Жаңадан құрылған облыстың негізгі өндіріс, мәдениет ошағы Жамбыл қаласы болды. Сондықтан да 1939 жылдың соңы мен 1940 жылдың басындағы қала тыныс-тіршілігі кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Жамбыл қалалық партия комитетінің қорында сақтаулы 1940 жылдың 27 ақпан және 1 наурыз аралығындағы өткен алғашқы үлкен жиынның баяндамаларында облыс аумағындағы ірі өндіріс орындары 1939 жылы келесідей өнім бергенін жазған: Жамбыл қант зауыты 8663,5 мың, ет комбинаты – 1422,3, нан комбинаты – 1827,9, жүн жуу кәсіпорны – 1228,4, балық зауыты – 176,9, кірпіш зауыты – 177,7, Майтөбе май зауыты – 80, Билікөл май зауыты – 110, Жамбыл май кәсіпорны – 111,3, баспахана – 257,6, ұн комбинаты 1775 мың рубльдің өнімін өндірген.
Мұрағат құжаттарында кейбір зауыттар белгіленген жоспарларды орындай алмағаны да айтылған. Оның басты себебі зауыттардың толық қуатында жұмыс істеуі үшін көмірдің жетіспеуі. Ал, көмір өндіретін Жуалы ауданындағы Боралдай кен орнының қарқынды жұмыс істеуіне зауыт ықпал жасай алмаған. Көмірдің жетіспеуінен кірпіш зауыты да белгіленген жоспарды орындамаған. 8 миллион кірпіштің орнына 5 миллион дана ғана кірпіш өндірген. Иә, Жамбыл өңірінде аз да болса көмір кені сол кезеңдерде өндірілгені тарихи дерек.
Сонымен бірге қалада алты өнеркәсіп артелі жұмыс істеді. Мұның сыртында бес шағын және мүгедектер артелі өз өнімдерін шығарды. Міне, осы деректерден-ақ қалада қандай өндіріс орындары болғанын байқайсыз.
Теміржолда жүк айналымы өсті. Мәселен, 1938 жылы Жамбыл теміржолында жүк тасымалдау жоспары 117 пайызға орындалса, 1939 жылы бұл көрсеткіш – 132,9 болды. Яғни, өнімнің артуымен байланысты оны өткізу, тасымалдаудың қажеттілігі туындады.
Сол жылдары Әулиеата ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы) Жамбыл қаласына бағыныста болатын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына қызмет көрсететін екі МТС қалада орын тепкен еді. 1939 жылы «Әулиеата» және «Комсомольск» МТС-терінде 16 ЧТЗ, 102 СХТЗ, 55 Уневерсал тракторлары болды. Айта кететін жай, дәл осы МТС-тардың бірінде даңқты сұрмерген атанған Ыбырайым Сүлейменов те соғысқа дейін қызмет етіп, майдан даласында көзкөрген әріптестерімен хат алмасып тұрған. Аталған хаттар әлі күнге дейін облыстық архив қорында сақтаулы.
Дихандар әр гектардан 214 центнерден қант қызылшасын, 5,4 центнерден мақта, 8 центнерден астық алды. Ауданда 2617 жылқы, 3065 ірі қара, 11514 қой-ешкі, 202 шошқа болды.
1939 жылы қалада тауар айналымы 68 миллиард 720 миллион рубльге жетті. Бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға көп болатын. Сол кездері қалада 32 тонна нан өнімдері өндірілген.
Сол уақыттың тыныс-тіршілігін тереңірек білу үшін кейбір деректерге де көз жүгірткен жөн шығар. Мұрағаттағы қалалық атқару комитетінің (қазіргі тілмен қала әкімдігі) сол жылғы құжаттарында жеке тұлғалардың өтініштері мен қала шаруашылығының қызметі туралы тұрақты талқыланғанын аңғарасыз. Мәселен, 2 желтоқсанда қалалық советтің төралқасында қала базарларындағы жағдай сараланыпты. Қалалық советтің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты П.В.Бученконың төрағалығымен өткен мәжілісте сол кездегі базарлардағы түйінді мәселелер қазір де өзекті екеніне көзіңіз жетеді. Мәжілісте есеп берген базар басқармасының бастығы Чернышовтың атына өткір сындар айтылған. Базарда саудагерлер мен алыпсатарлар, маскүнемдер өздерін еркін сезінеді деген пікірлер жиі естілген. Сауда жасаушылардың патенттері жоқ. Ет корпусын алыпсатарлар жайлап алған. Американдық (неге осылай атағандығы туралы деректі таба алмадық) ларектердің бәрін жабу, базарға телефон желісін тарту, тазалықты жақсарту, сатушылардың сауда мәдениетін көтеру мәселелері қозғалыпты.
Қалалық коммуналдық шаруашылығының жұмысын талқылаған мәжілісте №18 балалар үйіндегі жағдай, атап айтқанда тәрбиешілер тарапынан болатын қатыгездік, қалалық АҚАЖ (ЗАГС) жұмысын саралағанда онда жұмыс орнының талапқа сай еместігі айтылыпты. Сонымен бірге оның қызметінің бағасы бекітілген. Мәселен, үйленушілер 3 рубль төлем төлесе, бірінші рет ажырасқандар –50, екінші рет ажырасса – 150, үшінші рет ажырасқаны жөнінде тіркеуден өтсе 300 рубль төлем төлеген. Яғни, «үйлену – арзан, ажырасу – шығын» деген пікірді қалыптастырады. Расында ажырасу қоғамның кеселі екенін ерте ұғып, сол заманда-ақ алдын алу шараларын осылай жасаған болса керек.
Ал, қалалық саябақтың жұмысы сөз болғанда оның жұмыс кестесі мен қызмет түрлері және оның бағасы бекітілген. Саябаққа кіру үшін 50 тиын төлеу мөлшері белгіленген. Егер саябақта сол күні қойылым болатын болса 1 рубль төлеген. Саябақ деп отырғанымыз қазіргі қаланың қақ ортасындағы Тұрар Рысқұлов атындағы демалыс саябағы. Ол жерде кімдер болмады десеңізші. Елуінші жылдары қаламызға жер аударылып келген Леонид Брюммер де осы саябақта еңбек жолын жалғастырып, оны қағазға көп түсірді емес пе?! Саябаққа жақын маңда тұрған ол достарының шақыртуымен сол жерге суретші болып орналасты. Кейінірек облыстық-тарихи музейінің қызметкері болып, бар суретін Жамбыл қаласына мұра етті. Сол суреттер арасынан қаланың ерте кездегі келбетін айнытпай көруге болатыны да ғажап қой.
Мұрағат құжаттарын ақтарған сайын әртүрлі деректерге тап болатыныңыз анық. Көпшілік қазақ жеріне жер аударылғандар Ұлы Отан соғысы жылдары келе бастаған деп ойлайды. Алайда, мұрағат құжаттарында елімізге жеріміз бен елімізді орыс отаршылдары басып алған жылдардан бастап сырттан көшіріліп әкелгендер көп болған. Бұл жұмыс 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін жоспарлы түрде жүргізілген. Біздің басты тақырыбымыз облыс құрылған жылдың оқиғалары мен деректері болған соң сол жылы облысқа жер аударылғандар туралы ғана айтайық. 1939 жылдың ақпан айында Жамбылға Әзербайжаннан жер аударылған ирандықтарды жеткізу жұмысы аяталғаны туралы мәлімет бар. Онда Жамбыл жеріне 685 адамды құрайтын 169 иран отбасы жеткізілгендігі, олардың 100-нің паспорты болғандығы айтылған. Сонымен бірге олардың өздерімен бірге ала келген жүктері туралы да толық мәлімет бар. Тіпті сандықтарының, оның ішіндегі киімдері мен қазан-ошақтарының түрі мен түсі де жазылған. Көпбалалы аналарға ақшалай жәрдем беру еңбекшілер депутаттары облыстық советі атқару комитетінің арнайы қаулысымен берілген екен. Мұндай қаулы айына бірнеше рет қабылданған. 1939 жылы қыркүйек айында Жамбыл ауданы бойынша бірнеше ана ақшалай төлем алыпты. Жамбыл қаласының Союз-Қосшы көшесінің 6-үй тұрғыны Төлеген Сайтжановаға жетінші баласын туғанда 2000 рубль берілген. Ол ендігі жерде жетінші баласы бес жасқа толғанға дейін жыл сайын бір рет осындай көмек алатын болады делінген қаулыда. Бұл әлеуметтік қолдаулардың сол кезеңдерде де қолға алынғаны көрсетілген. Алайда, мұндай жәрдемдердің соғыс жылдарында және одан кейін азайғанын да құжаттардан аңғару қиын емес.
Жамбыл қаласында 21 бөлмеден тұратын шағын қонақүйдің әр орнының бағасын қалалық советтің төралқасы бекітіп беріпті. Бір орындық бөлменің бір күнгі бағасы 15 рубль болып белгіленсе, бес кісілік бөлмедегі бір орнының бағасы 6 рубль болған.
Қалада ағаш кескендерге айыппұл салу да қалалық советтің назарында болған. Мәселен, 1939 жылдың 21 наурыз күнгі өткен мәжілісінде Пушкин көшесінің 85 үйінің тұрғынына ағашты кескені үшін 100 рубль айыппұл салған. Сонымен бірге осы мәжілісте базарда алып-сатарлықпен сіріңке, газет, темекі сатушыларды жазалау қажеттілігі айтылған. Бұл жұмысқа көше комитеттері белсене араласқан. Барлығы сол кезеңде қалада 21 көше комитеті жұмыс істеген.
Жамбыл облысының құрылуына және оның орталығы Жамбыл қаласының болуына байланысты қалалық совет жедел түрде қызметкерлерді пәтермен және кеңселермен қамтамасыз ету шараларын бірінші кезекте назарда ұстаған. Осыған байланысты қазан, қараша және желтоқсан айларында қалалық советтің президиумының отырысында бірнеше шешім қабылданып, пәтерлер, кеңселер босатылған. Тұрғын алаңы артық, отбасының мүшесі аз, басқа жерде үйлері барлар және пәтер ақының уақтылы ақысын төлемегендер пәтерлерден көшірілген. Олардың біразына пәтер берілсе, енді бір бөлігіне берілмеген. Сонымен бірге облыстық мекемелерге де жедел түрде ғимараттар іздестірілген.
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Жамбыл облысын ұйымдастыру комитетін Базар көшесіндегі балалар бақшасының ғимаратына, облыстық жер басқармасын жылқы техникумының ғимаратына, облыстық милиция басқармасын халық шаруашылық есеп техникумының жатақханасына орналастыру, өнер істері жөніндегі басқармаға театр мекемесінен орын беру туралы шешім қабылдаған. Осылайша қызметкерлер мен мекемелерді орналастыруда қалалық совет барынша ұтымды жұмыс жүргізуге ұмтылған.
Сол кезеңдерде облыс әкімшілігінің ғимараты қазіргі Байтасов пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы ғимаратта болған деседі. Қазір оның орнында заман талабына сай «Шахристан» қонақүйінің ғимараты бой көтерген.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының Шерхантану бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Барлық көрсеткіште ілгерілеушілік бар
- 3 желтоқсан, 2024
Қаланың даму жоспары жүйелі орындалып келеді
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді