Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық өсім 104,5 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,8, құрылыс жұмыстары – 22,6, тұрғын үй – 3,5, сауда – 2,5, көлік – 13,6, байланыс – 8,8 пайызға артқан.
– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Жолдауда Президент «Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды» деп атап өткендей, біздің облысымызда Шу ауданы мен Тараз қаласындағы арнаулы индустриалды аймақтарда стратегиялық маңызы жоғары ірі жобалар қолға алынуда. Кейбірінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Сондай- ақ, Мемлекет басшысы Жолдауында Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл салада да қолға алынған жұмыстар баршылық. Ал, өнеркәсіп саласына келетін болсақ, облыс экономикасындағы негізгі үлес өнеркәсіп өндірісіне тиесілі. Мәселен, биыл бұл салада өндірілген өнім көлемі 19 пайызға, ондағы өңдеу өнеркәсібі секторының үлесі – 65,4 пайызға артқан. Аймақтағы 891 кәсіпорынның 17-і ірі, 25-і орта, 849-ы шағын өндіріс ошақтары. Онда өңір халқының 46 мың азаматы жұмысқа тартылған. Ал, жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінде 727,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, – дейді облыс әкімі.
Президентіміз Жолдауында назар аударған химия және құрылыс индустриясында да даму қарқыны байқалады. Мәселен, аймақ басшысының айтуынша, облыста Қазақстанның жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24 пайызы өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар шығарады. Жалпы, аймақта 13 миллиард тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны шоғырланған. Жыл басынан бері бұл салада 212 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Ал, экспортқа шығарылған өнім облыстағы экспорт көлемінің 77 пайызын құрап отыр.
– Жамбыл облысының химия саласында жеткен жетістігі көп. Осы салада жұмыс істеп жатқан онға тарта өндіріс ошағы бар. Оның үстіне бұл салаға қажетті кен қоры да жеткілікті. Жалпы, 2030 жылға қарай тыңайтқыштардың премиум маркалары (суда еритін фосфор тыңайтқыштары) мен құндылығы жоғары өнімдерді (глифосат, тамақ өнімдері, тіс, фармацевтикалық, электронды бұйымдар, отқа төзімді материалдар) жылына 1 миллион тоннаға дейін өндіру жоспарлануда. Аталған жобалар аясында өңірге 1 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартыу көзделген, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңірдегі келесі перспективалық даму бағыты–құрылыс индустриясына тиесілі. Мұндағы өнім көлемі 48 миллиард теңгеге жетті. Облыстағы кәсіпорындар республика бойынша 87 пайыз гипс және 13 пайыз портландцемент өндіреді. Сондай-ақ, өңірде қуаты 50 миллион тоннадан асатын «Үлкен-Бұрылтау» гипсінің ірі кен орны бар. Онда жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны құрайтын «KORCEM» клинкер өндіру зауытын іске қосып, алдағы жылы жалпы цемент көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін зауыт жобасы қолға алынбақ.
–Құрылыс материалдарына сұраныстың өсуіне байланысты алдағы жылы «Alit Holding» компаниясы құрғақ құрылыс қоспалары өндірісін іске қоспақ ниетте. Оның жылдық қуаты – 150 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, «Кнауф Гипс Тараз» гипсокартон шығаратын зауыт жалпы қуаты 22 миллион шаршыметрді құрайтын нысанның құрылысын бастағалы отыр. Жобаларды іске асыру өнім ассортиментінің 12 түріне дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді (гипсокартон, құрғақ қоспалар, тілім-түйінді тақталар, құрылыс желімдері және т.б.). Сонымен қатар, 2025 жылы инвестиция тарту есебінен өнеркәсіп өнімі көлемін 7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімін 5,5 пайызға өсуін қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемін 200 миллион АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір экономикасын арттыруға бағытталған жобалар осымен тоқтап қалмайды. Басқа салаларда да жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Бастысы – барлығы да облыс экономикасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын ауыл
- 24 желтоқсан, 2024
Қала шетіндегі ауылдар игіліктен шет қалмайды
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді