«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып келеді

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып келеді
Ашық дереккөз
ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫСҚАМЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ 104,5 ПАЙЫЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАЛЫПТАССА, ЕСЕПТІ КЕЗЕҢДЕ 727,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ. ОБЛЫС БОЙЫНША БІР ҒАНА ХИМИЯ САЛАСЫНДА ЭКСПОРТ КӨЛЕМІНІҢ 77 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ. СОНДАЙ-АҚ, КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЕСЕБІНЕН ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ КӨЛЕМІН 7, ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ ӨНІМІН 5,5 ПАЙЫЗҒА ӨСУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ӘРІ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ ЭКСПОРТЫНЫҢ КӨЛЕМІН 200 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРЛАНУДА. БҰЛ ТУРАЛЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ АЛАҢЫНДА ӨТКЕН БАСПАСӨЗ- БРИФИНГІНДЕ ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ АЙТЫП БЕРДІ. ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК- ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРГЕН АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЕҢ ӘУЕЛІ ОБЛЫСҚА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МӘСЕЛЕСІНЕ ТОҚТАЛДЫ. ӘКІМНІҢ АЙТУЫНША, ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 149,7 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ 21 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 700 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛҒАН. БҰЛ КЕЗЕҢДЕ БАС-АЯҒЫ 370,5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, БІРҚАТАР ІРІ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛҒАН.

– 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады. Оның құны – 3,3 триллион теңге. Жалпы, облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан жобаларда инновациялық технологиялар кеңінен қолданылуда. Мысалы, «Шатыркөл» байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық инновациялық технологиялар пайдаланылуда. Ал, «Korcem» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. Сондай- ақ, «Qazaq Soda» жобасын іске асыру кезінде әлемдегі экологиялық ең таза және тиімді технологияларды қолдану көзделуде. Бүгінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды. Жалпы, инвестиция көлемі – 54 миллиард теңге. Осы жылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» базасында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады. Жуық арада 8 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Ербол Шырақпайұлы.

Биыл ауыл шаруашылығы саласына 24,6 миллиард теңге субсидия бөлініп, 14,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425,4 миллиард теңге. Әулиеата жерінде барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың гектарды құрайды. Облыс аумағында суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды іс-шаралар қабылданды. Айталық, 2019 жылдан бастап Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі мен Шу аудандарында 36,3 миллиард теңгеге 2 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек, суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында 55,4 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 миллион тонна өнім жиналған. Оның ішінде, дәнді масақ – 671,4, майлы дақылдар – 36,3, көкөніс дақылдары – 1,2 және картоп – 172 мың тонна.

– Қант қызылшасы бойынша тәтті түбір алқабының 84 пайызы жиналды. Бүгінде 600 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерді құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде, – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшудің маңыздылығына тоқталды. Осы ретте биыл облыста қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру болады деп күтілуде. Айта кетейік, осы жылы алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша бағдарлама іске асырылды.

Нәтижесінде, 3,2 миллиард теңгеге жылдық 5 пайызбен 244 техника сатып алынды. Бұдан бөлек, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы жылдық 2,5 пайызбен 68 ауыл шаруашылығы техникасы, 116 аспалы және тіркеме техникасы мен 7 қызылша жинау комбайны сатып алынды. Тиісінше, өңірде ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8 пайызды құрап отыр.

Келесі кезекте облыс әкімі мал шаруашылығындағы жұмыстар туралы айтып өтті. Айтуынша, есепті кезеңде ұсақ мал – 3,8, ірі қара – 0,5, жылқы – 0,2 және құс – 1,8 миллион басқа дейін өскен. Ал, ет өндірісі – 2,9, сүт – 1,2 пайызға арта түскен. Ал, биыл 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі 26,2 миллион АҚШ долларына экспортталыпты. Атап өтерлігі, мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану мақсатында жайылымдарды суландыру бағытында ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, биылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірлесіп, 5 мың гектардан астам жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жылы құны 10,8 миллиард теңгеге 163 жұмыс орнын құруды көздейтін 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 1 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2025 жылы ет өндірісін – 3,5, сүт өндіруді – 1,6 пайызға ұлғайту және жалпы құны 48,8 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Өнім өндірісі көлемін арттыру және бұл саланы дамыту мақсатында 2025 жылы агроөнеркәсіп кешеніне 50 миллиард теңге инвестиция тарту жо спарлануда. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында келер жылы 1 913 басқа арналған 4 тауарлы- сүт фермасының құрылысын толықтай аяқтау көзделуде. Бұл – сүт өндірісін жыл сайын 6,5 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығы мен фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда. Дәл қазір 5 миллиард теңгеге тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бойынша 2 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, өңірде қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 173 миллиард теңгеге жылына 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз бойынша бірегей зауыт құрылысына қатысты жоба іске қосылған. Осы ретте күрделі аминқышқылдарының бүкіл әлемдік өндірісінің 60 пайызы нақ осы компанияның үлесіне тиесілі екенін айта кету керек.

Президент тапсырмасына сәйкес, бұл күнде ауыл халқының әл-ауқаты мен табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. Өз кезегінде аталған жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде. Өңірде жоба аясында соңғы екі жылда 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Сондай- ақ, есепті кезеңде 152,2 мың бас мал сатып алынды.

Брифинг барысында Ербол Шырақпайұлы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында да айтып өтті. Осы жылы бұл саланы дамытуға 16,6 миллиард теңге бағытталған. Бүгінде 31 миллиард теңгеге 1 152 жоба қаржыландырылса, бизнесті дамытуға облыстың қаржы институттарымен 38,6 мың кәсіпкерге 154,5 миллиард теңге несие берілді. Нәтиже сінде шағын және орта бизнес субъктілерімен шығарылған өнім көлемі 23,9 пайызға артты. Бүгінде облыста жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 106,9, ал онда жұмыспен қамтылғандар саны – 164,6 мың адамды құрайды.

Сондай-ақ, облыс әкімі аймақтағы тұрғын үй құрылысы мәселесі туралы есеп берді. Жалпы, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Мәселен, жыл басынан бері 577,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік-осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар, биыл «Әулиеата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтылмақ.

Бұдан бөлек, облыста коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тұрғындардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін 68 жоба іске асырылуда. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал, елді мекендерді газдандыру аясында өңірде 12 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 3 елді мекен табиғи газбен қосымша қамтамасыз етіліп, газбен жабдықтау деңгейі 91,3 пайызға дейін жетті. Облыста «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары бюджет қаражаты есебінен 12,6 миллиард теңгеге аймақтағы газбен қамтылмаған жалғыз аудан Мойынқұмдағы елді мекендерді газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Жалпы, 2025 жылы газбен қамту деңгейін 91,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, аймақ басшысы көлік-логистика саласын жаңғырту бойынша өңірде жүзеге асып жатқан жол құрылысы жобаларын да атап өтті. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Биыл автожол саласын дамытуға 25,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 710 шақырым жол қамтылды. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99 пайызға жетті.

Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша тапсырмасына сәйке с, облыста кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. 2025 жылы 68 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Білім с а ласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде 36 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде оқу ошақтарының 13-і іске қосылса, оның 3-уі «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асты. Алдағы жылдары оқушы орны тапшылығы бар – 7, үш ауысымды – 3, тозығы жеткен – 3 және 2 апатты мектептер мәселесі шешілмек. Қазіргі таңда 9 мектеп және 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, келер жылы 21 білім беру нысанының құрылысын аяқтау, 10 мектепті жаңғырту және өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік жүйені енгізу жоспарлануда.

Спорт саласына қатысты осы жылы жергілікті бюджеттен 15,8 миллиард теңге бөлінді. Облыс аумағында 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 4 спорт кешені мен 103 спорт алаңдары пайдалануға беріліп үлгерді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 6 спорт кешенін қолданысқа беру көзделуде. Биыл халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейін 66, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесін 41 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, жыл қорытындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін 84,8 пайызға жеткізу мақсат етілуде. Осы жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 миллиард теңгеге 224 үйірмеде 9,1 мың бала қамтылды. Әдебиет пен өнерді қолдау әрі таланттарды анықтау мақсатында ертең облыста поэзия, проза, драматургия, сатира саласында «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби конкурсы өтеді деп күтілуде. Айта кетейік, өңірде 2025 жыл «Кітап оқу жылы» деп жарияланбақ. Бұл мақсатта «Тараз – кітап оқитын қала» және «Тараз – город чтения книг» жобасы жүзеге асатын болады.

Сонымен қатар, облыста туризм саласын дамыту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Биыл аталған салада 16,4 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылуда. Дәл қазір Тараз қаласы мен Қордай, Жамбыл және Жуалы аудандарындағы бас-аяғы 6 туристік жоба пайдалануға берілді. Атап өту керек, келер жылы Тараз қаласында бүкіл Еуразия өңірінің және ТМД елдерінің қолөнершілері мен аграрийлерінің қатысуымен «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық іс- шарасы ұйымдастырылады. Осы себепті, 2025 жылы өңірге туристер тарту және туристік объектілердің инфрақұрылымын қалыптастыру жоспарлануда.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстарды да айтып өтті. Аймақ басшысы жергілікті билік өкілдері халық арасында жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар мен диабет сынды дерттердің алдын алу, мезгілсіз өлім қаупін төмендету мәселесіне көптеп көңіл бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы қарапайым халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Айталық, аймақ басшысы жыл басынан бері 32 рет жеке қабылдау өткізіп, 454 азаматтың мұң-мұқтажын тыңдады. Ал, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап өңірдегі 100 елді мекенге 59 мәрте іссапармен барған облыс әкімі 186 нысанның жай-күйін көрді. Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көкейлерінде жүрген өзекті сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар