Орта Азияда орналасқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстанды Азияның солтүстігіндегі мекендермен байланыстыру, сондай-ақ осы жергілікті өнеркәсіп орындарының шығаратын бұйымдарын және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға дер кезінде тасымалдайтын тек теміржол саласы еді. Басқа тасымалдау әдістері ол кезеңде дамымаған болатын.
Орталық Азиядан Жетісу және Сібірді байланыстыратын теміржол желісін салу идеясы 1886 жылы Ресей патшалығына келеді. 1896 жылы 15 қазанда Верныйда (қазіргі Алматы қаласының қалалық думасы) комиссия құру туралы шешім қабылдайды. Құрылған комиссия шешімінде жан-жақты зерделеніп, сол кезеңдегі геосаясатты ұйғара отырып салынатын теміржол Қытаймен шекаралас аймаққа жақын салыну керек болады. Оның себебі, Ресей әскерлерін тасымалдау арқылы мемлекеттігін нығайта алатындығын көрсетеді.
Ресей мемлекетінің Министрлік аралық комитеті 1906 жылы Барнаул-Семей-Верный-Луговой-Арыс желісін салуға қаражат бөлу туралы қаулы шығарды. 1907 жылы Арыс станциясынан Іле өзеніне дейін, яғни оңтүстіктен шығысқа қарай теміржол желісін жобалау тобын инженер Голембиовский басқарса, ал солтүстіктегі Барнаул жағынан Ілеге қарай инженер Э.Глезер тобы жүргізеді деген шешім қабылдайды.
1907 жылы теміржол желісі салынатын жерді анықтау бағытында зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. Оңтүстіктегі Арыс станциясынан Іле өзеніне дейін желіні қай мекендерден өтетіндігін іздестіру жұмыстарын Голембиовский инженер тобына қазақтан шыққан жоғары білімді теміржол маманы Мұхамеджан Тынышбаев кірді, ал солтүстіктегі Барнаул жағын Э.Глезер инженер тобы жүргізді. Сонымен қатар, Барнаул-Арыс теміржолының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін талдауды белгілі ғалым, экономист-статист П.Струве бастаған арнайы топ жүргізеді. 1909 жылы арнайы құрылған үш топтың Түркістан-Сібір жолының ауданын зерттеу жөніндегі еңбектері аралас министрліктерде көрініс тапты. Осы жылдары инженер Г.Адриановтың басшылығымен ТрансСібірден Семей қаласына жалғау желісінің бірнеше нұсқаларына зерттеулер жүргізілді.
1920 жылы теміржол құрылысы Бурныйдан Әулиеатаға дейін салынады. Содан кейін Әулиеата-Луговой-Бішкек желісінің құрылысын бастайды. Теміржол құрылысына желі бойындағы ауылдардағы тұрғындар қатысады, құрылыс материалдарын тасымалдауға атты, өгізді, түйелі арбалар тартылды. Әулиеата-Луговой-Бішкек желісін салуға қатысқан Сарқұл Құланов кейін Еңбек Ері атанды. Ағайынды Қалмет пен Момыналы Найманханов, Жаңабай Ерназарұлы, тағы көптеген озаттар қатысты. 1924 жылы теміржол қолданысқа уақытша беріледі. Әулиеатадан шыққан бірінші пойызда ерекше жолаушылар еді, олар Бішкекке 8 тамызда келді. Құрамның алдындағы паровоздың маркасы Э-1441, осыған байланысты жергілікті тұрғындар салтанатты шаралар ұйымдастырды. Әулиеата-Луговой-Бішкек араларында тұрақты жолаушы мен жүк таситын пойыздар жүретін болды, кейін ол Арыс станциясына дейін ұзартылды.
Желімен бірге Луговой станциясында теміржолға тән инфрақұрылымдар, паровоз депосы, отын-май қоймалары, су сору-тазарту және тарату бөлімдері, телефон-телеграф станциялары, әкімшілік-тұрғын ғимараттары және басқа да керекті нысандар салына бастады.
1925-1926 жылдары Орта Азияда суармалы алқаптағы барлық дақылдардың тек 19,6 пайызы мақтаға, ал 66,4 пайызы бидай мен күрішке тиесілі болды. Бұл арақатынас негізінен әкелінетін астықты жеткізу мөлшерінің өсуіне байланысты болды. Орталық Азияға негізінде бидай өнімдерін Солтүстік Кавказдан және Украинадан тасымалдайтын. Азық-түлік және жүктер таситын аймақтар бір-бірінен едәуір қашықта болғандықтан, «Түрксіб» теміржолын салудың маңыздылығы арта түсті.
1926 жылы 3 желтоқсанда КСРО-ның Еңбек және Қорғаныс кеңесі осы Луговой-Семей теміржолының құрылысын салу туралы шешім қабылдады. Осылайша, маңыздылығы бойынша бірдей Түрксіб пен Днепрогэстің бірінші бесжылдығындағы екі ірі құрылыс бағдарламасы болды. Жаңа теміржол магистралін салудың басты мақсаты Сібір мен Орта Азияны тұрақты көлік байланысымен қамтамасыз ету болды. Бұл Орта Азия республикаларын, Сібір тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Сол кездегі Қазақстан мен Орта Азиядағы республикалардың артта қалған аудандарының экономикалық және мәдени дамуына ықпалын тигізді.
Теміржол құрылысының бастығы болып Владимир Шатов тағайындалды. Ол істі кадрларды іріктеуден және құрылыстың негізгі бөлімшелерін құрудан бастады. Зерттеу материалдарымен танысу кезінде желіге елеулі түзетулер қажет екенін көрсетті. Сондықтан, Түрксіб басқармасы мен оны ұйымдастыруға Халық комиссарлар қатынас жолдары (ХКҚЖ) шешімімен «түпкілікті ізденістер, құрылыс жобасын жасау және жол салуды жүзеге асыру» өндірісі жүктелді, осылайша желіні оңтайландыру, жобалау және салу жөніндегі барлық жұмыстар құрылысшылардың қолына шоғырландырылды.
Зерттеу жұмыстарына теміржол құрылысшыларымен қатар КСРО Ғылым академиясының ғалымдары қатысты. Олар болашақ магистраль бойынша егжей-тегжейлі геологиялық, гидрогеологиялық және сейсмикалық зерттеулер жүргізді, бұл құрылысшыларға айтарлықтай көмек көрсетті. Зерттеу нәтижесінде Түрксібтің 1445 километрі, Семей – Аягөз – Ақтоғай – Алматы – Шоқпар – Шу – Луговой бағыты анықталды. Теміржол құрылысының тәжірибесінде алғаш рет магистраль құрылысы алдын ала жасалған жоспар бойынша жүргізілді. Жұмыстар бір уақытта солтүстік пен оңтүстіктен бір-біріне қарай Семей мен Луговойдан басталды. Солтүстік және Оңтүстік екі құрылыс басқармасы құрылды, олардың барлығы қашықтыққа бөлінді.
Түркістан-Сібір магистралі салынатын жылы қазақ халқының көрнекті өкілі Тұрар Рысқұлов РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқаратын. Оған Ресей Халық Комиссарлары кеңесі жанындағы Түркістан-Сібір теміржолын салуға жәрдемдесу комитетін басқару тапсырылды. 1927 жылы Түрксіб жолының барлау жұмыстары аяқталып, 1928 жылы көктемде теміржол құрылысын бастауға шешім қабылданады.
1927 жылдың көктемінен бастап магистраль құрылысына дайындық жүргізілді. Бастапқыда осы құрылысқа келетін жұмысшыларды қабылдауға, тұрғын үй, шеберханалар, қоймалар мен базалар салуға дайындық жұмыстарын жүргізді. Сол кезде М.Тынышбаев құрылыстан ешқандай хабары жоқ жергілікті қазақ азаматтарына арналған курстар ашады. Ауыл балаларына теміржол құрылысының қыр-сырын үйрете бастайды. Сол кезде 50-ге жуық қазақ баласы білім алады. М. Тынышбаев оларға арнап әдістеме кітап жазады.
Түрксіб құрылысын екі жақтан бастау туралы шешім қабылданды: 1927 жылы 15 шілдеде солтүстіктен, Семей қаласынан алғашқы рельстер төселеді, ал 1927 жылы 2 қарашада оңтүстіктегі Луговой станциясында рельстерді төсеу басталды. Жол құрылысында 50 мыңға жуық адам еңбек етті.
1927 жылы 21 қарашада Луговой станциясында ұлы құрылыстың ресми ашылуы өтті. Осы оқиғаға арналған шарада Т.Рысқұлов, В.Шатов және республика басшылары сөз сөйледі.
1928 жылы Түрксібке шетелден сатып алынған 17 шынжыр табанды эксковатор, тар табанды тепловоздар, аударылатын вагонеткалар, самосвал-автомобильдер, жылжымалы компрессорлар, перфораторлар, тағы басқа құрал-жабдықтар құрылысты қарқынды жүргізуге себебін тигізді. Түрксіб құрылысында импорттық (негізінен американдық) өндіріс техникалары қолданылды.
Жолды төсеу қолмен жүргізілгенімен, оның қарқыны өте жоғары болды. Орташа алғанда, ол тәулігіне шамамен 1,5 километр, ал кейбір күндері 4 километр төселді. Негізгі жолдың жылдық төсеу көлемі солтүстікте болды: 1927 жылы 150 километр, 1928 жылы – 187 километр, 1929 жылы – 343 километр, 1930 жылы – 120 километр; оңтүстікте сәйкесінше 5, 202, 350, 85 километр. Солтүстікте жер төсемі мен жасанды құрылыс материалдары дайын болғандықтан, бастапқы кезеңде жолдың бойымен салынған жол тұрақты жерге ауыстырылды. Құрылыс басталғанда тиеу-түсіру жұмыстары қолмен жасалды, кейін крандар қолданатын болды.
1930 жылы 25 сәуірде Түрксіб магистралінің соңғы рельсі төселді. Сол күні бүкіл магистраль бойынша алғашқы жұмыс пойызы іске қосылды, паровозының маркасы – Э-1441. Пойызды жүргізуші – бұрынғы шопан, машинист Қошқынбаев – осы магистральдағы бірінші машинист. Бірнеше күннен кейін Айнабұлақ станциясында мерекені атап өтті. Оған КСРО, Орта Азия республикалары мен Қазақстан өкіметінің өкілдері, кеңестік және шетелдік журналистер, магистраль құрылысшылары және жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары келді. Айнабұлақ учаскесінің бастығы Д.Бизюкин, В.Шатовқа «күміс» буынды төсеуге дайындық туралы хабарлайды. Түрксіб теміржолының пайдалануға берілгені туралы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы жарияланды.
Түрксіб желісі арқылы жүретін пойыздың жұмыс қозғалысы 1930 жылы 1 мамырда ашылды. Осы кезден Луговой станциясы үш теміржолдың торабына айналды. Жол 1930 жылдың 31 желтоқсанында тұрақты пайдалануға қабылданды. Алғашқы айларда Түрксіб бойынша тәулігіне бес жұп пойыз жүрді. Осы жылдардан бастап Луговой станциясының төңірегінде пойызды өткізу қабілетін жоғарылату үшін Құмарық, Малдыбай, Ақыртөбе, Жыланды, Қорағаты, Татия, Мөнкеде станциялар мен разъездер салына бастады.
1930 жылдан бастап Луговой станциясы үлкен құрылыс алаңына айналды. Теміржолдың ерекшелігі – тәулік бойы магистралды тоқтаусыз жұмысқа қабілетте ұстап тұру. Технологиялық үрдіске керекті ғимараттар бас көтере бастады, паровоз депосы және вагондарға техникалық қызмет көрсету станциясы, жұмысшылар мен қызметкерлерге үйлер салына бастады. Вокзалмен біріктіріп әкімшілік ғимараты салынды. Әлеуметтік нысандар, екі қабатты балалар бақшасы, 1936 жылы №33 теміржол орта мектебі есігін ашты, сонымен қатар аурухана, асхана, дүкендер, монша, клуб, тағы басқа да ғимараттар бой көтерді. Станцияда тұрақты түрде құрылыс басқармасы жұмыс істейтін болды.
Луговой станциясының төңірегіндегі разъездерде, станцияларда халық саны өсті, сонымен бірге теміржол маңындағы ауылдар да егін, мал шаруашылығына ықпалын тигізді. Әсіресе, астық, тамақ өнімдері мен ауыл шаруашылығына арналған техникалар тасымалданды.
Жоғарғы Совет Президиумының 1938 жылғы 4 наурыздағы қаулысы бойынша Меркі ауданынан бөлініп, Луговой ауданы құрылды. Осы кезеңдерде астық қабылдау мекемесі ашылды.
Майданға көмектесу үшін теміржол бойында жаппай шаралар өтті. Бұл туралы «Түрксіб» газеті былай деп жазды: «Луговой стансасындағы теміржолшылардың әйелдері қызыл әскерлерге арналған жылы киімдерді тұрақты түрде жинайтынын жариялады. Әйелдер ас ұйымдастырды, өтіп бара жатқан сарбаздарға үйде дайындалған асын вокзалдағы арнайы орынға жеткізіп тұрды. Түрксіб тұрғындары майданның мұқтажына жеке шаруашылығынан бөліп беретін.
Еңбек жолын соғыс кезінде бастаған, станциядағы теміржол кассасында билет сататын Қатыш Атыханова зейнетке шыққанша бір орында міндетін абыроймен атқарды. Соғыс жылдары теміржол жұмысшыларына арнайы брон тағайындалатын, Таңсық Сванов және ағайынды Абдала Төлепбергенов зейнетке шыққанша станциядағы теміржолда рельсті ашып-жауып тұратын жұмысшы, ал інісі Жұмабай Төлепбергенов машинист болып және сол секілді жергілікті тұрғындардың дені теміржол мекемелерінде жұмыс істейтін.
Луговой станциясынан Ұлы Отан соғысына қатысқандар және ауылға оралғандар, оның ішінде Финляндия соғысына қатысқандар да болды.
1941 жылдың күз айларында Фрунзе қаласына Одессадағы авиациялық ұшқыштар мектебі эвакуацияланған. Осыған байланысты Луговой кентінде 64207 әскери бөлімше ашу туралы Кеңес одағы Қорғаныс министрлігінің бұйрығы бойынша, Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі ұшқыштар мектебінің қайта құрылуымен курсанттардың оқу-ұшу дайындығы басталды.
Луговой кентіндегі 64207 әскери бөлімше 1956 жылы шет елдермен достық байланысты дамыту үшін ұшқыштарды даярлауға бағытталды, ал 1959 жылы авиациялық кадрларды даярлау және жетілдіру бойынша 5-ші Орталық курс болып қайта құрылды. 1957 жылдан 1992 жылға дейін училищеде және курстарда 54 елден 110 авиациялық мамандық бойынша 21682 адам даярланды. Мектептің көптеген түлектері кейіннен белгілі саяси қайраткерлер мен әскери жетекшілерге айналды.
Бір ғасырлық кезеңде станция 3 рет техникалық революциядан өтті. Бірінші кезең теміржолдағы пойыздың жолын толық автоматпен басқару, ол кезең 1959-1962 жылдары еді. Екінші кезең бірінші кезеңмен тұспа-тұс келді, қолданыста болған сериясы «СО», «ФД», «ЛД» паровоздарды тепловоздарға айырбастау. Бастапқы кезеңде тепловоздың сериясы ТЭ-1 және ТЭ-3 пайдаланылса, 1969 жылдан бастап қуаты жоғары 2ТЭ10Л тепловоздарға айырбасталды. Ал, үшінші кезең 1991-1994 жылдары Шу-Луговой-Жамбыл станцияаралық теміржол желісін электрофикацияландыру толығымен аяқталды, осыған байланысты электровоз заманауи талапқа сәйкес ауыстырылды.
Ермек ТӨЛЕНОВ.
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді