«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жолаушылар көлігі пайдалануға берілді

Жолаушылар көлігі пайдалануға берілді
Юрий Ким
Тараз қаласында қоғамдық көліктердің паркін жаңарту бойынша үш жылдық жоспар түзіліп, 210 жаңа автобус алу жоспарланған. Ол жоспар екі жыл көлемінде артығымен орындалып отыр. Өткен жылы 73 автобус алынса, биыл 70 автобус алу жоспарланғанымен, бүгінге дейін алынған автобус саны 155 жолаушылар көлігін құрады. Соңғы автобустар төрт бағытқа беріліп, ол бағыттардың жүру жиілігі төмендетілді.

Жаңа әкелінген 20 автобустың 15-і «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 5-і «RashLau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еншісіне тиген. Жалпы, Тараз қаласында қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту мақсатында берілген 12 миллиард теңге субсидия жолаушылар көлігін алып қана қоймай, жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға, жылы бастырмалармен қамтуға, қызметкер жалақысын арттыруға бағытталған. Өзбекстан Республикасынан жеткізілген автобустар уақыт талабына сай жолаушылар тасымалына қажетті барлық құрал-жабдықпен жабдықталып, барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

«ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Алтай Мақсатұлының айтуынша, шаһарға жеткізілген «SAMAUTO LE-60» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан Республикасында шығарылған. Олардың ұзындығы 9 метрді, орын саны 25, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.

– Бүгінгі күні №44 бағытта қатынайтын 8 автобус толық жаңартылып отыр. Бұл бағыттың арақашықтығы 13 минутты құрайды. Ал, №23 бағытта 12 автобус болса, 7 автобус осы бағытқа берілді. Бұған дейін ондағы жүру жиілігі 16 минуттан 11 минутқа түсті. Қыс айларында автобустардың дизель отыны қатып қалмас үшін оларға арнап бокстар (жабық бастырма) салынды. Бұл қыс айларында дизельдің қатып қалмауынан сақтайды, – дейді серіктестік құрылтайшысы.

Ал, «RashLau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан алынған 5 жаңа автобус №13 және №18 бағыттарға шығарылады. Атап айтсақ, №13 бағытқа 3 автобус қосылып, бұған дейінгі қатынау жиілігі 11 минут болса, ол 8 минутқа түсті. Ал, №18 бағытқа екі автобус беріліп, ондағы қатынау жиілігі 15 минуттан 12 минутқа төмендеген.

– Осыдан екі жыл бұрын біз Тараз қаласындағы жолаушы тасымалын жақсарту мақсатында 2023- 2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледік. Сөйтіп әр жыл сайын 70-73 автобус алып, автобус паркін жаңартуды мақсат еттік. Үш жыл көлемінде 210 автобус алу жоспарланды. Бүгінгі күні жоспар екі жылда артығымен орындалып отыр. Осының есебінен шаһарда жолаушы тасымалы жақсара түскенін байқау қиын емес. Мәселен, 2022 жылы 39 миллион адам тасымалданса, өткен жылы 45 миллионға жетсе, осы жылдың 10 айында 50 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Яғни, қала ішіндегі жолаушы тасымалының 30 пайызға өскенін көріп отырмыз. Бұл дегеніміз – қала тұрғындарының қоғамдық көлік қызметіне көп жүгінетіндігін көрсетеді. Жалпы, біздің алдымызға қойып отырған мақсат – жолаушы тасымалын жақсарту, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар