Еңбек шартында көрсетілген жұмыстың басталу уақыты жұмыскердің жұмысқа кірісу күні деп есептеледі. Еңбек шарты жасалғаннан кейін жұмыс беруші жұмысқа қабылдау жөнінде бұйрық шығарады.
Өмірде еңбек шарт жасалмай, не тиісті дәрежеде жасалмаған оқиғалар көптеп кездеседі. Жұмыскер еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдануға келіссе, онда өз құқықтарын шектейді. Алайда, бұл жұмыскердің барлық құқықтарынан айырылады деген сөз емес. Жұмысқа қабылдау бұйрығы мен жұмысқа кірісу фактісі еңбек шартының жасалғанын растайды. Алайда, келіспеушіліктер туындаған жағдайда жұмыскер жалақы көлемін, еңбек міндеттемелерін, тағы да басқа жағдайларды дәлелдей алмайды. Өйткені, олар ешқайда көрсетілмеген. Сондықтан, еңбек шартының жазбаша формасы жұмыскер үшін өте қажет.
Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні;
жеке сәйкестендiру нөмiрi (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi);
жұмыс беруші заңды тұлғаның және оның орналасқан жерінің атауы, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың орындалатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) тараптардың жауаптылығы;
13) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
Тиісті рәсімделмеген еңбек қарым-қатынасының салдарына бірнеше мысал:
1) еңбек шартты жазбаша түрде жасамаудың салдарынан:
- жалақыны сот тәртібімен өндіріп алу мүмкіндігі жоқ;
- жұмыс істелген уақыт еңбек өтілі ретінде саналмайды (ал біздің уақытымызда жұмыс өтіліне аса мән беріледі);
- сіздің зейнетақы қорыңызға аударымдар жасалмайды.
2) шын жалақыны еңбек шартта төмендетіп көрсету салдарынан:
- сот тәртібі бойынша жалақыны толық көлемде өндіріп алу мүмкіндігі жоқ (құжатта көрсетілген ақша көлемі ғана қайтарылады);
- сіздің табысыңыз бен төлем жасау мүмкіндігіңізді дәлелдеу бойынша мәселелер туындауы мүмкін.
3) Еңбек шартта міндетті шарттардың болмауы салдарынан:
- жұмыс беруші сіздің құқығыңызды басқа мақсатта пайдалануы мүмкін;
- жұмыскерге қосымша міндеттемелер жүктелуі, заң бойынша бекітілген кепілдіктер мен өтемақылар төленбеуі мүмкін.
Осыған орай, жұмысты алдымен еңбек шартынан бастаған абзал.
Күн сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мекенжайы: Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78, байланыс телефондары: 43-01-96, 43-06-31, 45-15-31.
Кәмшат ЕСПЕНБЕТОВА,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы.
Ұқсас жаңалықтар
Әшекейге әр берген, шәкірттерге нәр берген
- Бүгін, 01:12
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді