Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің хаты негізінде бірқатар ауылдық округ әкімдері мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік істер қозғалған. Хатқа сәйкес, автомобиль жолдарының сапасына қатысты талдау жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілген. Мәселен, заңнамада облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру мәселесі көзделген. Сәйкесінше, жөндеуден өткен автомобиль жолдарын пайдалануға қабылдау барысында аталған ұлттық орталықтың оң қорытындысы бар сынақ хаттамалары болуы қажет. Осыған қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай- ақ, Меркі ауданының Жаңатоған және Ойтал ауылдық округтері, Қордай ауданының Степное, Жуалы ауданының Қызыларық, Шу ауданының Ақтөбе, Жамбыл ауданының Ақбастау ауылдық округтері әкімдері тарапынан тиісті сынақ хаттамаларында көрсетілген бекітілген нормаға сәйкес келмейтін кемшіліктер жойылмай, автомобиль жолдары пайдалануға қабылданған. Сонымен бірге, Степное (Қордай), Қызыларық (Жуалы) және Ақтөбе (Шу) ауылдық округтерінің әкімдері тиісті сынақ хаттамаларының қорытындысы шықпай тұрып, автомобиль жолдарын пайдалануға қабылдау туралы шешім қабылдаған.
Кеңесте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілері бойынша жоғарыда аталған ауылдық округ әкімдері мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындылары қаралып, нәтижесінде оларға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаларды қолдану ұсынылды.
Жиында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралар туралы Шу және Мойынқұм аудандарының әкімдері Бақытжан Жәнібеков пен Ермек Кәрентаевтың есептері тыңдалды. Нәтижесінде әдеп жөніндегі кеңес аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде ұсынымдар енгізді.
Сондай-ақ, Қордай ауданы әкімі аппаратының және облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметтеріне жүргізілген жоспарлы тексерулердің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиевтің есептері тыңдалды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Дастан Ермахановтың 2023 жылы және 2024 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының қорытындылары, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің әдеп жөніндегі уәкілдерінің және облыстың мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының атқарған жұмыстарына жүргізілген талдаулардың нәтижелері қаралды.
Профилактикалық сипаттағы мәселелерді қарау нәтижесінде әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік органдардың басшыларына орындалуға жататын тиісті ұсынымдар енгізді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді