Осыған орай, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасылық тәрбие: психология мен әлеуметтанудағы қазіргі тенденциялар» тақырыбында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтеріне арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Отбасы құндылықтарын сақтап, суицидальды мінез-құлықтың алдын алудың тиімді стратегиясын құруды мақсат тұтқан конференцияға құзыретті және құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтер қатысып, жаңа ғылыми-практикалық білім берудің тенденциясына баса назар аударды.
Конференцияның пленарлық отырысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбай конференция тақырыбына сәйкес мектеп қабырғасында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, психологтар мен мен әлеуметік педагогтердің біліктілігін жетілдіру әрдайым күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.
– Республикада отбасы институтын дамыту Мемлекет басшысының басым бағыттарының бірі саналады. Бүгінде білім басқармасы тарапынан психологтардың қызметін күшейтуге, олардың білімін арттыруға және студенттер мен білім алушылар арасындағы құқықбұзушылықтардың санын азайту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, облысымызда психологтардың біліктіліктерін арттыруға бағытталған «Бестерек» жобасы жүргізіледі. Бүгінде жоба аясында 1756 педагог-психологтар біліктіліктерін жетілдірді. Сонымен қатар, оқушылар мен колледж студенттері арасында буллингтің алдын алу және психологиялық көмекті қажет ететін балаларға дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying» жобасы іске асырылып келеді. Өткен жылы «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналы ашылып, «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесінің QR кодтары білім мекемелеріне орнатылды. Жыл басынан бері Telegram каналына 428-ден астам хабарлама бойынша жедел алдын алу іс-шаралары өткізілді. Жоба нәтижесінде 49 оқушы мектепішілік есепке алынып, 115 құқықбұзушылық әрекеттерінің жолы кесілді, – деді Әлішер Әзімбайұлы.
Сондай-ақ, жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік институт ретінде отбасы және неке, бүгінгі отбасы келбетін әлеуметтік талдаулары негізінде сараптамаларын ортаға салды.
– Бала қауіпсіздігі үшін ең алдымен жауапты тұлға ата-ана. Біз ата-ана ретінде мұны жиі естен шығарып алып жатамыз. Биыл «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы «Оқушылар ата-аналар көзімен» атты сауалнама жүргізді. Сауалнамада «Мектептің тәрбие жұмысына көңіліңіз толады ма?» деген сауалға ата-аналардың 77,7 пайызы ғана қанағаттанатындығын жеткізген. «Мектепте мәдени іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады ма?» деген сұраққа 10,2 пайызы «Білмеймін» деп жауап берсе, 5 пайызы «Жоқ, өткізілмейді» деген нұсқаны таңдаған. Ал, «Мектепте ата-аналар комитеті бар ма?» десе, 10 пайызы «Жоқ, білмеймін» деп жауап берген. Мұндай жауаптар көбіне ер азаматтар тарапынан берілген. Бұған қарап отбасындағы бала тәрбиесіне көбіне әйел азаматтар жауапты болатындығын, отбасы мұндайды толыққанды тәрбие көзі бола бермейтіндігін аңғаруымызға болады, – деді Бақыт Темірханұлы.
Бұдан бөлек, жиында «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Фарида Нақыш, облыс әкімдігі білім беру басқармасы жанындағы облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Кадралиев тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.
Конференцияның секциялық жұмысы барысында жоғары санатты дәрігер-психотерапевт, есірткіге тәуелділік және суицид бойынша ұлттық сарапшы және тренер Алия Нұргазина «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және оған қауіп төндіретін факторлар» тақырыбы аясында ой бөлісті. Сондай-ақ, екі күнге жалғасқан конференцияның келесі күнінде «Психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының» басшысы Зарина Кенжекар «Суицидальды мінез-құлық: себептері, белгілері және оның алдын алудың тиімді стратегиясын құру жолдары», мектептің әлеуметтік педагогтеріне «Қазіргі заманғы отбасы: әлеуметтанулық және «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы «Мінез-құлықты зерттеу» бөлімінің жетекшісі Құралай Сайлыбаева «Балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы – әлеуметтік девиация мәселесі» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізіп, психолог мамандар біліктілігін көтерді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді