Жамбыл облысы құрылғанда, қазіргі сөзбен айтқанда, оның әкімі кім болды?
1939 жылы қазақ жері совет билігінің құрамында еді. Совет билігінің өз басқару жүйесі болды. «Әкім» деген сөз тек 1995 жылдан бастап басқару тетіктерінің атауына Конституциямызбен бірге келді. Түп тамыры бұрыннан бар сөз болғанымен, тек тәуелсіздік алып, өз Конституциямызды бекіткеннен кейін ғана белгілі бір аумақты басқаратын қызметтегі азаматты «әкім» деп атай бастады. Оған дейін совет өкіметінде бәрін партия басқарып, жергілікті жерлерде партияның бірінші хатшылары – өңірдің бірінші басшысы болды. Партияға бағынысты атқару комитеттері қызмет етті. Оның төрағалары партияның құптауымен жұмыс істеді. Қазіргі билік жүйесінде әкімдік пен мәслихаттар бар. Дегенмен, негізгі қызметті әкімдік үйлестіреді десек, қате айтпаймыз. Сондықтан да «облыстың бірінші әкімі кім болды» деген сауалға Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы Михаил Ткаченко болды деп анық жауап бере аламыз. Ол облыс құрылған 1939 жылғы қазан айынан бастап, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін, 1945 жылға дейін қызмет атқарды. Ол 1902 жылы Россияның Чкалов облысының Покровка селосында шаруаның отбасында дүниеге келген. 1919-1922 жылдары бастауыш мектепте мұғалім болды. 1923 жылы Орынбор педагогикалық институтына оқуға түсті. Жоғары білімді Михаил туған облысының Адеев округінде партия қызметінде жұмыс істейді. 1929 жылы оны қызмет бабымен Қазақстанға жібереді. Қазақстанда Алматы гидротехникумына директор болып тағайындалып, екі жылдан кейін, 1931 жылы өлкелік атқару комитетінің кадрлар бөлімінің нұсқаушысы қызметіне жоғарылаған. Бір жылдан кейін сектор меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, 1938 жылдан бастап совет-сауда бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, 1938 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің екінші хатшысы, 1939 жылдың қазан айында Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Михаил Игнатьевичтің Жамбыл облысын құруда және ұйымдастырудағы, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбегі ұшан-теңіз. Ол жергілікті тұрғындарға етене жақын болды. Қазақ тілін де тез меңгерген. Аймақтағы ортағасырлық тарихи ескерткіштердің, оның ішінде, Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелерінің бұзылмай, сақталып қалуына тікелей ықпал жасады. Ұлт кадрларының өсуіне де ықпал етті.
1945 жылы, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан соң ол басқа қызметке жіберілді.
***
Жоғарыда атап өткеннен кейін партиядан кейінгі басшылық сатысында Жамбыл облысы еңбекшілер депутаттары Советі атқару комитеті болды. Ал, облыс құрылғанда оның төрағасы қызметін атқаруға Осман Жұмағұлов сайланған. Мұнда екі жыл қызмет атқарып, 1941 жылы Жамбыл өңірінен Ақмолаға көшті.
Осман Ғалиұлы 1896 жылы Павлодар уезінде орта шаруаның отбасында дүниеге келген. 1909 жылы ол Павлодарда 2 кластық қалалық училищеде оқиды. 1911 жылы мектеп-интернаттың жабылуына байланысты оқуын жалғастыра алмай, 1912-1916 жылдары Павлодар қаласында көпестің ат айдаушысы, одан кейін екі жыл жүк тасушы қызметтерін атқарады. 1918 жылы Омск қаласына барып, жұмысшы болады. Одан кейін Томскіде әртүрлі жұмыстар атқарады. 1924 жылдан бастап Юрга станциясында селолық советтің хатшысы қызметін атқарады. 1925 жылы Томск округіндегі Юрга селосында коммунистік партияның мүшесі болып қабылданады. 1931 жылға дейін Томск, Павлодар облыстарында тұтынушылар кооперациясында жұмыс істейді. Одан кейін директорлар курсында оқиды. Бұдан соң ол Башқұрт Республикасында, Алматы облысында республикалық орталық партия комитетінде еңбек етеді. Алматы облысының Сарқан, Ақсу аудандарында партия қызметінде еңбек етеді. 1938 жылы Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1938 жылдың маусым айынан бастап Алматы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болады. Қазақ ССР Жоғары Советінің бірінші сессиясында Халық Комиссарлар Советінің мүшесі, Қазақ ССР Совхоздар Халық Комиссарлары болып сайланады. 1939 жылы 28 желтоқсанда Жамбыл облыстық еңбекшілер депутаттары советі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1941 жылдың сәуір айында қызметінен босатылған.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ, ЗАҢ САЛАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСШЫЛАРЫ
Жамбыл облысы халық сотының алғашқы төрағасы – Атамқұл Жаңабаев. Ол 1910 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан білімге құмар Атамқұл Әулиеата қаласындағы мұғалімдер даярлайтын мектепті бітіргеннен кейін Талас ауданының мектебінде мұғалім, одан кейін Талас аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. 1936 жылы Алматы Заң мектебін бітірген. 1939-1941 жылдар аралығында жаңадан құрылған Жамбыл облысының сот төрағасы қызметін атқарды. Одан кейін 1941 жылы Мәскеу Заң академиясына оқуға түсіп, оны 1947 жылы Алматы қаласындағы заң институтында аяқтаған. Оқуға түскен жылы ел үшін, жер үшін майданға аттанып, одан аман қайтып, оқуын тәмамдаған соң өз қызметін елде жалғастырды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.
Жамбыл облысының алғашқы прокуроры – Хәкім Сәдуақасов.
Хәкім Сәдуақасов 1915 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданының Қызылту ауылында дүниеге келген. 1931 жылы еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған ол өзінің білімге деген құмарлығымен, іскерлігімен ерекшеленді. Совет Армиясы қатарында азаматтық парызын өтеп келгеннен кейін де құқық қорғау саласында еңбек етеді. 1937 жылы Алматы қаласындағы Совет құрылысы және құқық институтын бітірген. 1937 жылдың маусым айынан бастап желтоқсанға дейін Қостанай облыстық прокуратурасында еңбек етеді. Бұдан кейін оны Қарағанды облыстық прокуратурасына бөлім бастығы етіп тағайындайды. Қазақ ССР және СССР прокуратурасының бұйрығымен 1939 жылы Жамбыл облысының прокуроры қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 1941 жылға дейін атқарды.
Халық Комиссарлары Ішкі істерінің Жамбыл облыстық басқармасының (НКВД) бастығы – Иван Иванов. Ол 1901 жылы 29 тамызда Ресейдің Горький өлкесінің Кострома губерниясындағы Варновина селосында дүниеге келген. Еңбек жолын алғаш Ташкент, одан кейін Орынбор қалаларындағы теміржолда бастаған. Балалық шағы Ақтөбе қаласында өтеді. 1917 жылы Ақтөбе қаласындағы екі сыныптық орыс-қырғыз училищесін бітірген. Ал, 1930 жылы Мәскеу қаласындағы ОГПУ мектебінде білім алады. 1926 жылдан бастап НКВД органдарында жұмыс істеген. Әскери дәрежесі – аға лейтенант. Жамбыл облысына келгенге дейін ол Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында НКВД саласында әртүрлі деңгейдегі қызметтерді атқарған. Халық Комиссарлары Ішкі істер Жамбыл облыстық басқармасының бастығы қызметіне 1939 жылы тағайындалып, 1941 жылы жұмыстан босатылған.
Жамбыл облысы ішкі істер басқармасының бастығы – Александр Козлов. Ол 1898 жылы Москва қаласында дүниеге келген. 1914 жылы Москва қаласындағы үш сыныптық қалалық училищені бітірген. 1920 жылға дейін әртүрлі жұмыстар атқарған. 1920 жылы Қызыл Армияның қатарына алынады. 1923 жылы Курсанттар мектебін бітіреді. Міне, сол жылдан бастап ішкі істер қызметімен өмірі жалғасады. Тыңшылық қызмет атқарады. 1930 жылы Көкшетау, одан кейін Петропавловск қалаларында қызмет істейді. 1936 жылдан бастап Халық Комиссарлары Ішкі істер басқармасында еңбек етеді. 1939 жылы облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл қызметті 1942 жылға дейін атқарды.
***
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі – Мамед-Багир Ибрагимов. Бұл қызметті облыстың алғашқы бас дәрігері облыс құрылған күннен бастап 1945 жылға дейін атқарды. Ол 1905 жылы Әзірбайжан Республикасында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1927 жылы Баку қаласында жұмысшы фкультетін бітіреді. 1930 жылы Баку қаласындағы тіс дәрігері институтын тәмамдайды. 1934 жылы Қазақстанға келгенге дейін ол туған өлкесінде әртүрлі қызметтер атқарады. 1935-1936 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісінің орынбасары және бөлім бастығы, Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
Жамбыл облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі – Александра Максимова. Ол 1899 жылы сәуір айында Өскемен қаласында дүниеге келген. Әйелдер училищесін толық аяқтамай, 1917 жылы жекеменшік дәріханада еңбек етеді. 1919 жылы билікке советтер келгеннен кейін селолық советтің көшіруші қызметін атқарады. 1920 жылы талапты жасты селолық совет қызыл мұғалімдер курсына оқуға жібереді. Курсты бітіргеннен кейін Кутузов селосында мұғалім болады. Алғаш орыс балаларын оқытса, кейін қазақ балаларына тәрбие береді. 1928 жылдары балалар үйін меңгереді. Одан кейін Марқакөл аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқарды. Ол қызметін Зайсан ауданында да жалғастырады. 1938 жылы дәрігерлердің талабы бойынша Зайсан аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісіне тағайындалады. Одан кейін Павлодар облыстық денсаулық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1939 жылы дәрігерлік білімі жоқ болғандықтан, оны бұл қызметтен босатып, еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық советі атқару комитетіне референт етіп жібереді. Ал, 1939 жылдың қазан айынан бастап Жамбыл облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 1944 жылға дейін жемісті атқарды.
Коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі – Василий Тарасов. В.Тарасов 1895 жылы Ленинград облысында жұмысшының отбасында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1919 жылдан бастап Қызыл Армияның қатарында қызмет атқарады. 1932 жылға дейін, яғни, Қазақстанға келгенше сауда саласында ревизор, өкілетті өкіл, басқа да қызметтерді атқарып, 1930 жылы Ленинград облысындағы Остров қалалық Советтің төрағасы қызметін атқарады. 1931-1932 жылдары Жоғары Совет құрылыс курсында оқиды. Оқуды бітіргеннен кейін 1932-1940 жылдары Алматы қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарады. Ал, 1940 жылдың 25 наурызынан бастап ол Жамбыл облыстық коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Ал, 1941 жылдың 11 шілдесінде облыстық партия комитетінің шешімімен қызметін атқара алмағаны үшін жұмыстан босатылған.
Жамбыл облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі – Николай Самуилов. 1902 жылы Калинин облысында шаруаның отбасында дүниеге келген. 1910-1938 жылдар аралығында ол екі сыныптық бастауыш мектепте, жұмысшылардың кешкі мектебінде білім алады. 1936 жылы қаржы академиясына оқуға түсіп, оны бітіріп шығады. Ал, 1918-1921 жылдары Қызыл Армия қатарында болады. 1938 жылы Қаржы академиясын бітіргеннен кейін Ақтөбе облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1939-1941 жылдары Жамбыл облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі болды. 1941 жылдың шілдесінен бастап Жамбыл облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып тағайындалады.
Облыстық білім бөлімінің меңгерушісі – Шалтай Оспанов. 1911 жылы Қарағанды облысының Қарсақбай ауданының №4 ауылында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында орта мектепті бітіргеннен кейін 1926 жылы Қызылорда қаласындағы оқу-ағарту институтына оқуға түседі. Одан кейін Қарсақбайдағы фабрика-зауыт училищесінде мұғалім болады. 1933 жылдың қазан айына дейін аудандық «Қызыл кенші» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарады. 1933-1935 жылдары Қызыл Армия қатарында азаматтық парызын өтеп келгеннен кейін Қарсақбай аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Одан кейін Қарсақбай орта мектебінің директоры болды. Ал, 1938-1939 жылдары ол Қазақ ССР Халық Комиссарлары оқу-ағарту министрлігінде басқарма бастығы болады. Ал, 1939 жылдың қазан айында оны жаңадан ұйымдастырылған Жамбыл облысының білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқаруға жібереді. Ол кезде бөлім меңгерушісі міндетін Еңбекшілер депутаттары облыстық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары атқаратын. Ал, 1940 жылдың маусым айында ол осы бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалды.
Іскерлігімен көзге түскен Шалтай Оспанов 1940 жылдың маусым айында Жамбыл облыстық партия комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы болып сайланды. Одан кейін ол Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды.
МӘДЕНИЕТ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫНАН ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ
Оқырмандарға түсінікті болу үшін мына мәселені де айта кеткенді жөн санадық. 1954 жылға дейін облыста мәдениет бөлімі құрылмаған. Бұған дейін бұл міндетті еңбекшілер депутаттары облыстық советі атқару комитетінің жанында мәдениет жөніндегі инспектор атқарған. Жалпы мәдениет бөлімі құрылғанша оның қызметін білім бөлімдері үйлестіріп жүрді. Дегенмен, уақыт өте келе мәдениет саласын өз алдына бір сала ретінде қарастыру қажеттілігі бары ескеріліп, 1954 жылы мәдениет бөлімі құрылған. Ал, оның алғашқы басшысы – меңгерушісі болып Есмағамбет Ақылбаев тағайындалады.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект жаңа мүмкіндікке жол ашады
- Бүгін, 12:35
Қандай техникалық мамандықтар сұранысқа ие?
- Бүгін, 12:21
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді