Сонымен қатар, биыл «Әулиеата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтылмақ. Демек, жуық арада Жамбыл жерінде қоныс тойын тойлаушылардың қатары арта түспек.
Жалпы, «үйің болмай – күйің болмас» дегенді пәтер азабы жанына батқан жандардың жете түсінетіні анық. Ал, пәтер жалдап тұрып, айдың соңында ақшасын төлей алмай жүргендер қаншама?! Бұл мәселе, әсіресе ауылдан қалаға арман қуып келген жастардың жүйкесіне салмақ түсіретіні айқын. Оның үстіне, қалтасындағы қаржысы жоқ талай қазақ бүгінде үйлі болуды армандап, соның жолында қам жасап әлек. Бірақ, оған бірінің қолы жеткенімен, кейбірі сеңдей соғылысып, сергелдеңге салынып жүр. Оған тұрмыстың төмендігі себеп болса, ал кейде сатылымдағы баспана бағасының қымбаттығы да кедергі келтіріп тұр.
Жасыратыны жоқ, кейінгі бірер аптада күзден бері «ұйықтап» жатқан нарық қайта оянды. Доллардың қымбаттауына байланысты, құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын уақытша тоқтатып қойған сыңайлы. Оның үстіне, геосаяси ахуал мен бюджет тапшылығынан баспана нарығына қатысты болжам да қырық құбылып тұр. 2022 жылға дейін баға тұрақты түрде өссе, 2023 жылдан бастап өзгермелі жағдайлармен, құбылмалыққа бейімделіп кетті.
Статистикаға жүгінсек, елімізде жыл басынан бері жүргізілген құрылыс жұмыстарының 14,3 пайызы тұрғын үйге тиесілі екен. Ал, пайдалануға берілгендерінің қатары өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға артқан. Бірақ, өсім бағаға әсер ете алмағандай. Ұлттық статистика бюросының мәліметінде бір жылда жаңа тұрғын үй бағасы орта есеппен алғанда 2,3 пайызға артқаны жөнінде баяндалған. Айталық, өзімізде өндірілетін құрылыс тауарлары толық циклді емес. Импорт басым, оның ішінде Ресей үлесі шектен шығып кеткен. Демек, бағаны тұрақтандыруға әсер ететін факторлар уақыт өткен сайын әлсіреп барады.
Осы себепті жақын болашақта шетелден келетін құрылыс материалдары құнының өсуіне байланысты Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, мемлекет әлеуметтік және несиелік тұрғын үйдің бағасын реттеуді жалғастырады. Ал, қалған тұрғын үй нарығы сұраныс пен ұсыныстың ықпалына ұшырайды. Құрылыс жұмыстарын цемент және арматура сияқты базалық құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз еткенімізбен, ішкі әрлеу импортқа тәуелді болып қалады. Бұл – баға тәуекелін тудыратын бірден-бір фактор.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та құрылысқа қажетті тауарлардың 70 пайызын өз күшімізбен шығаратынымызды мәлімдеді.
«Бірінші кезекте мемлекет әлеуметтік тұрғын үй бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Біз «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары мен әкімдік нарықтан сатып алатын жалға берілетін тұрғын үйдің бағасы туралы айтып отырмыз. Бұл жерде, әрине мемлекет бағаның жоғарғы шегін қатаң бақылайды. Біз өткен жылға қарағанда өзгерістер күтпейміз», – деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, ол жеке тұрғын үй нарығында нарықтық тетіктер жұмыс істейтінін де айтты. Алайда, Үкімет құрылыс материалдарын өзіміз өндіру бағаның өсуін шектеуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
«Нарықтық әсер отандық материалдар есебінен шектелуі мүмкін. Тағы да бұл – нарық, әрине ештеңені жоққа шығаруға болмайды. Нарықтың кейбір сегменттерінде өзгеріс болуы да мүмкін. Бұл жағдайда қандай да бір тікелей болжам жасау қиын», – дейді Қанат Шарлапаев.
Ал, құрылысшылар қауымдастығы төрағасы Виктор Микрюков құрылыс шығынын қымбаттаған доллар құнымен қайта есептеуден басқа жол жоқ екенін айтты. Сарапшының пікірінше, көптеген құрылыс компаниясы доллардың қымбаттауына дайын емес. Әдетте, құрылыс компаниялары халықаралық келісімшарттар жасасқан кезде валюта бағамы күрт 10 пайыздан жоғары көтерілген жағдайда құнды қайта қарауға шешім қабылдайды.
«Тек тәжірибелі компаниялар ғана тәуекелдерді хеджирлеумен айналысады. Бұлар көптен бері жұмыс істеп, дағдарыс құбылыстарымен бетпе-бет келген адамдар. Осылайша, құрылыс салушылардың көпшілігі мұндай күрт өзгерістерге дайын емес», – деп санайды ол.
Рас, дәл қазір құрылыс нарығында жиі құбылу байқалады. Естеріңізде болса, осыған ұқсас жағдай 2007 – 2008, 2014 – 2015 жылдары да болған еді. Сол кезде көптеген компаниялар жабылып, құрылыс салушылар өз нысандарының құрылысын қаржыландыра алмай, алданған үлескерлердің саны көп болған. Әйтсе де, қазір жағдай өзгерді.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пактың сөзіне сенсек, доллар бағамының жылжымайтын мүлік құнына әсер етуі уақытша жағдай. Оның айтуынша, Ипотекалық нарықта банк несиесінің мөлшерлемесі Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемесіне тәуелді. Себебі, нарықта құрылыс компаниялары тарапынан коммерциялық ұсыныстар пайда бола бастаған.
«Арада екі-үш ай өткенде баға бастапқы бағамына қайта оралады. Себебі, сатып алу мәмілелері төмендейді. Ал, құрылыс компаниялары үшін пәтердің сатылып, айналымдағы қаржы капиталының көбейгені тиімді. Тұрғын үй несиелеріндегі коммерциялық ипотеканың үлесі 30-32 пайыздан 42 пайызға дейін өсті. Демек, нарық сауыға бастады. Алдағы уақытта кез келген құбылмалылықты нарықтың өзі реттейді деген болжам бар. Мұндай жағдайда биыл және келесі жылы бастапқы тұрғын үй бағасына доллар емес, инфляция әсер етеді», – дейді А.Пак.
Қорыта айтқанда, тұрғын үй бағасы әлі де жоғары қалпында қалады, бағаның өсуі уақыт өте бірте-бірте тұрақтала бастауы мүмкін деп болжаймыз. Ал, баспана арзандайды деген болжамға әлі ерте. Себебі, еліміздегі тұрғын үй нарығы әлі де болса шетелден келетін құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен елімізде өндірілетін құрылыс материалдарының түрі мен көлемін көбейту жоспары қашан толықтай жүзеге асары белгісіз. Ол үшін белгілі бір уақыт керек әрі бюджет нақтылануға тиіс. Ал, жыл басынан бері баспана бағасы тек өсу динамикасын ғана көрсетіп тұр. Көңілге демеу болары, бағаның өсу көрсеткіші баяулай бастаған, бірақ одан баға төмендемейтіні айтпаса да түсінікті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тауар бағасы — нарық қозғаушысы
- 12 желтоқсан, 2024
Тариф саясаты тұрақты бақылауда
- 10 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді