Іс-шараны облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс ашып, Түркістан мен Жамбыл облыстарының мәдени байланысы өте бағалы екеніне, оның ішінде Ордабасының тарихы өз алдына бөлек құндылық екеніне назар аударды. Мұнан соң сөйлеген «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы директорының орынбасары Қайратбек Махамбетов:
«Түркістан мен Жамбыл көршілес аймақ болғандықтан, көптеген тарихы, жүріп өткен жолдары ұқсас. Ал, Ордабасының қазаққа бақ болған үш бидің басы қосылып, елдің тұтастығы мен бірлігі, келешегі жолында шешімдер шыққан тарихқа куә мекен екенін білесіздер. Бұл күнде сол қатпарлы тарихты жас ұрпаққа сіңіру, сырт елден, басқа облыстардан келетін қонақтарға өткен ғасырлардың құндылықтарын ұғындыру бойынша нақты жұмыстар жүріп жатыр. Тарихи Таразға жеткен көшпелі көрме керуені де сол қадамдардың бір көрінісі. Әулиеата жұртшылығына оң әсер қалдырады деген ойдамын», – деді.
Мұнан соң тарих ғылымының магистрі Сауран Қалиев, мәдениет жанашыры Құрманғазы Демеш ізгі ниеттерін жеткізді. Көшпелі көрменің лентасын көрші облыс керуенін бастап келген Қайратбек Махамбетов пен облыстық «Тіл орталығы» мекемесінің директоры Қуаныш Дәуренбеков қиды.
Мұнан соң көшпелі көрме жұмыстарын «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының археология бөлімінің меңгерушісі Бақытбек Қасымов, тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі Жұмабек Ташбаев түсіндірді. Біз бұл орайда Түркістан, Ордабасы аймағындағы тарихи мекендерге қатарынан 9 рет зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, нәтижесінде ортағасырлық көптеген құндылықтар табылып жатқанынан хабардар болдық. Мәселен, Отырар қаласында сақталған мыс тиындар, орта ғасырдағы әскербасы адамдарға арнайы жасалған белдік, Түркештер кезеңінде, Самарқан қаласында жасалған тиындар, орта ғасырға тән шырағдандар, ІХ ғасырға тән моншақтар, ХІ-ХІІ ғасырларға тән қола айна секілді жәдігерлердің қай жерден, қалай табылғанына да қанық болдық. Ал, Жұмабек Ташбаев сонау 1723 және 1727 жылдардағы қазақ халқының басындағы оқиғалар, сол кездегі қазақ елінің билерінің тарихи шешімдері туралы да айтып берді. 1993 жылы осы Ордабасы өңірінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз мемлекеттерінің президенттері бас қосқан үлкен жиын өткені, сонда үш мемлекеттің мәңгілік достық жолында жасалуы тиіс келісімдерге келгені туралы жас ұрпақтың білгені абзал. Көшпелі керуен бұл жөнінде де жан-жақты мәліметтер беріп, тарихи суреттерді назарға ұсынды. Оны тараздық тұрғындар мен студент жастар қызыға тамашалады. Бұл көшпелі көрме әулиеаталық тұрғындарға бірнеше апта бойы қызмет ететін болады.
Есет ДОСАЛЫІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді