«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегі еленген Есет ақын

Еңбегі еленген Есет ақын
Ашық дереккөз
Әріптесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалыны көпшілікке таныстырып жату артық болар. Оны Жамбыл өңірінің тұрғындары айтыскер ақын, қаламы қарымды журналист, ақ көңіл азамат ретінде жақсы таниды. Тіпті оның кейбір бала мінез, шынайы пейілі, дархан көңілі мен тауып айтқан айтқыштығы бірқатар жерлес қаламгерлердің шығармаларына арқау болған жайы бар.

Бүгінде болмысы бөлек, танымал айтыскер, ақын-журналист, бірнеше кітаптың авторы, оннан аса шәкірт тәрбиелеген Есет Жаңабайұлының еңбегі ескерусіз емес. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарына, республикалық мерекелік медальдарға, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болса, енді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып отыр.

Ақпарат саласында жүріп, «Мәдениет саласының үздігі» атану әрбір журналиске бұйыра бермейтін мүмкіндік. Бұл оның еңбегі үшін берілген бірден-бір лайықты баға, лайықты құрмет. Бұл марапатты әріптесіміз елордамыз Астана қаласындағы Amanat партиясы ғимаратында өткен партияның орталық аппараты, салалық министрлік, айтыс ақындары, жыршы- термешілер одағы бірлесіп ұйымдастырған «Руханият – ұлттың мәйегі» атты айтыс ақындары және жыршы-термешілермен кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай мен Amanat партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің қолынан салтанатты жағдайда алды.

Тағы бір атап өтерлігі, осы марапат алаңында шулық айтыскер, мәдениет саласының қызметкері Бақытбек Жұмабеков Мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Осы ретте әріптесіміз Есет Досалыны лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіне табыс, деніне саулық тілейміз!

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар