларына мүше болып отыр. Жиында сонымен қатар, Парижде өтетін жазғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына облыстың 5 спортшысы лицензия иеленгені де айтылды. Солардың бірі, әрине бірегейі деп айтсақ та болады – Елдос Сметовтың дзюдодан Олимпиада чемпионы атанып, еліміздің мерейін асқақтатқаны баршамызға қуаныш сыйлағаны белгілі.
2024 жылдың маусымында қала әкімі Бақытжан Орынбеков алтыншы аумақтық округ тұрғындарымен кездескен болатын. Оларға Тараз қаласын дамытуға арналған бас жоспарға сәйкес қалада болып жатқан оң өзгерістер жөнінде баяндалған еді. Бас жоспар үш кезеңге бөлінген: бастапқы жыл – 2022 жыл, бірінші кезең – 2029 жыл және болжамды кезең – 2040 жыл. Бұрынғы бас жоспар бойынша Тараз қаласының аумағы 18 787 гектар болса, жоспардың соңына дейінгі меже 30 542 гектарға жетеді. Қаланың әкімшілік шекарасына Байзақ ауданынан 1761 гектар, Жамбыл ауданынан 11258 гектар жерді қосу жоспарлануда. Қала аумағы Новоджамбулец пен Дорожник саяжайлары мен бау-бақша аумақтары есебінен бір жарым есеге ұлғаймақ. Тиісінше Тараз халқының саны 573 мың адамды құрамақ. Ал, биылғы 1 маусымдағы есеп бойынша жалпы облыс халқының саны 1223,5 мың адамды құраған.
Бағамдап қарасақ, Тәуелсіздік жылдары толағай табыстарымыз аз болмапты. Әрине, кемшіліктеріміздің де кездескенін жасырмаймыз. Көптеген кедергілер жаңа сападағы дамуымызға әлі де өзінің кері әсерін тигізуде. Дегенмен, қол қусырып қарап отырмағанымыз белгілі. Бүгінгі Қазақстан, бүгінгі 85 жылдық мерейтойын тойлап отырған облысымыз бабаларымыз аңсаған бақуат заманға әбден-ақ жақындады. Тек, осы жолда бірлігіміз жарасып, ортақ мақсатқа жету жолында аянбай, адал еңбек етуіміз шарт. Жаратушы Ием әрбір қадамымызды оңдап, барша халқымызға жақсылығын бергей!
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді