– Аға, бір сұхбатыңызда Асқар Тоқпанов туралы, ол кісінің сізді Аса орта мектебінің директоры Ерімбет Қонақбаев арқылы тауып алғанын айтасыз. Әңгімемізді осы тұстан бастасақ. Тоқпанов неге іздеп жүр сонда? Көзіне түсіп үлгеріп пе едіңіз?
– Өмірде, бір нәрсеге бір нәрсе сеп болады ғой... Аса орта мектебін өте жақсы бітірдім. Екі тілдегі сыныптар болды. Қатар оқыдық, аты шулы «66» жылы түлеп ұштық. Аты шулы дейтінім, 11 жылдық оқу мерзімі бізбен аяқталған. 10-11сыныптар қатар аттестат алып, жоғарғы оқу орындарына жамырап барып, оқуға түсу конкурсы өте жоғары болды емес пе... Сол жылы тамыр- таныстық, жең ұшынан жалғасу да шарықтау шегіне жетті. Арманымыз аспанда болды десек те артық емес, көбіміз Мәскеудегі институттарға баруға ниетті едік, алайда өмір көрген үлкендер «тауларың қайтып қалар, біздің жұртқа олардың есіктері айқара ашық емес қой» деп шылбырымызды тартқызған. Менің ойым Бауман атындағы жоғарғы техникалық училище болатын. Ал ішіміздегі жүрек жұтқанымыз Нышанбек еді, Мәскеудің энергетика институтына барып, түсе алмай қайтқан. Мен амал жоқ, өз Алматымыздың халық шаруашылығы институтын таңдадым. Ол кезде экономика мамандығы тапшы еді, онша қаламасам да, тәуекел деп, сонда тарттым. Мектептің таңдаулы «үш мушкетері», Айнабек, Исатай бірге дайындалып, Алматының әртүрлі оқу орнына барып бақ сынадық. Ортамыздан жалғыз Исатай Құлманбетовтың ғана Алматыға жолы болып, медицина институтына түсті. Айнабек те сол институтты қа лап еді, қабылдау емтиханы кезінде қатты сырқаттанып, елге қайтқан. Оспан сыныптасымыз, ақырын жүріп анық басып, Тараздың технология институтының есігін ашқан. Ал мен сол кездегі «блаттың» құрбаны болып, бір балл жетпей, конкурстан өтпей қалдым. Өзімнен де бар, шамама қарамай ең бір қиын бөліміне ниет қылыппын. Бір орынға жиырмамыз таласыппыз. Салым суға кетіп, елге қайттым. Мектепті өте жақсы бітірсек те, аттан құлағандай күй кештік. Өртеп бара жатқан намыс бар, соның дүмпуімен аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа кіріп, Елқаттағанға, құм қуалап қойшылар арасына қаңғып кеттім. Кітап кеміріп, өлең жаза бастадым. Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетіне қойшылар өмірі жайлы біраз мақалаларым, тіпті алғашқы өлеңдерім шыға бастаған. Содан бір жыл бойы физика мен математикаға шұқшиып, қайта дайындалып, Алматыны төбемнің шұқыры көрмесін дедім де, «жақыннан дорбалап» өз қаламызда жаңадан ашылып жатқан гидромелиоративтік құрылыс институтына түстім. Тура сол жылдары облыстық театрға көркемдік жетекші болып Асқар Тоқпанов ақсақал қызметке келген екен, М.Әуезовтың «Абай» қойылымына дайындық үстінде жүргенде, мектебіміздің директоры Ерімбет Қонақбаевпен кездесіп қалса керек. Асекең өте әңгімешіл, асқан білімдар кісі еді ғой. Сөз арасында, қазақ балаларының өнерге келуі кемшін, бәрі дерлік техникалық, экономикалық мамандыққа барады деген базына айтқан ғой. Сол кезде Ерімбет ағамның ойына мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған мен түсіппін. Асекең жат та жабысып, көрсет ол баланы маған дейді. Ерімбет аға театрға қарама қарсыдағы институттың ғимаратына кіріп, Долженко деген деканыма жолығып, мені тауып беруді сұрайды. Жаздық емтиханға, қазіргі Бәйдібек бабаның ескерткіші тұрған алаңда «сопроматтан» конспект жаттап, дайындалып отырған мені тауып алады. Солай болған. Әйтпесе, оған дейін Асекең өмірі естіген де, көрген де адамым емес еді.
– Теміржолшының баласы екеніңізді білеміз. Әлі де қара шаңырағыңыз теміржолдың бойында. Ғажабы мен азабы мол өнерге, театрға қалай келіп жүрсіз?
– Ес білгеннен актер болу арманым еді деп, жаңсақ сөйлемей-ақ қояйын. Рас, мұртымыз тебіндеп, қыз-қырқынға көзіміз түсіп қызығар жасқа келгенде, ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесінде шатпақтап, Радж Капурға еліктеп, сахнаға шықтық. Домбыра тартып ән айтуды, кітап оқуды, ұрланып өлең жазуды ермек қылдық. Бұл кейіндері... Жалпы, теміржолшылар үш-төрт жанұядан тұратын Мойынты-Шу теміржол құрылысының бойына орналасқан шағын разъезде жұмыс істейді, білетін шығарсыз. Оның үстіне бастықтары басқа ұлттан болатыны белгілі. Негізі жас жұмысшылар, бала-шағалары біреу-екеу ғана. Менің сүндетке жаңа отырған ойын баласы кезім. Үйде қалатын атам мен әжемнің қасында болдым, көбіне жалғыз жүретін едім. Әкем Қадыр Тәшкенде арнайы теміржол құрылысының оқуын бітірген маман болатын. Жол бойының құрылысының екінші бастығы, яғни бригадир еді. Ол кездері теміржолшы мамандары бағасы артық адамдар сияқты еді. Үстеріне киетін киімдері де әскерилерге жақын, кәдімгідей погондары да болатын. Айына бір-екі рет разъезімізге вагон-клуб, вагон-лавка келеді. Кино көріп, азық-түлік алып мәз боп қалатынбыз. Алғашқы көрген кином сол вагон-клубтың тар бөлмесінде болған. Әкеме атам мен әжем күнара «Рүстем- Дастан», «Мың бір түн», «Дариға қыз» деген дастандарды өлеңдетіп оқытатын. Анда-санда үйімізге жыршылар келіп, май шамның жарығымен таң атқанша жыр-ертегілер айтылатын. Әкем сол жырлардың біразын шұқшиып отырып жазып алған. Атам мен әжем де ертегі- әфсаналарды, жырларды жақсы білетін, мақалшыл, сөзге шешен адамдар еді. Атам ірі малды өріске жайып кеткенде, әжем екеуміз қойлардан бөліп қозы бағатынбыз. Ой, біздің үй қой сауатын еді ғой, мен қойдың қою айранын ішіп өстім. Темір жолдың құрылысы телім-телім болып, екі жыл сайын басқа разъезге көшіп отырады. 1955 жылдың көктемінде Мойынты-Шу темір жол құрылысы аяқталды да, атам бірден аттан салып, әкеме «қайтамыз елге» деп бұйрық берді. Атамның сөзі бұлжымайтын заң, тағы көштік. Бұл жолы елге жақын қалаға. Содан Жамбыл қаласындағы темір жол бойындағы №38 мектептің 3 сыныбынан бір-ақ шықтым. Есімде қалғаны сол кезде бастауыш сыныптарға жүрек жалғар тамақ беретін, алғаш рет бөлішке, кисель дегеннің дәмін сол жылдары таттық. Мектептің кітапханасы бар екен, мұғалімдердің діттеуімен соның есігін аштық, кітапқұмар бола бастадық. Сол кітапханадан алып, алғашқы оқыған кітабым, авторы есімде жоқ, орысша «Пятеро Петерых» еді. Театр, кино «ауруымен» кейінірек «ауырдық» қой.
– Орысшам тәуірлеу болды депсіз. Театр корифейлерінің көзіне түсуіңізге сол орысшаңыз да себеп болған секілді. Пушкиннің тілін қалай жақсы меңгеріп алдыңыз? Әлде ол кезде талап солай ма?
– Шудың бойындағы темір жол бойында өткен балалық шақтан орыс тілін үйренуім басталды. Жоғарыда айтып өткенімдей, теміржолшылардың негізгі мамандары орыстар болатын. Солардың саржапалақ қыздарымен араласа бастаған соң, «тіліміз» шыға бастады емес пе. Қаладағы №38 мектептің кітапханасынан алдында айтқандай, орысша кітаптарға қолымыз тиетін болды. Орыс тілі сабағы көбірек жүреді. Пушкиннің, Некрасовтың, Лермонтовтың өлеңдерін жаттатып, сыныптарда жарыс ұйымдастырылатын. Пушкиннің «Сказка о рыбаке и рыбке» ертегісін, Некрасовтың «Мужичок с ноготок», Лермонтовтың «Погиб поэт, невольник чести» сынды өлеңдері әлі күнге есімде. Талаптан гөрі өзімізде білімге құштарлық басым болды- ау деймін. Сосын Тараздағы техникалық «ВУЗ»-да сабақтың бәрі орысша болды. Ол құдыққа түскенім сонша, тіпті қазақшам да шау тарта бастаған. Өлең жазу да сирей түсті, тіпті қойып кеттім десе де болады. Өнер ауылына қоныс аударған тұстарда қан қайнады. Неге деңіз? Төл тарихымның жеті қат жер астына әдейі, жосықсыз шөгіп қалғанын, хан-сұлтандарымыздың жөнсіз өшіріліп тасталған алтын да болса запыранды ғасырын Есенберлиннің қанталаған кітаптарынан шөл қандырардай сіміріп, ес жиғандай болдым. Атам мен әжемнің өткен замандар жайлы көздері жасаурап, күрсініске толы күңгірт күймен ертегі- әңгіме шерткендегі шері мен шеменін санамда қайта жаңғырттым. Жалаулатқан, қызыл да жасыл романдар мен жалғаны көп шығармалардан аулақтай бастадым, келе-келе Абайға бас ұрдым. Менің негізінен ұйқас қуған арзан өлеңдерім алдымен өзімді ұялтты, ол кісінің «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ- барды, ертегіні термек үшін...» деген жолдары «тәубеме» келтірді-ау деймін.
– Сізді «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы да қалың қазақ елі таныды. Сіздердің «Тамашаларыңыз» бөлек еді. Құдайберген, Тоқсын, Мейірман, Уайс ағалар қандай еді? Қазіргі сатираға, әзіл театрларына не айтасыз? Ол театрлар сізді күлдіріп, сізге ой сала ма?
– Жоқ, көбіне жерге қаратады. Бүгінге сатира мен әзіл театрлары, театр емес, сайқымазақ! Өзбек елінде «масқарампоз» деген өнердің түрі, «асқиясы» бар. Біздің намысты жұртқа жарасатын нәрсе емес ол. Қазақтың әзілі мен юморында әдеп пен мәдениет, ақыл мен астар болған. «Ойнай білмеген бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» деген сұрапыл да, жан түршігерлік ауыр мақал біраз нәрседен тартынуға сеп болса игі. Актер клоун емес, ұлтжанды, білімір, ақылман өнерпаз. Ортадан арғы-бергіні қозғап ой тастай алмайтын, екі сөздің басын қосып, көрермен мен тыңдарманды ұйыта алмайтын, арзан күлкі мен арсыз ырбаң айналасында, ұлтымыздың қадірін кетіріп, ұятсыз ұпай жинап, дамбал шешіп тамақ табумен жүрген іні-қарындастарым көбейіп барады! Өзбек акалардың «Есектің артын жуып мал тап» деген тәмсілі біздің ұлтқа тіптен қолайсыз! Кейбір мал табудың осы жолымен жүрген арзандар, менің «бұларың не, атаң мен әжеңді, ұлтыңды мазақтап арзан ұпай жинағанға арланбайсыңдар ма, намыстарың қайда» деген тоқтам сөзіме «ағамыз бізді көре алмай жүр» деген қырт өсек айтудан қысылмайды. Менің жоғарғы кәсіби шеберлік пен ұлт намысының үдесінен шырылдайтыным қаперлерінде жоқ. Намысшыл, талапшыл, тәр мен тәрбиесі биік қазағымның осындайды көргенде «Итің әртіс қой» деп кемсіткен сөзін естігенше, екі қолыңды төбеңе қойып қаңғып кеткен жақсы! «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген. Ит екеш, ит те де бар ұяттан айрылғанымыз – қауіптің көкесі! «Күлгенге күле бағып» арзан әйгілілікке әбден үйреніп алып, соны мәртебе көріп «әртіс» деген арзан бағаны елемей, дандайсып жүрген жастарымыз тойларда асаба болып, айқай-шу, ұятсыз әзіл, жаттанды сөз, бетсіз ойын, дарақы қимылдар жасап қарадай күйіндіреді. Ондай тойлардан ат-тоныңды алып, безіп кеткің келеді! Ең сұмдығы – осындай арзан мазаққа қазағымның да бойы үйреніп кеткендей. Сондай ырбаңы шектен шыққан әзіл-сықақтан тұратын қойылымдардан жерге қараса да, залдан шығып кетпей, шыдап отыра береді! Шаршататын, дарақы тойларда, жақтырмаса да құлағы тұнып, басы ауырса да, шыдас беріп отыра береді! Өнер деген, өнерпаздықтың жөні осы екен ғой деп біліксіздік пен әдепсіздікке, қыртымбайлыққа бойы үйреніп көндігіп барады! «Тәйт» дейтін қаны сұйылмаған я аға, я ақсақал жоқ сияқты. «Әй» дейтін әжелер де қат боп қалғандай! Қазақтың қаны сұйылды! Ұлт арзандады! Өнер қадірсізденді! Бәріне өзіміз кінәліміз! Өнердің осы түрінің шымылдығын ашқан мен кінәлімін! Басында әдептен аспаған өнердің бұл түрі бара-бара осындай өресіздікке барды! Сахнада дамбал шешілді! Қазақ деген намыстың құлы ұлттың кәсіби һәм таза өнерді тұшынуы мен оны білімірлікпен қабылдау талғамы аяққа тапталды! Нағыз өнерді, нағыз шығармашылдық талантты, тұлғалық тереңдікті, биік суреткерлік өрені бағалай алмайтын, шын құдіретті ұқпайтын, аспани құбылысты танымай, қабылдай алмайтын, эстетикалық талғамы өтеден мөте төмен, ойсыз, мұңсыз қарабайыр жұртқа айналып барамыз! Білгенге – біз қылмыс жасадық! Әй бірақ, айттың не – айтпадың не. Жатырмыз сол, диванд- а-а-а-а. «Айтасың да, қоясың» депті ғой баяғыда. «Баяғы жартас – бір жартас... Қаңқ етсе де байқамас!»
– Кино мен театр әлемінде қандай тұлғалардан үйрендіңіз? Кімдер жолыңызды ашты? Сәттілік пен сәтсіздіктер, қуаныш пен өкініштер туралы айтып отырсаңыз.
– Кино мен театр өнері мамандық та, тәрбие орны да емес. Сана биіктігі, сол елдің мәдениеті мен өре мәресінің көрінісі. Өнерді үйрену мүмкін емес, ол – я бар, я жоқ. Өнерге тұшыну бар, сүйсіну бар. Ұқсап бағу бар. Машина айдауды, кілем тоқуды үйренуге болады, ал актерлық өнерді үйренбейді, ол жұғады, дертке шалдықтырады. Өнер – ол да ғылым. Оның теорияларымен танысу, талғам категорияларының құпияларын зерттеу – үйрену емес. Ол – тұлғалану, биіктеу. Өмір жолымда кездескен тұлғалардан үйрене алмадым, тек қызықтым, сүйсіндім, ұқсап баққым келді. Мынадан үйрендім, мынадан жирендім деп, аттарын атап, түстерін түстеп әлекке түспей-ақ қояйын. Екеуі де бар. Жолымды ашқан, қазақи ұяңдықтан арылтып, ұлы да, биік өнерге жол сілтеген кісіні бәрі біледі, ол – Асқар Тоқпанов. Шеберлікке қаупайлаған ұстазым – Хадиша Бөкеева. Сәттіліктерім – адал адамдармен араласқаным, сәтсіздіктерім – білімсіз, кісілігі кемдермен бірге болған күндерім. Өтірік қомпаю, өзін зорлап сыйлату сияқты өнерпазға лайық емес пенделіктерін көрген, көріп күйінген қапалы кезім. Ал, театр мен кинодағы қуаныштарым мен мұңым, сәттіліктерім мен мүлт кетуім – бәрі өзімдікі, ол заңды құбылыс. Мен де адаммын, періште емеспін. Ең бастысы, ақылы кеш кіретін, бармағын кеш тістейтін, «әттегенайы» жетіп артылатын аңғал қазақпын.
– Байқасақ, кино бар, театр бар, жүзден астам елге танымал болған басты рөлде ойнадыңыз. Кейіпкер образына ену қиын шығар? Сол образдан шығу да қиын емес пе? Өзіңізге қай рөліңіз ерекше ұнайды?
– Мен кино мен театрда ойнамаймын. Өмір сүремін. Абылай болдым. Әбілқайыр да, әз Жәнібек те болдым. Махамбет те, Құнанбай да, Қайырхан да болдым. Болдым, солардың мұңын шектім, шерін тарқаттым, өкіндім, опындым. Солардың өмірін сүрдім, кейпіне ендім. Иә, бұл оңай емес. Оңай болса, көкірегі аяққаптай көрінгеннің бақталайына қонбай ма? Бұл маған жоғарыдан, Жаратушыдан келген назар, бұйрық. Бұлар басыма қонған бақ та болуы мүмкін, сор да болуы мүмкін. Сондықтан, мен, ол кейіпкерлердің кейпінен шыға алдым деп айта алмаймын. Олар мені биіктетті, мәңгіге менің санамда, жүрегімде, қанымда. Тіпті болмысым да болып кеткендей. Мұрны көтеріліп, үлкен сөз айтып, еректеніп, мақтанып отыр деп ойлама, өйтсең – көңіл қалдырдың. Шыны осылай, бүгінде мен дерттімін.
– Бірер жыл бұрын «Қуыршақтар» деген қойылымды жалғыз өзіңіз ойнап жүрдіңіз? Бір сәт сізді түсінгендей болдық. Ол қандай идея? Сол арқылы нені айтқыңыз келді?
– Көргендер, сол кеште менімен бірге болып, кейіпкерімнің өмірін бірге сүргендер не айтқым келгенін ұққан. Ұқпағандарға сөзім жоқ, аман жүрсін. Асқан эстет Сүлейменнің Асқары айтушы еді: егер шығарманың идеясы сорпаның бетіне шыққан май сияқты көлкіп тұрса, жүрек айнытады деп. Бертольд Брехт деген ақылман былай депті: «Театр өнері ең қатыгез, өйткені ол бүгін бар – ертең жоқ». Дұрыс айтқан. Себебі, бүгінгі көрген спектакль ертең қайталанбайды, ертеңгі ол басқа өмір, басқа спектакль, басқа жүрек қағысы. Өкініші – «Қуыршақтарды» Тараз бен Алматыдан басқа өңір көре алмады. Мен бәрібір, қайткен күнде де сол қойылыммен шер тарқатып, мұң байлап, біраз күн суреткерлік рахат шеккем. Бұл өте қымбат.
– Өнерге, театрға келу үшін жастарда қандай қасиет басым болу керек? Жас актерлардан сізге кім ұнайды?
– Біразын өзімнің өмір мен өнерге көзқарасым жайлы қансыратып айтқан қағидаларыммен жеткіздім-ау деймін. Ең бастысы, ұлтыңды ессіз сүю, өнерге есепсіз берілу. Терең болу. Академиктерден еш кем емес білімдар болу. Жеті қат жер астында қалған ата- баба үнін естіп, соны алты қат аспанға кететін арман-шерге айналдыру. Көру, ұғу, оқу, зерттеу, шерлену, ауыру, маза көрмей, тырбану, тырысу! Өтірік күпінуден, әсіре мақтан мен жалқаулықтан көзапара жеріну. Әлі жаспын, бәрі алда деген алданыш сезім есейтпейді. Жастық өтеді де кетеді, ізі де қалмайды, ал кезінде сімірмеген білімің, кейін өмір бақи шөлің қанбай өткен өкінішке апарады. Абай хәкім айтқандай, мен де «қорқамын, кейінгі жас балалардан»... Кітаппен емес, қалта телефонмен дос. Мұхиттың аржағының әдет-ғұрпын артық көреді. Өз қағынан жеріген құлан дерсің... Көпке топырақ шашпайын, бәрі емес әрине. Жас актерлардан үміттендіретін інілер де жоқ емес. Өнерге арзан әйгілілікке бейіл болып келген әпербақан, арзандар да бар. Бес саусақ бірдей емес. Олар ешнәрседен тайынбай, жатпай-тұрмай, тек соған талпынады. Қысқасы, бір алашапқын кезеңді кешудеміз, арты қайырлы болғай.
– Ұстаз екеніңізді, 200-ден астам шәкіртіңіз барын айтыпсыз. Ішінде ерекшелері бар ма, әлде сіз үшін бәрі бірдей ме?
– Жоқ, бәрі бірдей емес, әрқилы. Ұстазы ретінде бағалайтындары өте көп. Олар да мен сияқты өнерге жауапты қарауды міндет тұтады. Танылып, шығармашылықтың жоғарғы деңгейіне жетеқабылдары көрініп қалды. Бәрі бірдей суреткерліктің шыңына жетер-жетпес, оны уақыт көрсетер. Алайда, өмір мен өнерге ниеттері түзу қалыптасқандарына шүкірмін.
– Сізді Тараз қаласынан жиі көреміз. Асқар Тоқпанов театрына үнемі ат басын бұрасыз. Осы облыстық театр, оның деңгейі, жетістігі, баяғы тарихқа айналған актерлері туралы айтып өтсеңіз.
– «Қыз кезімнің» куәсі, сахнаға алғаш қадам басқан театрым ғой. Кезінде Шәріпбай Сәкиев, Мақсұт Салықов, Алтын Ружева, Тұрар Ізбасаров сынды жүйрік актерлар ел арасында абыройын асқақтатқан өнер ордасы еді. Өткен ғасырдың орта шенінде Мәскеуде болған қазақ өнері күндерінде «Еңлік-Кебек» қойылымында Шәріпбай ағамыз Серке Қожамқұловпен кезектесіп, Еспембет биді ойнаған екен. Кейіндері Асқар Тоқпанов көркемдік жетекші болып, М.Әуезовтың «Абай» қойылымын сахнаға осы Шәріпбай ағамызбен шығарғанын көзім көрген. Мүмкіндіктері мол шығармашылық ұжым. Осыдан оншақты жыл бұрын Қуандық Қасымовтың қойған қойылымдары алыс- жақын шетелдің ең биік марапаттарына ие болып, мерейі өскен болатын. Ұжымның да өресі биіктеп, атақтары дүрілдеп, еліміздің ең абыройлы театрларының бірі саналған-ды. Бұл күндері «халық артисі» атағына лайық екеу болса – бірі, бірі болса өзі – осы Қуандық еді!
– Республикалық театр қайраткерлері одағын, «Театр.kz» журналын аштыңыз. Сіз басқаратын одақ жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Театр қайраткерлер одағы өмір сүріп жатыр. Өкініштісі – бюджет деген ортақ қазанның қақпағы, кім көрінгенге ашық болғанмен, біз үшін жабық боп тұр. Осындай оспадарлық жүйенің салдарынан, марқұм Болат Бекжанов екеулеп жүріп өмірге әкелген «Театр.kz» журналы да қаражатпен қолдамағандықтан тоқтап тұр. Жап-жақсы бастама еді. Болат інім бас редактор ретінде көп еңбек сіңірді. Ол өзі алдымен кәсіби актер-тұғын, мықты ақын, шебер журналист болатын. Жатқан жері жайлы болсын... Негізі, Қазақстандағы 70-ке тарта театрлардың әрқайсысы 30 данадан жазылса, қайта тірілуіне еш кедергі болмас еді, алайда, жалақылары шай-суына әзер жететін өнер иелерінің журналға жазылуы проблема. Дей тұрғанмен, жоғарыға жылау-сықтаудан кем емеспіз, бұл түйінді де шешерміз деген үміт өшкен жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді