«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика

Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
Ашық дереккөз
«Балалық шақ – патшаның тағы» демекші, адам өміріндегі ең ғажап уақыт балдәурен кезең. Өмірдің ойынына батып, алаңсыз тірлік кешкен ғажап уақытқа не жетсін, шіркін! Ал, сол тәтті шақтың қызықтары туралы әдебиетте Бердібек Соқпақбаевтан артық жазған қаламгер жоқ. Автордың күллі қазаққа белгілі «Менің атым Қожа» шығармасына кино түсірілсе, бүгінде елдегі театр сахналарында тамаша қойылымдар көрсетіліп жатыр. Облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры биылғы 89-маусымындағы алғашқы премьерасы «Менің атым Қожа» спектаклін сахналады.

Адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелейтін, кейіпкерлерін ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін қойылымды жергілікті жұртшылық жылы қабылдады.

«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» деп басталатын шығарманы аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындының желісі бойынша сахналанған қойылымда Қожаның басынан өткізген оқиғалары, сондай-ақ достық пен мейірімділік сынды киелі ұғымдар дәріптеледі. Спектакль жасөспірім баланың мысалында ата-ана, мектеп және қоршаған орта арасындағы қарым- қатынасты ашып көрсетіп, отбасылық институттың маңыздылығын таныта түседі. «Әжем мен анама өмірдің бар бақытын көрсетсем деймін», деп армандайтын жасөспірімнің ара- тұра сыртқа шығып кететін тентек мінезі көпке ұнамағанымен, Қожадан айналасындағылар үлкен үміт күтеді. Осындай сәтте қазақтың тентекті тыйып, тезге салатын тәрбие мектебі бар емес пе... Бала Қожаны мектеп, сыныптастары, анасы мен әжесі болып ізгілікке шақырады.

«Тентек баладан текті азамат шығады» деп сенетін қазақ үшін қойылымда бала сотқарлығы ұлттық мінездің көрінісі ретінде суреттеледі. Расында Қожаның бұзықтығы–оның бойында тұнып тұрған қайсарлықтың буырқанған көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда шығарма Оралхан Бөкейдің «Құм мінезімен» үндеседі. Ал, анасының Қаратайға тұрмысқа шығып кетпесе екен деген уайымы оның психологиялық ахуалды үлкен адамдарша танитын эмпатиялық сезімінен хабар береді. Бүгінде көшбасшылықтың негізгі компоненттерінің бірі саналған осы эмпатиялық сезім бизнесмендер мен саясаткерлер үшін ең қажетті қабілеттер қатарында. Бұл туралы отандық «Natige» компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ерлан Әшім «Бизнес-тренингтер мен семинарларда көптеген азаматтар менен қандай кітап оқуға кеңес бересіз?» деп сұрап жатады. Мен Бауыржан Момышұлының шығармалары мен «Менің атым Қожаны» ұсынамын. Әрине, бұған таңғалатындар көп. Ал, оның себебі Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнатып, коммуникативтік дағдыларды терең меңгеруінде. Оның сотқар Сұлтанмен де, мұғаліммен де, үлкен адамдармен де тіл табысып, анасының көңіліне қарайлап, көкейіндегі сұрақты қоюды кейінге қалдыра беретіндігі, адам көңіліне қарайласуы нағыз көшбасшыға тән қасиет. Қожаның бойындағы энергия Уоррен Баффетт пен Абайдың айтатын ыстық қайраты, оның адам жанының нәзік тұстарын сезетін сезімталдығы–жылы жүрегі. Егер ол дәл осы заманда өмір сүрген болса, сөзсіз табысты көшбасшы болар еді», дейді.

Қожаның қоғамда өз орнын табуына, азаматтық тұрғыдан жетілуіне көп адам ықпал етті. Олар – үйіндегі анасы мен әжесі, ұстазы Майқанова, ең арысы – досы Сұлтан және сыныптастары. Драма соңындағы анасының баласына деген сенімі жасөспірімнің ойын 180 градусқа өзгертіп, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды жағымды жаққа бұрып жіберді. «Мен мына байтақ даланың Қожасымын» деп арқалануы да дархан даладағы еркін қазақ халқының мінезін танытады. Осы арқылы жазушы Бердібек Соқпақбаев қазақ – өзі жайлап отырған мемлекеттің қожасы екенін осы жолдармен-ақ бейнелеп жазып кеткендей...

Жалпы, жазушының ғасырлық мерейтойына орайластырылып қойылған қойылымның құрамы да дені жастардан құралған. Мұнда басты рөлдегі Нұрасыл Шегатай, Жанар рөліндегі Аяна Өмірбек, Жантасты бейнелейтін Елдос Ақылов, Сұлтанды ойнаған Серікбай Малбағаров сынды жас актерлердің сахнадағы талпыныстары көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, Миллат рөлін Мәдениет саласының үздігі Жадыра Құлтаева, Рахманов ағайды Жандос Ильясбеков, Майқанованы Индира Мұстафаева жоғары деңгейде сомдап шықты. Қойылымның қоюшы-режиссері Саламат Мырзатаев, қоюшы суретшісі – Әйгерім Амангелді сахналық ойындар арқылы сахна атмосферасын неғұрлым көрерменге етене жақын еткісі келгендігін аңғаруға болады. Достық пен адалдықты, мейірімділік пен махаббатты ту еткен туынды жас көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар