«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнер деп күн кешкен Өнербек

Өнер деп күн кешкен Өнербек
Ашық дереккөз
Әр аудан, әр ауылда көпшілікке танымал өнерпаздары болады. Сондай таланттардың бірі – байзақтық Өнербек Нұрбаев еді. Ол өмірін өнерге арнап, соңғы сағаты соққанша өзінің кәсібіне адалдық танытты. Еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері атанды. Біз Өнербекке деген жерлестерінің сағынышын әншіні еске алуға арналған, әріптестері, шәкірттері, отбасының ұйымдастыруымен өткен «Өнер өлмейді» атты әдеби-сазды кеш барысынан байқадық.

Әуелі Байзақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков сөйлеп, әншінің отбасына құрмет көрсетті. Кешті «Әзіл әлемі» театрының актері, Қазақ радиосының тілшісі, әншінің шәкірті Бақытжан Қасымов жүргізді. Бұл жолы Бақытжан әзілден гөрі, өмірдің өнегесіне, Өнербек Нұрбаевтың ұлағатты жолына көбірек назар аударды. Танымал шәкіртінің адал пейіліне байзақтықтар ризашылық танытып отырды.

Кеш барысында ауданның сыйлы азаматтары, әншінің рухани ағалары Қасқырбай Нарбатыр, Әлмахан Исабаев ағынан жарылып естеліктер айтты. Кеш иесін жан-жақты білетін әріптестері Күлила Құрымбетова, Жанат Сәлімбаевалар айтқан жылы лебіздер жүрекке жетті. Өнердегі інілері Сәрсенбек Бәкір, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұловтар әуезді әуендерімен Байзақ жұртына жақсы әсер сыйлады. Сахнада Өнербек Нұрбаев орындаған әндер шырқалып, әнші жайлы бейнеролик көрсетілді. Ғажайып дарын иесінің өмір жолынан толық хабардар болған жастардың да жанарынан өнерге деген, Өнербекке деген құрметті аңғардық. Бұл құрмет «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, 9 жыл бойы аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры болып тер төккен, саналы өмірін туған жерінің өнерін дамытуға арнаған азаматқа жарасып тұрды. Барша көрерменнің көңілі толқыды. Жиын соңында аяулы әншінің рухына арналып Құран бағышталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар