Өнеркәсіп өрістеп, асыраушы сала алға басып келеді
Өнеркәсіптің өркендеуі экономиканың қарыштауына ғана емес, тұрғындар тұрмысының түзелуіне де оң септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта ағымдағы жылы өнеркәсіп көлемінің жоспары 483,0 миллиард теңге болса, 9 айдың қорытындысымен нақты орындалғаны 345,0 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қаламыздағы «Казфосфат» ЖШС, «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ, ЖЗМК «Имсталькон», «Запчасть» АҚ секілді негізгі ірі кәсіпорындарының есебінен орындалуда. Ал, 2025 жылы өнеркәсіп көлемін 515,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында 2024 жылы 10 инвестицялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Alina Group» ЖШС – құрғақ құрылыс қоспалар зауыты мен «Алель-Агро» ЖШС – инкубатор салу жобасы өз жұмысын бастады. Енді жыл соңында тағы 8 жоба іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Тараз» индустриалды аймағында 2024-2025 жылдары жеке инвесторлар тарапынан құны 92,7 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асырылады.
Асыраушы сала – ауыл шаруашылығында да ілгерілеу басым. Айталық, аталған салада өнім көлемін 2024 жылы 12,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 9,4 миллиард теңге нақты орындалды. Бұған қоса ағымдағы жылы ауылшаруашылық саласында 12 инвестициялық жобаны ашу жоспарланса, есепті кезеңде оның 11-і іске асырылды. Осылайша, есепті кезеңде 117,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Осы жылғы көрсеткішті орындау мақсатында арнайы алгоритм де әзірленген. Соған сәйкес ірі жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу «Тараз» индустриалды аймағындағы жобалардың есебінен орындалмақ.
Нәтижесінде биылғы жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісіндегі барлық меже толығымен өз нәтижесін береді.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде
Халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім», «Баспана – бақыт шамы» деген тәмсілдер бар. Сондықтан, әр азамат өз баспанасына қол жеткізуді мақсат етеді. Бүгінгі күні облыс орталығында 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 50 үйдің құрылысы жүргізіліп, «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы 12 үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 700-ден астам отбасы баспаналы болды. Ал, биыл даму картасында 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Қазір Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің 7-і қолданысқа қабылданса, 5-ін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал, қалған 4 үй 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар, мұнда тағы 30 үйдің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда жоба әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді.
Сондай-ақ, Сүлейменов көшесінің соңындағы «Ұлы дала» (15) шағынауданында бой көтерген 34 көпқабатты тұрғын үйдің 10-ы пайдалануға беруге дайын тұр. Ал, 17 үйдің құрылысы жыл соңына дейін тәмамдалса, қалған 7-і келер жылға өтпелі. Бұған қоса «Автобекет» маңындағы №14 шағынауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Осы ретте айта кетерлігі, мердігерлердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы көзделсе, оның 16-сы өткен жылы-ақ ел игілігіне беріліп үлгерді. Енді биыл жыл соңына дейін 34 көпқабатты тұрғын үй өз иесін табады.
Екі жылда 300-ге тарта көше асфальтталды
«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенеді. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек.
Бүгінде облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.
Үш жылдық даму картасында 2023 жылы ұзындығы 69,9 шақырымды құрайтын 116 көшені орташа жөндеу жоспарланған болатын. Өткен жылы 3,6 миллиард теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайтадан жаңғыртылды. Ал, ағымдағы жылы 78,1 шақырымды құрайтын 110 көшені орташа жөндеу жоспарланса, бүгінде 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше жаңғыртылып, 165 көшеге шағал төселді. Сонымен қатар, биыл шаһарда 23 шақырымды құрайтын 12 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 69 пайызға дейін артты.
Айрықша атап өтерлігі, көптен бері өзекті болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына 33,7 шақырымды құрайтын 75 көшеге асфальт жол төсеу қарастырылған. Өткен жылы 13 көше асфальтталса, биыл олардың саны 33-ке жетті. Қалған 29 көше 2025 жылға өтпелі. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабына асфальт жол жабындысын төсеу бойынша жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальттау көзделген болатын. Былтыр қоғамдық көлік жүретін Құрманбетов көшесіне асфальт жол жабындысы төселіп, биыл 7 көше жаңа асфальттың игілігін көрді. Қалған 16 көше 2025 жылға өтпелі.
«Ұлы дала» шағынауданындағы мәселелер шешімін табуда
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі қызметіне кіріскен сәтте облыс орталығындағы ең өзекті мәселелердің бірі – «Ұлы дала» шағынауданы болатын. Айталық, 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аталмыш шағынауданда 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу қажет болатын. 2015-2017 жылдар аралығында инженерлік-инфрақұрылым (табиғи газ, ауыз су, кәріз жүйесі, жылу, электр желілері, әлсіз ток желілері) желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жобаға сәйкес тартылды. 2018 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Алайда, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының бірнеше рет ауысуына байланысты аталған аумақта ғимараттардың саны екі жарым есеге артты. Соған байланысты бірқатар проблемалар туындаған еді. Сол мәселелерге қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында ерекше екпін берілді.
Қазір «Ұлы дала» (15) шағынауданында 53 000 адам тұрмыс кешуде. Жалпы аумағы 917 418 шаршы метрді құрайтын аумақта 14 402 пәтер салынады деп жоспарланды. Бүгінде мұндағы көпқабатты тұрғын үйлер саны 144-ке дейін өсіп, 967 жеке тұрғын үй, 4 орта мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық орталық (жедел жәрдем станциясы), 1 мешіт, 6 жеке кәсіпкерлер («Бином» ЖШС) есебінен тұрғын үй, 1 балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру мектебі (ФОК), 1 оңалту орталығы және 2 мемлекеттік әкімшілік ғимарат қарастырылған. Нәтижесінде шағынауданда 4 мектептің құрылысы жүруде. Оның біреуі 2023 жылы пайдалануға берілсе, қалған үш оқу ордасының құрылысы биыл аяқталады деп көзделіп отыр. Оның ішінде екі білім ошағының құрылысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Samruk-Kazyna Costruction» АҚ-ның демеушілік есебінен жүргізілуде. Сонымен қоса, нысаналы мақсаттағы бес балабақша құрылысына арналған жер телімдері аукцион арқылы жеке кәсіпкерлерге сатылып, құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сонымен қатар, Сүлейменов көшесінің соңындағы Оңалту орталығының құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеден артта қалуына және өз міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты «Qaratau Construction» ЖШС-мен келісімшарт бұзылып, жобалау-сметалық құжаттамасына ішкіалаңдық желілері мен абаттандыру жұмыстары қосылып, түзетулер енгізілді. Бүгінгі таңда «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 2023 жылдың 18 қыркүйегінен бастап құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанның құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, 2018-2023 жылдар аралығында «Ұлы далада» 110 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Айталық, 2023 жылдың өзінде 12 кредиттік тұрғын үй бой көтерсе, биыл 34 көпқабатты тұрғын үй бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, 10 тұрғын үй пайдалануға қабылданса, 17 үйді құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес қалған 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
«Ұлы Дала» (15) шағынаудандағы магистралды инженерлік желілердің қуаты жетпеуіне байланысты желілерді кеңейту және әлеуметтік тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік-инфрақұрылым желілерінің (су, газ, электр, кәріз, жылу) құрылыс жұмыстары ұйымдастырылып, жоба әзірленді. Сондай-ақ, ауыз су, кәріз, газ желілері бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толығымен тәмамдалды. Бұған қоса аталған шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында ішкіалаңдық жолдарының, тротуарларының, аялдамаларының, арық желілерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстары да қарастырылған. Соған орай аталған нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасының бастапқы деректері жинақталып, жоба әзірленуде. Жобалаушы мекеме – «Alpha-Pro» ЖШС. Ал, нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025 жылы жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру мектебі (ФОК) мен әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша да жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде.
Жалпы, отызға жуық көше болатын болса, қазіргі күні 16 көше толықтай асфальтталды. Қалған көшелер келер жылы толықтай жөнделеді.
Кәріз суларын тазарту кешені салынады
Тараз қаласындағы үлкен мәселелердің бірі кәріз суларын тазарту кешені (КОС) болатын. Бұл жұмыстар бойынша да жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленді. Бүгінгі таңда техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтті. Аталған сараптама қорытындысы алынғаннан кейін халықаралық конкурс өткізіліп, ЕРС мердігер анықталады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталып, 2027 жылы пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Абаттанған аулалар жетерлік
Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие. Бұл, бір жағынан, шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Бүгінде бұл бағытта шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, биыл аулаларды абаттандыру, оның ішінде, ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, 25 мекенжайда абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру бұқаралық спортты дамытып, спорт алаңшаларын көптеп салумен ұштасып жатыр. Бұған қол жеткізу мақсатында Тараз қаласында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында шаһар бойынша 24 шағын футбол алаңшасын салу қажеттілігі туындаған болатын. Соған орай биыл облыс орталығында тоғыз алаңша арнайы отыратын орындығымен ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтіріліп, жаңа кейіпке енді. Осылайша, ағымдағы жылы тұрғындар жаңа шағын футбол алаңшаларының игілігін көруде.
Бас жоспар – басты бағдарымыз
Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленіп, бекітілді. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды құраса, жаңа Бас жоспарда 31 694 гектарды құрайды.
Бүгінгі күні, қаланың халық саны 435 мыңға жуық. Оған қоса, шаһар маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан 45 700 адам тұратын аумағы 12 906,5 гектарды құрайтын 14 елді мекеннің қосылуы көзделіп отыр. Бұл жағдайда халық саны 480 мыңнан асатын болады.
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады. Соған орай ағымдағы жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етеді.
Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады. Осы мақсатта екі бірдей көпір құрылысын салу жоспарланған. Олардың біріншісі – «Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу» жобасы. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын құрылыс бойынша қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Екіншісі – «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы. Оның құны 23 миллиард теңгені құрайды. Бұл бойынша да қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылған.
Бос жатқан жерлер иесіз қалмайды
Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу кезегінде бүгінгі күні 128 724 азамат тіркелген. Оларды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектар, «Хамукаттағы» 126 гектар және «Қарасай» 126,6 гектар алқаптарында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қазіргі таңда Асқаров көшесінің соңында көлемі 2,2 гектар
1 жер учаскесі және «Хамукат» алқабында 5,9 гектар 2 жеке жер пайдаланушыдан жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы 2024 жылға жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен қайтару жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 43,5 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Әлеуметтік салалардың әлеуеті артуда
Кез келген өңірдің дамуы тек экономика және инфрақұрылыммен ғана емес, әлеуметтік салалардың да ілгері жылжуынан байқалады. Үш жылдық даму жоспарында аталған салалардың алдағы бағыт-бағдары айқындалған.
Мәселен, білім саласында 2023-2024 жылдары жалпы құны 13,2 миллиард теңгеге 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Осыған орай 2023 жылы «Ұлы дала» (15) шағынауданында 1 200 орынды мектептің және №6 орта мектептің спорт залына жапсарлас ғимаратының құрылысы аяқталды. Ал, биыл «Казарма» алқабындағы 180, «Арай» алқабында 600 орын және «Бәйтерек» (13) және «Ұлы дала» (15) шағынаудандарында 1 200 орынды «Жайлы мектептер» есігін айқара ашты. Ал, қалған 3 білім ордасының құрылысы әлі жалғасуда. Сонымен қатар, биыл №15 орта мектепке 300 орынды жапсарлас ғимаратының құрылысы жүруде.
Денсаулық сақтау саласында жедел жәрдем станция құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Спорт саласында да оң серпін бар. Айталық, 2023 жылы даму картасында көзделген «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешені ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 15-шағынауданынан спорт кешенінің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан облыс орталығында 3 спорт нысаны бой көтерді.
Жұмыспен қамту саласында 2024 жылы жеке, бюджеттік инвестициялық жобалардың және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында 10 662 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, есепті кезеңде оған 15 742 адам тартылды. Оның 6 674-і уақытша, 9 068-і тұрақты жұмыс орны. Ал, 2025 жылға 17 000 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған.
Мәдениет саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, «Тектұрмас» кешенінде басталған «Көне қамал» ғимаратының құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Туризмді дамыту бағытында ағымдағы жылдың 27-28 қыркүйек аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені алаңында «Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Фестиваль аясында Тараз қаласы аккредиттеуден өтіп, еліміз бойынша ең бірінші болып дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді.
Халықаралық шараға 110 шетелден және 70 Қазақстанның басқа өңірлерінен келген қолөнершілермен қатар халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылары, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Әрине, бүгінге дейін облыс орталығында атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, алдағы уақытта жүзеге асатын жоба-жоспарлар одан да ауқымды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ауданда атқарылған жұмыс көп
- 3 желтоқсан, 2024
Барлық көрсеткіште ілгерілеушілік бар
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді