«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек

Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек
Ашық дереккөз
Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дұрысынан дәріптей білу әр азамат үшін маңызды міндеттердің біріне айналып келеді. Әсіресе, отыз күн ойын ойнатып, қырық күн тойын тойлап үйренген халқымыз үшін той-думан өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қалыптасты. Десек те, заман ағымына қарай кез келген ұлттың құндылықтары мен ұстанымдары өзгеріп отырады. Технократиялық дәуір де даңғазалық пен дүрмектің жасампаздыққа жараспайтындығын аңғартып, қазақ қоғамына да әсіремақтаншылық пен ысырапшылдықтан арылу керектігін көрсетіп келеді.

«Той – халықтың қазынасы» десек те, бүгінгі қазақ думаны ежелгі миссиясынан біршама алыстап кеткендігін аңғару қиын емес. Өйткені, бүгінде шамасының шегінен шығып, қарыз алып, қалың беріп, отбасының беріктігінен үміт ететіндер қатары көбейген. Содан болар, өңірімізде жақында ғана облыс әкімдігінің бастауымен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен асабалар бірлесіп қалың көршілікке үндеу жариялаған болатын.

Кеселге айналып бара жатқан келеңсіздіктің алдын алу мақсатында жолданған үндеуде: «Қазіргі уақытта тойдың түрі көбейді. Д емек, олардың өткізілу жобасының өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Сондықтан тойды жасамас бұрын, оның маңызы мен мағынасына мән беріп, шақырылатын қонақтардың жас ерекшеліктеріне қарай оны дұрыс топтастыру және той өткізу уақытын реттеу, бос даңғазалық пен ысырапшылыққа жол бермеу қажет, деп ұлттық дәстүрлердің негізін сақтау мәселесі көтерілген. Бұдан өзге үндеу жан-жануарларды дастархан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп – ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау секілді келеңсіздіктерден арылуға шақырады.

Ал, асабалар арасында үндеудің кей тұстарымен келіспейтіндер де бар. Мәселен, асаба Нұржан Әліш тойдағы адам саны қуаныш иесінің жеке мәселесі екендігін атап өтіп, облыс халқында әсіреысырапшылық пен даңғазалықтың көп кездесе бермейтіндігін да атап өтті.

– Халқымыз үшін әдет-ғұрыптарымыз насихатталатын тойдың маңызы зор. Рас, бүгінде тойдың да түр-түрі қаптап кетті. Есер ән мен мән-мағынасыз би, орынсыз қалжың секілді дүниелер осындай қоғамдық шараларды қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Мұның бір ұшы, әрине, той жүргізушілеріне келіп тіреледі. Бос әңгіме, ретсіз-реңксіз сөз бен әзіл қазақы тойдың құнын кетіріп отыр. Алайда өз деңгейінде, мәнді-мағыналы түрде абыроймен атқарылып жатқан қуаныштар да бар. Мәселен, облыс орталығында өтіп жатқан той-томалақтың басым көпшілігі осы сипатта өрбиді. Ал, адам санына келсек, ол қуаныш ие сінің жеке мәс еле сі. Бізде өтіп жатқан тойларда адам саны орташа 250-300 адамды құрайды. Жас жұбайлар тойы болмаса, өзге мерейтойлар келушінің де, той иесінің де қалтасына аса салмақ салмайды. Меніңше, мұнда дүние жарысқа салмай, ысырапшылдыққа, даңғаза лыққа жол берілмесе болғаны, – дейді асаба.

Сондай-ақ, ол жан-жануарларға той жасау, үлкендерге жөнсіз әзілдеу секілді ұлттық танымымызға жат қылықтарды тыюдағы үндеудің маңыздылығы бар екендігін де атап өтті.

Руханият пен мәдениеттің маңайындағы жанашырлардың жаңашыл бастамасының мәні мен мазмұны жайында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде атап өтті.

– Қазір той тойлайтын кез емес, ойлайтын кезең! Жақында менің орынбасарымның қатысуымен облыстық ардагерлер кеңесі және облыстағы танымал асабалардың қатысуымен келелі жиын өтті. Ондағы мақсатымыз – тойларды жүргізу барысында ұлттық құндылықтарымызды, әдептілікті сақтау, ерсі қылықтардан аулақ болып, қымбат қазынамызды жоғалтпау. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 90-ға жуық тойхана бар екен. Ал енді оңтүстікте бір тойға орта есеппен 300 адам қатысады десек, бір күнде 22 500 адам той төрінен табылады. Ал тойханадағы мәзір құнын адам басына 15 мың теңгеден есептегенде, бір күнде 337 миллион теңге шығын. Бұл дегеніміз үлкен аудитория, үлкен қаржы. Яғни, біз ретті- ретсіз тойларды тізгіндеу арқылы әдет-ғұрып, салт-санамызды және әлеуметтік-экономикалық ахуалымызды да бір арнаға түсірер едік, – деді аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Облысымызда 300-ге жуық асаба тойшыл қауымға қызмет көрсететіндігін, асабалардың ақысы да халықтың қалтасына оңай соқпайтындығын атап өткен өңір басшысы мәселелерді саралай келе, облысымызда асбалардың одағы құрылып, ережесі бекітілгеніне тоқталды. Сонымен қатар, Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынынң ішінен әдет-ғұрып және салт-дәстүр бөлімін ашу жоспарда екендігіне тоқталып, онда өңіріміздегі той тізгінін ұстап жүрген азаматтарға арналған түрлі танымдық семинарлар өтіп, лекциялар оқылатындығын жеткізді.

Міне, осылайша, бірегей бастама қазақ қоғамына қозғау салуды көздейді. Өйткені, қоғам болып қолға алынбаса, қатерлі кеселдің соңы қайғыға алып келіп соғатыны анық. Бұл тұрғыда ел Президенті де «Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той- томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек», – деп үнемі бос мақтанға бой үйретпеу керектігін еске салып келеді. Тек әр азамат осы принципті терең түсініп, тойшыл қауымнан ойшыл қауымға айнала білгенде ғана ұлттық мәдениеттің тұғыры биік болмақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар