«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге

Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Кәрентаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барысы және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Аудандағы өнеркәсіп өндірісі биыл он айда 97,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,2 миллиард теңгеге артқан. Мәселен, есепті кезеңде 1670 килограмм алтын, 302 килограмм күміс, 1,4 миллион тонна цемент, 1,2 миллион тонна әктас, 124,8 мың тонна барит рудасы мен концентраты, 92,6 мың шаршыметр қаптау плиталары, 71,8 мың тонна көмір, 900 тонна балық және 33,7 мың текшеметр гранит сияқты өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемі 5,1 миллиард теңгені, негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,1 миллиард теңгені құрады. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 29,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 миллиард теңгеге артқан. Бөлшек сауда айналымының көлеміне келсек, ол 3,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 400 миллион теңгеге артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2967 шаршыметрді құрап отыр. Сонымен бірге, тұрғын үй сатып алу бойынша, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 159,1 миллион теңге мен аудандық бюджеттен бөлінген 71,1 миллион теңге қаражатқа екі пәтерлі 6 тұрғын үй сатып алынып, аудандағы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілуде. Келесі жылы осындай тұрғын үйлерді сатып алу мақсатында екі пәтерлі 10 тұрғын үйге 383,5 миллион теңге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Аудан әкімі өз баяндамасында бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді газдандыру мәселесін де айналып өтпеді.

– Аудандағы 9 елді мекенді (Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдары) газдандыру жобалары Шу ауданы, Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен, Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылына дейінгі газ құбырлары жобасы 7 кезеңге бөлінді. Жобаның болжамды сметалық құны 31,5 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта 1-ші кезеңнің жұмыстары басталды. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізіп, «Азия Каспиан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18,5 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстарын қолға алған. Газдандыру жобаларының алғашқы үш кезеңі ауыл сыртындағы трасса құбырының құрылысы болып табылады. Одан кейін ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүретін болады. Сондай-ақ, Хантау, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерін газдандыру жобасы бойынша жер телімінің мемлекеттік актісін алу мақсатында жерге орналастыру жобасы дайындалуда. Атап айтқанда, шаруа қожалықтарының келісімдері жинақталуда. Бұл елді мекендердің ауылішілік газ құбырының жобасы дайын, сараптаманың оң қорытындылары алынды, – деді Ермек Амангелдіұлы.

Аудан басшысының айтуынша, Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін 555,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қарабөгет ауылына кіре беріс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы 432,6 миллион теңгені құрайтын көпір құрылысы жобасы әзірленіп, 2025 жылға қаржыландыруға облыстық салалық басқармаларға ұсынылған. Сондай-ақ, Шу өзенінің түбін тазарту және реттеуші су құрылысы жобасына бюджеттен 855,6 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Бүгінгі таңда жоба қайта түзетуге берілгендіктен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Баяндамашы ауыз су мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Аудандағы 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілсе, қазіргі таңда сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы нысанына 2022-2023 жылдарға 1461,3 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалған. Ал, Хантау ауылын сумен жабдықтауға 533,5 миллион теңге бөлініп, қазір жұмыстар 75 пайызға орындалды. Траншеяларды қазу барысында жердің тасты болуынан орын алып жатқан кедергілер жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік бермей отыр. Ақбақай ауылын сумен жабдықтауға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаралып, жұмыстар басталды. Екі ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, 18 километр магистралдық құбырлар тартылуда. Бұл аталған жобалардың барлығы 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Бірлік және Биназар ауылдарындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары мемлекеттік сараптамадан өткізілді.

– Биыл жол саласына 749,6 миллион теңге бөлініп, елді мекен көшелерінің 22,1 километріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 7 орташа жөндеу жобалары іске асырылaды. «Приоритет 50/50» бағдарламасы бойынша ұзындығы 5,83 километрді құрайтын 2 жобаға аудандық бюджеттен 136,7 миллион теңге қаралды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ұзындығы 5,6 километр екі жобаға 284,7 миллион теңге, аудандық бюджеттен ұзындығы 4,8 километрді құрайтын екі жобаға 178,9 миллион теңге қаралды. Сонымен қатар, Мыңарал ауылы мен Қарабөгет ауылындағы мектептер авариялық деп танылып, жабылған болатын. Биыл бұл мектеп құрылыстарына республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлінді. Мыңаралдағы 120 орындық және Қарабөгеттегі 80 орындық жаңа мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. Қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана құрылысы жүруде. Бұл нысан келесі жылдың мамыр айында пайдалануға берілетін болады. Осы жоба аясында құны 340,4 миллион теңгені құрайтын Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын жыл соңына аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл кәсіпкерлердің демеушілігімен Бірлік, Ұланбел, Мыңарал ауылдарында балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңшалары пайдалануға берілді. Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимаратының құрылысы толығымен аяқталды. Осындай аудандағы инфрақұрылымды дамыту, экономикалық көрсеткіштерді арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар алда да жалғасып, 2025 жылға арналған жоспарларға сәйкес, бірқатар ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр, – деді аудан әкімі Е.Кәрентаев.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар