«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіпті дерттің алдын алу маңызды

Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
Ашық дереккөз
1 желтоқсан – Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС) күрес күні. Осыған орай жыл сайын елімізде онкүндік ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл науқан Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бастамасымен «Адам құқықтары жолында – дұрыс жолды таңдаңыз» деген ұранымен ұйымдастырылуда.

Облыстық адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) күрес орталығы мамандары жыл сайын акцияның ауқымды өтуіне көңіл бөліп келеді. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табуда.

«Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының АИТВ /ЖИТС-тің алдын алу бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Калметованың айтуынша, онкүндік аясында Тараз қаласы мен аудандардағы бірнеше жоғары оқу орындары мен білім мекемелерінде кездесулер және адам көп шоғырланатын орындарда акциялар өткізілді. Оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер мен жастар, денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты.

– Бүгінгі күні облысымызда АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында профилактикалық жобаларды іске асыратын 6 стационарлық Сенім пунктері мен «Жан-Нұр» жастар денсаулық орталығы жұмыс істеуде. Облыстық ЖИТС орталығы халықты ақпараттандыру, алдын алу шараларын енгізу және жедел тестілеудің қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқарып келеді. Атап айтсақ, 20 қарашадан бастап ЖИТС орталығында қала тұрғындары үшін «Ашық есік күні» өткізілсе, №2 қалалық емхана жанынан құрылған «Жан-Нұр» жастар денсаулық орталығы №5 қалалық емхана қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізді. Ал, Шу қалалық емханасы мен Қордай аудандық орталық ауруханасында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Ал, жоғары оқу орындары студенттері мен білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған дәріс, «MART» сауда орталығында облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы мен «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бірлесіп, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды акция ұйымдастырылды, – дейді Гүлжан Калметова.

Онкүндік бұл іс-шаралармен тоқтап қалған жоқ. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімі, №5 қалалық емхана және облыстық ЖИТС орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№59 мекеме» Республикалық мемлекеттік мекемесінде сотталған азаматтарға шараның тақырыбы аясында шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Ал, «Достық» үйінде өткен семинар-тренингке қала тұрғындары мен студенттер қатысты. Кездесулерде мамандар АИТВ инфекциясын және алдын алу шаралары туралы айтып, қауіпті жағдайларсыз салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шара барысында АИТВ статусын білуге ниет білдіргендерге жедел тестілеу әдісі ұсынылды. Барлық тестіленушілермен медициналық қызметкерлер тестке дейін кеңес беріп, сұрақтарға жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар