Шамамен VII-ХII ғасырларға тән бұл жәдігер осыдан он жыл бұрын Ақыртас аймағының кіші Шошқалы шатқалынан табылған. Тауып алып, музейге өткізген Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Ақшолақ орта мектебінің сол кездегі тарих пәнінің мұғалімі Төлжан Рахманов. Қазіргі таңда зейнетке шықса да, тарихи зерттеу жұмыстарының айналасында жүрген Төлжан Рахманов:
– Өңірімізге танымал зерттеуші ғалымдар келсе, жолбасшы болып солардың қасынан табыламын. Оның өзі өлкеміздің тарихына тамшыдай үлес қоссам деген тілек. Осыдан он жыл бұрын Дмитрий Воякин, Ералы Ақымбек, Михаил Антонов деген ғалымдармен бірге кіші Шошқалы шатқалына барған едік. Осыдан 14 ғасыр бұрын қызмет еткен су құбырларын сол жерден таптық. Бір жағы конус тәрізді имектеліп келген жәдігерлер. Ол жерден өткен ғасырларға тән бірнеше құмыра сынықтарын таптық. Бұл жәдігерлердің табылуы – тарихи тұрғыда үлкен олжа. Бұдан бөлек «Пошта бекет» деген тарихи жерді де белгілі ғалым Карл Байпақовқа көрсеткен кезіміз бар. «Пошта бекетте» Байзақ датқаның немересі Телғара жерленген. Ол жерде де қала болған деседі. Қазір де жаныма тарихқа қызығушылығы жоғары бір оқушыны алып, осы құндылықты зерттеп жүрмін. Биыл Телғараның күмбезіне барып тал ектік. Ал, бір өкініштісі «Пошта бекет» тарихи мекен болғанымен, жекешеленіп кеткен. Бірақ, сол тарихи жерден ерте ғасырларға тән тастар шыққан. Әлі де шығып жатыр. Мұның бәрі ойланатын мәселе. Ал, тарихи жерлерден табылған Телғара кірпішін де, Сталиннің кезінде қолданылған теңгелерді де аудандық музейге өткіздім. Алдағы уақытта да атқарар жұмыстар аз емес, – дейді.
Ал, аталған аудандық тарихи- өлкетану музейінің қызметкері Айнагүл Мамытбекова келушілердің арасында тарихи су құбырына көңіл аударатындар көп екенін айтады.
Қарапайым мұғалім болса да, өлкеміздің тарихи құндылықтарына құрметпен қарап жүрген Төлжан Рахмановқа еріксіз риза болдық. Осындай қамқорлықтар өткенімізді түгендеуге сеп болары анық.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді