«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Індеттің алдын алу маңызды

Індеттің алдын алу маңызды
Ашық дереккөз
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы бойынша халықаралық ұйымы (ЮНЭЙДС) аталған инфекцияның әлемде таралу жағдайы туралы есебін жариялады. Онда өткен жылы әлемде 39,9 миллион адам адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы індетін жұқтырғаны айтылған. Олардың ішінде адамның тапшылық вирусы инфекциясы-мен өмір сүретін 9,3 миллион адам әлі де қажетті антиретровирустық терапияны (АРТ) ала алмайтыны жөнінде мәліметтер бар.

Халықаралық сарапшылар қазіргі уақытта вирусты жеңуге кедергі болып отырған негізгі проблемаларға – індетті жұқтырғандардың құқықтарының бұзылуына, олардың қоғамдағы кемсітуіне, гендерлік зорлық-зомбылыққа, диагностика мен қажетті көмекке қолжетімділіктің болмауына назар аударуда. Дегенмен, жағымды жайлар да аз емес. 2024 жылы әлемде АИТВ-ға қарсы жаңа вакцина пайда болды. Ол зерттеу сатысында алдын ала әсер ету кезінде инфекциядан 100 пайыз қорғаныс деңгейін көрсетті. Мұнымен қоса, соңғы жиырма жыл ішінде әлемде ЖИТС-қа қатысты жағдай айтарлықтай өзгерді. Вирусты тасымалдаушылардың саны артып келе жатқанымен, жұқтыру деңгейі төмендеді. Өткен жылы әлемде 1,3 миллион жаңа жағдай тіркелсе, 2000 жылы олардың саны 2,8 миллион болған. Антиретровирустық терапия алатындар саны 60 есеге – 500 мыңнан 30,7 миллион адамға дейін өскен. Бұл ауруды жұқтырғандардың 23 пайызы әлі де арнайы емделмегенімен, жетістік деп саналады.

Ал, Қазақстанда ЖИТС індетінің таралуы әлемдік деңгеймен салыстырғанда төмен деңгейде болғанымен, кейбір сын-қатерлер баршылық. Өткен жылы осы дертке шалдыққандардың саны шамамен 30 мың адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 0,25 пайызын құрайды. Жұқтыру жағдайларына негізінен жыныстық қатынас және инъекциялық есірткі қолдану себеп болған.

Қазақстанда АИТВ жұқтырғандарды емдеу тегін, антиретровирустық терапия кең таралған және оны 68 пайыздан астам науқас алады. Сонымен қатар, қуантарлығы АИТВ-ның вертикальды (анадан балаға) таралуы 1 пайызға дейін төмендеді. Елде АИТВ-ны ерікті тестілеу, ақпараттық-ағарту жұмыстары және халықтың негізгі топтарына контрацептивтер мен қауіпсіздік құралдарын тарату секілді шаралар қарқынды жүзеге асырылуда.

Назар аударатын жайттар да баршылық. Дертпен қарқынды күресуге АИТВ туралы ақпараттандыру деңгейінің төмендігі және стигматизация негізгі кедергі болып отыр. Әсіресе, жастар мен қауіпті топтар арасында ақпараттық науқандарды күшейту қажеттілігі бар. Бұл саладағы жағдайды жақсарту үшін қоғамның әрбір мүшесіне ақпаратты дұрыс таратуы және салауатты өмір салтын насихаттауы маңызды.

Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мәліметі бойынша, өткен жылы ВИЧ індетін жұқтырған қазақстандықтардың саны 40 мың адамды құраған.

Бұл болжам ғана, өйткені АИТВ жұқтырған адамдар тексерілмей немесе инфекция туралы білмей де өмір сүреді. UNAIDS деректері бойынша әлемде өткен жылы өз диагнозы туралы білмейтін, вирус жұқтырғандардың үлесі АИТВ жұқтырғандардың жалпы санының 14 пайызын құрады. Қазақстанда бұл көрсеткіш сәл жоғары, 18 пайызды құрап отыр. Үш жыл бұрын Қазақстан вирустың таралуын толығымен тоқтатуға бағытталған UNAIDS-тің саяси декларациясына қосылды. Декларацияның мақсаттарының бірі – «95-95-95» формуласымен көрсетілген.

Бұл ауруды жұқтырғандардың 95 пайызы өз жағдайын білуі керек (Қазақстан Республикасында бүгінгі күні – 82 пайыз), оның 95 пайызы АРТ алуы керек (Қазақстан Республикасында – 88 пайыз), оның 95 пайызы қайта анықталмайтын болуы керек дегенді білдіреді.

АИТВ жұқтырған 40 мың қазақстандықтың болжамды санынан 29,9 мыңға жуық азамат диагнозы туралы хабардар және диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде 302 кәмелетке толмаған бала бар. Бұл 2024 жылдың басындағы деректер. 2016 жылдың деректерімен салыстырғанда осы бірнеше жылда ВИЧ індетін жұқтырғандар саны 85 пайызға артқан. Диагнозын білетін және антиретровирустық ем қабылдаған АИТВ жұқтырғандардың үлесі де айтарлықтай өсті. Салыстыру үшін: сонау 2016 жылы мұндай қазақстандықтар небәрі 8 мың болса, 2023 жылы 28,9 мың адам болған. АРТ көмегімен вирусты бақылауға алған АИТВ жұқтырған адамдардың үлесі де айтарлықтай өзгерді. 2016 жылы ем қабылдаған және анықталмайтын вирустық жүктемесі бар қазақстандықтардың үлесі 59 пайызды құраған еді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 90 пайызға жеткен. Мұндай науқстарды емделді деуге келмейді. Өйткені, АИТВ олардың ағзасында әлі де бар, бірақ оның адамның иммундық жүйесіне әсері азаяды.

ЖИТС адам ағзасы үшін өте қауіпті. Себебі, ол иммундық жүйені толықтай әлсіретіп, ағзаны ауруларға қарсы тұра алмайтын дәрежеге жеткізеді. СПИД-тің қорқынышты аспектілері мынада: Иммунитеттің толықтай әлсіреуі: СПИД кезінде ағза қарапайым инфекциялар мен ауруларға қарсы тұра алмайды. Қатерлі инфекциялар (пневмония, туберкулез), қатерлі ісіктер (саркома, лимфома) көбіне өлімге алып келеді. СПИД-ті толықтай емдейтін терапия жоқ. Қазіргі антиретровирустық терапия (АРТ) вирус белсенділігін басып, өмір сапасын жақсартады, бірақ оны толықтай жоймайды. Жұқтыру жолдары көбіне қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде, ананың баласына жүктілік кезінде немесе емізу арқылы таралады. Бұл ауруды тоқтату үшін білім мен алдын алу шараларының деңгейі жеткіліксіз. СПИД-пен өмір сүретін адамдар айыптауға жиі тап болады, бұл олардың емделуіне, жұмысқа орналасуына және психологиялық денсаулығына теріс әсер етеді. Мұның салдарынан олар қоғамнан түбегейлі оқшаулануды әдетке айналдырады. Тағы бір қиын да күрделі тұсы, ЖИТС халық арасында еңбекке қабілетті жастағы адамдарды жиі зақымдайды. Бұл елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайына да ықпал етеді.

Алдын алу шараларының маңыздылығы мен халықтың ақпараттануын арттыру арқылы бұл қауіптің алдын алуға болады. Ауруды ерте анықтау және антиретровирустық терапия қабылдау өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға көмектеседі.

Қазақстанда СПИД мәселесіне қатысты ең ауыр және резонансты оқиғалардың бірі, 2006 жылы Шымкент қаласында орын алды. Оңтүстік Қазақстан облысында 149 балаға аурухана жағдайында ВИЧ инфекциясы жұққан. Бұл оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып, медицина саласындағы кемшіліктерді әшкерелеп берді. Бұл балалардың бір бөлігі инфекцияның асқынған кезеңі – СПИД-ке өтсе, кейбірі өмірден озып кетті. Бұл жағдай дәрі-дәрмек сапасының төмендігі мен денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылаудың әлсіздігінен туындаған деген пікірлер бар. Сол кездегі тергеу нәтижесінде медицина қызметкерлерінің жауапсыздығы анықталып, бірнеше дәрігер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл оқиға қоғамды СПИД мәселесіне назар аудартып, сонымен бірге медициналық стандарттарды күшейтуге итермеледі. Алайда, бұл резонансты жағдайдан кейін де Қазақстанда ВИЧ/ СПИД жұқтыру деректері көбеймесе, азайған жоқ. Әсіресе, осал топтар – нашақорлар мен жыныстық қызмет көрсетушілер арасында жұқтыру көрсеткіші жоғары. Елдің бірнеше аймағында, оның ішінде Қарағанды, Павлодар, Шымкент, және Алматыда аталған аурудың кең таралуы байқалды.

Жамбыл облысында ЖИТС бойынша жағдай Қазақст анның орт аша көрс еткіштерімен салыстырмалы деңгейде. Нақтылай айтқанда, биылғы 10 айда 93 жағдай анықталған. Ең көп 46 жағдай Тараз қаласында тіркелген. Содан кейін Шу ауданында 10 және Қордай ауданында 7 жағдай. Облыста инфекцияның таралуын болдырмау және алдын алу мақсатында белсенді шаралар қабылдануда. 2024 жылғы деректерге сәйкес, аймақта ВИЧ-инфекцияны анықтау және алдын алу бойынша тестілеу жұмыстарының көлемі артқан. Қауіпті топтарға, оның ішінде есірткі тұтынушылар, жыныстық қызмет көрсетушілер және ерлер арасындағы жыныстық қатынасқа түсетін адамдарға назар аударылуда. Сонымен қатар, антиретровирустық терапияны қолдану деңгейі артқан, бұл инфекцияның таралу қарқынын тежеуге мүмкіндік береді.

Жамбыл облысында эпидемияның таралу қаупі көбінесе халықтың төмен хабардарлығы мен стигматизация мәселелеріне байланысты. Сондықтан жергілікті билік пен денсаулық сақтау мекемелері ақпараттық науқандар мен тегін тестілеу бағдарламаларын жиі ұйымдастырады.

Қазақстандық заңнамаға сәйкес адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Қылмыстық кодекске сәйкес, басқа адамға ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қазақстанда жыл сайын АИТВ-ны қасақана жұқтыру жағдайлары тіркеліп отырады. Бұдан көбінесе әйелдер зардап шегеді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде осындай 8 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бес жағдайда әйелдер иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырса, 2 жағдайда кәмелетке толмаған балалардың ЖИТС-ке шалдыққаны анықталған.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар