«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар – мемлекеттік қызмет мінберінде

Жастар – мемлекеттік қызмет мінберінде
Ашық дереккөз
Елімізде жастар кадрлық резервін қалыптастыру мемлекеттің негізгі басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта биылдан бастап аймақтарда өңірлік кадр резерві қалыптаса бастағаны белгілі. Жастарға қолдау көрсету мен олардың әлеуетін арттыру мақсатында іске асқан жоба жас мемлекеттік қызметшілерді дайындауда да негізгі рөл атқарып келеді. Бұл жайында «Жігерлі жастар – ел болашағы» атты облыстық жастар форумында жан-жақты айтылды.

Форумда өңірлер арасындағы ең үлкен бәсекелестік жастар үшін жүргізіліп жатқандығын атап өткен аймақ басшысы биыл 26 дарынды жастан іріктелген өңірлік кадр резерві қалыптастырылғандығын атап өтті.

– Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Сондықтан білімді, білікті жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы қажет. Бүгінде мемлекеттік қызмет саласы жаңа трансформация кезеңіне аяқ басты. Кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында жас мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді. Қазіргі таңда облыста 35 жасқа дейінгі 1400-ден аса жас мемлекеттік қызметші ел игілігі жолында еңбек етуде. Талантты жас мемлекеттік қызметші меритократия қағидасымен лауазымды қызметке дейін көтеріле алады. Сол секілді өңірлік кадр резервіне қабылданған үміткерлерге жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі қарастырылған, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ, жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов жоғары оқу орны тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.

– Ел Президенті өз Жолдауында жастарға ерекше назар аударғаны белгілі. Университетте жастарға заманауи білім беру, оларды бәсекеге қабілетті маман ретінде кадр даярлау, кәсіби және адамгершілік тұрғыдан қалыптастыру жұмыстары басты міндетіміз саналады. Бүгінде біз, өз тарапымыздан, жастарға барынша қолдау көрсетуге, жаңа мүмкіндіктер мен білім жолдарын ұсынуға дайынбыз. Өткен оқу жылында «Мемлекеттік қызметші мектебі» жобасына Дулати университетінен 14 адам қатысып, экономика және құқық факультетінен 3 студент мемлекеттік қызметке орналасты. Биылғы оқу жылында біздің университеттен осы жобаға 24 студент қатысуда. Қазіргі таңда барлық қатысушылар эссе жазып, яғни іріктеуден өткендігі туралы айтқым келеді, – деді Мұхтар Қазбекұлы.

Сонымен бірге Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков жас мемлекеттік қызметшілердің бойында болуы тиіс моральдық құндылықтарға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Президентіміз мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру қажеттігі жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Агенттікпен мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Жаңа тұжырымдама бұл саланың заманауи талаптарға сәйкес дамуына елеулі серпін берері сөзсіз. Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызметтің жаңа миссиясы ел азаматтарының қажеттіліктеріне назар аудара отырып, мемлекеттік қызметшінің келбетіне қойылатын талаптарды қалыптастырады. Бұл өз Отанына деген адалдық, ел мүддесі үшін құрбандық пен батылдыққа дайын болу. Демек мектепте, жастар ортасында мемлекеттік қызметті атқару қандай екенін насихаттау шаралары жалпы қоғамда патриоттық тәрбиеге ықпал етеді. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – мәртебелі міндет, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Бұдан өзге форумда Президенттік жастар кадр резерві жобасының резервшісі, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директоры Берік Манасов пен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының директоры Ғазиз Қосыбаев Президенттік және өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу және аталған жобалардың жастарға берер мүмкіндіктерін атап өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар