Ортағасырлық Құлан қалашығы – ауыл территориясында және оның маңында шоғырланған әртүрлі кезең ескерткіштерінің кешені. Қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу XIX ғасырдың соңында Василий Бартольдтан басталады. Шығыстанушы ғалым Василий Бартольд экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (қазіргі Луговой ауылы) арқылы өтіп бара жатып көргенінен жазба қалдырыпты. Ол жазбасында «...Жолды бірнеше қиғаш кесіп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе элипс тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған. Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылған екінші үйінді жалдың іздері кездеседі», – деген. Сонымен қатар, ол көне құрылыстардың қалдығы деп болжанған төбешіктер туралы да жазып кеткен екен.
– Қала территориясына жасалған алғашқы археологиялық қазба жұмыст арын 1936 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетісу археологиялық экспедициясын А.Бернштам жүргізген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың Құлан қалашығы төңірегінде біздің заманымыздың I ғасырында пайда болғандығы анықталды. Құлан қаласы алғаш рет VII ғасырдың бірінші жартысына жататыны жазба деректерде кездеседі. Қытай жиһангері Сюан Цзяньның жол бағдарламасында және Таң династиясының тарихында қала Цзуй-лань деген атпен аталып өткен. Ол туралы VIII-X ғасырлардағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып кеткен. Ибн Хордадбек пен Құдама ибн Жафар Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналастырған. Құдама «...Тараз бен Құланның солтүстік жағында құм, ал оның ар жағында құмды және малта тасты шөл, онда қимақтар шекарасына дейін созылып жатыр», – деп мәлімдесе, ал Х ғасырда араб географы әл-Макдиси «Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт (Медина) бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында», – деп жазған. Географиялық сөздердің авторы Якут өзінің XIII ғасырдың 20-жылдарында құрастырылған еңбегінде Құлан туралы «Құлан – түркі елінің Мәуренахр жағындағы шекарасында орналасқан сүйкімді қала» деп жазыпты. Құланмен бірқатар тарихи орындар байланысты. Мәселен, 740 жылы түргеш бегі Құұрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осы қалада өлтірсе, 840 жылы араб әскерлері Құланға дейін жеткен. Қалажұрттың орталық құландысы ауылдан солтүстік шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Қалажұрттың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. Ішкі қамал Құланның солтүстік- батысында орналасқан. Осы күні ол биіктігі 7-8 метрге жуық, жобасында төртбұрышты, үстінде алаңы (40х40м) бар төбе тұрпатты. Ішкі қамалдың барлық бұрыштары мұнарамен күшейтілген. Төменгі пахса блоктарынан қаланған 2 метрге жақын биіктігінде сақталған қабырғалардың болуымен сипатталады. Блоктардың өлшемдері 120\120\70 сантиметр, кірпіштердің өлшемі 48/24/10 сантиметр. Қабырғалардың аралығы сілтімен, шикі кірпіштің сынықтары, керамика, жануар сүйектерінен тұратын құрылыс үйінділерімен толтырылған. Керамикасы біркелкі жөндеп иленбеген, сапасыз майда тас араласқан саз- қамырдан қолмен қарабайыр салынған қазан-аяқ сынықтары бар. Күйдірілуі жеткіліксіз, біркелкі емес, қазандардың өздері ауыр және сынғыш. Төменгі құрылыс қабатынан керамика жинағын қалың қабырғалы және нашар күйдірілген хумдардың бірнеше сынықтары толықтырады. Ортаңғы құрылыс қабатында көлемі 1,3-1,5 метр ашық жер ошақтары бар, сазбен салынған еден сақталған, – дейді Т.Рысқұлов аудандық тарихи өлкетану музейінің экскурсоводы Мейіржан Бошкаев.
Музей қызметкерінің айтуынша, сарайдың 7 бөлмесі болған. Бір бөлменің жобасы 5,7/2,8 метр тікбұрыш өлшемдерімен анықталған. Бөлме күмбездің сәкілеріне дейін жоғары қарай санағанда сарай өмірінің екінші кезеңіндегі еденнің деңгейіне 1,4 метр тереңдікте қазба салынған. Бір бөлменің солтүстік қабырғасында 2-ші және 3-ші бөлмеге өтетін үлкен есік орындары сақталған. Сарайдың қорап күмбезді қалған бөлмелеріне қарағанда бұл бөлме дөңгелек күмбезбен жабылған. Күмбез дарбазаға саты пішінді, бұрыштық төрт тірекке (тромптарға) орнатылған. Күмбездің диаметрі оның астында тұрған бөлменің төбесінен үлкен. Сондықтан, қабырғаларының бел ағаштарынан күмбез тіректерінің (тромптарының) түп деңгейінде сегмент тәріздес кішкене жабық беттер пайда болған.
Өрнек те ортағасырлық көне қала. VIII-XII ғасырлардағы Өрнек қалажұрты Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. 2011 жылы ғалымдар арнайы құралмен жоспарын түсіріп, координаттарын алған. Ескерткішті 1985- 1986 жылдары Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы мен Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭИ-ның тарихи-мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы зерттеген. 1992-93 жылдары қалада К.Байпақов бастаған ОҚКЭ-ның жасағы жұмыс жүргізді.
– Бұл маңда IX-XX ғасырлардың басында мұсылман зираты болған. Көне қала шөгінділерінен қарапайым соқпа керамика, біздің дәуірдің І мың жылдығының бірінші жартысына тән хумдар мен қыш құмыралардың сынықтары жиналып алынған. Шамасы, ежелгі егіншілік қоныстың қалдығы болса керек. Осы жерде ортағасырлар кезеңінде қалыптасқан қаланың нышаны болған. Бекіністің айналасында оның ең алдымен сыртқы қабырғасының арғы жағында, Сұлутөр сайының оңтүстік шығыс бойында тікбұрыш, шаршы және қисық кейіпті, бір-біріне үлкен домалақ тастармен қоршалған жер бөліктері орналасқан. Бағанадан төменірек өрнектерден құралған екі белдеу жасалған. Жоспарлауына және баған түптерінің болуына қарағанда бұл жазықта төбелі, төртбұрышты ғимарат болғанға ұқсайды. Оның төбесі көптеген бағаналарға сүйенген. Ал, бағаналардың кейбіреуі тастан жасалған. Ғимарат қалдықтары «бағаналы типтес» мешітке жатады. Мұндай мешіттер мұсылмандықтың бастапқы кезеңіне тән болған, – дейді Мейіржан Таңсықұлы.
Орта ғасырдан бүгінге жеткен ежелгі қалашық орындары өткеннен дерек берер құнды жәдігер ғана емес, қайта қалпына келтіріліп, абаттандырылса, туризмді дамытуға да үлкен үлес қосары анық. Бай тарихымен танымал облысымыздағы бұл ескі қалашықтар құндылығын жоймайтын мәңгілік мұра.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Өтпелі кезеңдегі дағдарысты ырықтандыру қалай өтті?
- Бүгін, 11:36
Тарих тұнығынан бастау алған құнды құбыр
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді