«STOP-трафик» ауқымды іс-шарасы өтті
Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігімен жүйелі негізде ұйымдасқан сипаттағы адам саудасына және онымен байланысты қылмысқа қарсы іс- қимыл бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, қараша айының соңында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерімен «STOP-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, нақ осы сипаттағы 44 қылмыс анықталған. Бұдан бөлек, адамдардың «трафигіне» байланысты ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін сотқа дейінгі 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған.
Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 5 қылмысқа қатысушы тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Тәртіп сақшылар еңбекке қанау фактілерін анықтау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Бір топ қалта ұрысы құрықталды
Полицейлердің қырағылығының арқасында ел азаматтарының бағалы заттарын қолды еткен бір топ қалта ұрысы құрықталды. Криминалдық полиция қызметкерлерінің сөзінше, қылмыстық үштік тек қоғамдық көліктерде өздерінің арам ойларын жүзеге асырып келген. Тіпті, бұл топтың құрамында бөгде адамдардың күдігін тудырмайтын нәзікжанды да бар.
– Бұл үштіктің ерекшелігі – олардың барлығы бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған. Күдіктілер ұсталды және қамауға алынды. Әйел 45 жаста, оның «әріптестері» 25 және 36 жаста. Сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде күдіктілер қоғамдық көлікте 4 телефон ұрлағаны үшін қамалды. Айғақты заттар тәркіленді. Тергеу шаралары жүргізілуде, – делінген ақпаратта.
2500-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Айталық, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау барысында шұғыл тежеу жағдайларын болдырмау үшін бас-аяғы 4 091 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, есепті кезеңде қарапайым тұрғындардың қатысуымен 2 551 кездесу өткен.
Алайда, мамандар тұрғындардың теміржол қауіпсіздігін сақтау мәселесі өзекті екенін айтуда. Нақтылай түссек, теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзушылардың қатары сиремей тұр. Бүгінгі таңда дәл осындай себеппен 2 614 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еске салсақ, бұған дейін өңіріміздегі Отар-Шу теміржол учаскесінде жолаушылар пойызының машинисі теміржолға шығып кеткен жылқыны байқап, шұғыл түрде тежегішті басуға мәжбүр болған. Десе де, соққының алдын алу мүмкін болмай, салдарынан жылқы пойыздың астына түскен еді.
Түзеу мекемесінің тәртібін бұзған ер адам ұсталды
Елімізде түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды алып кіруге талпынғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады. Дәлірек айтқанда, пенитенциарлық жүйенің темірдей тәртібін бұзуға ниеттенгендер Қылмыстық Кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің баптарына сәйкес жауап береді. Қылмыстық-атқару жүйесі саласының қызметкерлері тарапынан заңға қайшы осындай әрекеттер жөнінде жазасын өтеушілердің туған-туыстарына жүйелі түрде тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, ескертуді елемейтіндер де кездеседі.
Бірер күн бұрын жабық мекемедегі танысына қысқа мерзімді кездесуге келген ер адам «Қазақстан» шоколадының орамына ұялы телефон жасырып кіруге тырысқан. Десе де, оның бұл әрекеті жүзеге аспады. Мекеме қызметкерлері азық-түліктерді тексеру кезінде рентген аппаратының көмегімен тыйым салынған затты анықтайды. Өз кезегінде жазасын өтеуші курьермен тек таныс екенін айтып, телефон жеткізу мәселесін жоққа шығарған. Қазіргі таңда курьерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Куәлігі жоқ жүргізуші 3 тәулікке қамалды
Тараз қаласының аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін жүргізушіні анықтады. Мемлекеттік нөмірі тағылмаған «ВАЗ-2114» маркалы автокөлігі Жамбыл даңғылы бойында қарама-қарсы бағытқа шығып, екі жолақты сызықты кесіп өткені үшін тоқтатылмақ болған. Алайда, жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, жылдамдықты арттырып, бірнеше көшеде бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, жол ережелерін бұзуды жалғастырған.
Полицейлердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде тоқтатылған құқық бұзушының бүгінгі таңда жүргізу куәлігі де жоқ екендігі анықталды. 19 жастағы жігітке Әкімшілік құқықбұзушылық Кодекстің түрлі баптары бойынша 18 хаттама толтырылып, мамандандырылған сот шешімімен ол 3 тәулікке қамауға алынады.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Заң мен заман талабы
- 3 желтоқсан, 2024
Жол сапасына немқұрайлы қараған бірқатар басшылар анықталды
- 29 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді