Солардың бірі – Нәзір Төреқұлов. Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Нәзір 1921 жылы 9 қаңтар күні Әулиеатада кедейлер съезін өткізген. Өзі «Қосшы» одағының міндеттері туралы баяндама жасады. Онда Жаңа құрылысты дамытуда көп қиындықтар кездесіп, ұлт азаттық қозғалысы мен жаңа реформалардың ұсақ буржуазиялық ұғымдар, анархия туғызып жатқанын, саудагерлер, делдалдардың малшы, егінші қауымға гегемондық жасау әрекетін, консервативтік күштердің бұрынғы қоғамдық қатынастарды қайта орнатқысы келетінін айтты. «Қосшы» одағының міндеттері кедейлер мен ауыл, село еңбеккерлерінің ұйымы болу, соларды еңбекке, партия, совет жұмыстарына батыл тарту, халықтар арасында түсіністік орнату, орыс, қазақ кедейлерінің достығын күшейту екенін түсіндірді. Сол жылы Нәзір РК (б) Орталық Комитетінің шешімімен Түріккомиссия құрамына енгізілді. Келер жылы 29 наурызда Ленин қолымен «Мұны ұсынушы Н.Төреқұлов жолдас Халық Комиссарлар Советінің қаулысымен Түріккомиссиясының мүшесі болып бекітілді» деген құжат алды. Осыдан кейін ол Жетісу өңіріне деген ықылас-қамқорлығын мүлде күшейтті.
Әулиеатаның өркендеуіне алғаш қамқорлық жасаған екінші арыс азамат – Сұлтанбек Қожанов. Мұнда ол жиі болған. Әсіресе, 1920 жылғы қалың малды жою, қыздарды малша сатуды қою туралы декретті жүзеге асыруға бел шешіп араласқан. Өйткені, сол кезеңде теңдік берілді дегенді теріс түсініп, енді не істесек те, кімнен шығып, кімге тисек те өзіміз білеміз деп кедей әйелдерінің ерін, бала- шағасын тастап, байларға баруы, төсек жаңарту етек алған. С.Қожанов осы адасуға қарсы күрес жүргізген. Ол мұның моральдық, имандылық жағынан мүлде терістігін тынбай түсіндірді. Алаш арысының Жетісу теміржолын салдыруға да үлесі үлкен. Ол да – осы үлкен құрылысты бірінші жобамен іске асыруды ұйымдастырушылардың бірі. Бұл жол 1913 жылы Арыстан басталып, 1920 жылы Әулиеатаға келіп тоқтаған еді. Әулиеатадан Бішкекке дейін тартылған жолмен отарба 1924 жылы 9 тамызда Меркіге келген. Оның ашылуына арнап ресми мәжіліс өткен. Оған Мәскеуден, Түркістан күндік үкіметінен, Ташкент теміржол комиссариатынан уәкілдер келіп құттықтаған. Әулиеатадан бірталай қаржы жиналып, жұмысшыларға сый- сияпат көрсетілген. Отарба түнімен Меркіде болып, ертеңіне Бішкекке өткен.
Ал, бұл маңызды магистральдің құрылысында Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловтың жүргендігі айтпаса да түсінікті. Тарихтан белгілі, 1928 жылы бастау алған Түрксіб темір жолының қосторабы қырғыз жері арқылы қосылуы тиіс болатын. Алайда, бірегей жобаның басшылығында болған ұлт жанашырлары таулы жер құрылысқа тиімсіз деген желеумен Луговой мен Алматы бағыттарын Шу арқылы жалғайды. Ал, соғыс жылдарынан кейін мұнда Мойынты-Шу теміржолы іске қосылып, өндірістік әлеуетті арттыра түседі.
Әулиеатаға қамқорлық жасаған арыстардың енді бірі – Міржақып Дулатов. Ол 1927 жылы жазғы демалысын Әулиеатада өткізген. Сонда Бесағаштағы жылқы зауытында болған. Ел өмірімен, тұрмысымен танысып, «Әулиеата елі – малды, қазақты ел. Ас-той, көкпар, бәйге дегенің бұл елде әлі қалған жоқ. Сентябрь туысымен мұнда үлкен-үлкен астар болады. Бұл елде бәйге аты аса қадірлі» дейді де: «Әулиеата зауыты қалаға 7-8 шақырым жерде. Өзінің салдырған үйі, қора- қопсысы бар, орманы, жері, шабындығы бар. Бұл зауытта ағылшын, түрікпен, ағылшын-араб, қарабайыр сықылды жақсы тұқымның әрқайсысы табылады. Бұл тұқымдарды зауыт осы кезде өршітіп отыр. Зауыттың жылқысы қазір 500-ге тарта бар көрінеді. Зауыт әр тұқымды бірімен-бірін араластырып келеді. Мәселен, мұнда әкесі ағылшын иә түрікпен, анасы қазақы бие болған будандары да бар. Бір тұқымның өзді өзін де асылдандырып, бағу-қағудың арқасында жүзіктің көзінен өткендей қылып қойғанын көрдік. Бағу жағынан келгенде, біздің қазақ өз көзімен көрмесе, айтқанға нанбастай дәрежеде күтетін көрінеді...» – деп зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырып өтеді. Ол қала орталығындағы Атшабар базарын аралап, шаһардың сол кездегі жай-күйінен хабар береді.
Ал, мал шаруашылығымен ісі өркендеп отырған Сарысу ауданының құрылуы мен бүгінгі ахуалға дейін жетуінде Ораз Жандосовтың еңбегі ерен екендігін айтпай өтуге болмас. Аудан халқын Саудакент өңіріне топтастырып, аштықтан аман сақтап қалудағы қажырлы еңбегі ұшан-теңіз екені жерлестердің естеліктерінде жиі ұшырасады. Ораз Жандосовтың Әулиеата жерімен байланысы ашаршылық жылдарының алдыңғы толқынымен тұспа-тұс келеді. Сол жылдары Кеңестік билік Оразды Алматы облысының Қастек пен Қордай аудандарына және Әулиеата облысының Сарысу ауданына уәкіл етіп тағайындады. Ол жергілікті жерлерде қалыптасқан ауыр жағдайларды, республика басшылығына қаймықпай шындықты ашық айтып отырды. Көп жыл Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетін басқарған, қаламы қарымды, елге белгілі азамат Төкен Мақашев өзінің «Ораз – халық қамқоршысы» атты мақаласында: «Аудан халқы осы бір ауыр жылдарды басынан өткізіп Саудакент төңірегіне қоныстануға бет алған кезде өлкелік партия комитеті мен Қазақ АКСР Атқару комитеті аудан халқын қоныстандырып, шаруашылыққа бейімделуді Ораз Жандосов басқарған арнайы комиссияға тапсырды. Комиссия мүшелері көшіп келе жатқан елдің алды- артынан шығып, киіз үйінен, мүлкінен айырылған, біреуі көрпе-жастығымен әрең жеткен көптеген отбасының сиқымен танысты», – дейді.
Белгілі этнограф, фольклоршы Әбубәкір Диваев Орынбордағы кадет корпусын бітіріп шығып, алғашқы қызметін Әулиеатада участок бастығы болып бастаған. Қазақ арасында көп болып, қазақ рәмізін, тұрмысын, тілін қызығын көре зерттеген. Мұстафа Шоқай оның осы Әулиеата мен Түркістанда жүріп, қазақ әдебиеті мұраларын жинау, орысшаға аудару қызметін өте жоғары бағалаған. «Бұл кісінің бізге қанша пайда келтіргенін айтып жеткізуге болмайды. Ташкентте оқып жүрген қазақ балаларына қолынан келген жәрдемін де аямаған» деп жазған. Ал, М.Дулатов Әбубәкірдің ұлт ертегі-хикаяларын, мысал, тарихи әңгімелерін көп жинап, жарыққа шығарғанын, Диваев, Потанин жанып тұрған шырақ екенін, олардың жолын қуған жастардың адаспайтынын атап өткен. Ғалым Әулиеатадағы ескіден жеткен ескерткіштерді зерттеп, Ақыртас ақиқатын баршаға танытқан.
1922 жылы 10-12 мамырда Әулиеатада әйел теңдігі жөнінде сот өтеді. Қыз құқығын қорғауды мақсат тұтқан сот отырысы кеңестік Әулиеатадағы алғашқы әйел соты десек те қателеспейміз. Өйткені, бұл оқиға сол кезеңдегі партиялық орган басылымы «Ақ жол» газетінің 1922 жылғы 10 маусымдағы санында «Шын» лақап атымен «Көптен күтілген іс» деген тақырыпта жарияланған. Сот процесінде Жұмай Өмірбекқызы есімді жәбірленушінің тағдыры қаралған. Бұл жайында филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожакеевтің «Тараз тағылымдары» еңбегінде баяндалады. Осы дерекке сүйенсек, сотқа айыптаушы ретінде Сұлтанбек Қожанов пен Сара Есова, қорғаушы болып Қабылбек Сарымолдаев қатысқан.
Атаман Анненковтың «Азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде ауыр азап шегіп, 1919 жылы наурыз айында қашып шыққан Сәкен Сейфуллин де «Дүйсенбі» деген жалған атпен Әулиеата жеріне келіп, кеңес өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысқан. Сәкен бұл азапты күндер мен көрген қиыншылығын «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романында жан-жақты баяндаған. Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров те киелі топырақта бірнеше рет болған. Соның бірінде Түрксібтің таңғажайып бөлігі Жуалы ауданындағы Тескентау туннелі жайында «Төрт жолдың торабы» атты очеркінде: «Жыланша жорғалап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмейсің, жыланша сып етіп, інге кіріп кетесің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты…» деп баяндалады.
Киелі Жамбыл өңірінде талай ұлт қайраткерлерінің ізі қалған. Оның ішінде ағайынды Бәйсейіт пен Дінше Әділовтер, Жанайдар Садуақасов, Шабден Ералиев, Бәкен Серікбаев, Мұстафа Бұралқиев пен Мұхамедсалим Кашимов секілді Алаш арыстары әр жылдары қызмет етіп, жиі қатынап тұрған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді