Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен басқосуға жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілетті органның барлық тармақтарының өкілдері қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәслихаттардың маңызы мен қоғамдағы рөліне баса мән берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Әділетті Қазақстанды» құру жолына қадам басып келеміз. Мәслихат – Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамаларына сәйкес, халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие негізгі институт. Осы уақыт аралығында мәслихат құрылымы халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді. Қазіргі уақытта облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат назарында. Сондықтан, мәслихаттың өңір өміріндегі орны мен халық көкейіндегі сауалдардың шешімін табудағы рөлі орасан. Аймағымызда саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс, өзара құрмет, ортақ мүдде жолында бірге жұмыс істеу жергілікті мәслихат қызметінің басым бағытына айналды, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ел Президентінің бастамасымен 2022 жылдан бері өткен бес ірі саяси науқанда жергілікті мәслихат депутаттары белсенді жұмыс атқарғанын атап өткен аймақ басшысы бірқатар азаматтарды марапаттады.
Атап айтқанда, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Жарылқасын Өнетаев, облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсембаев «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Байзақ аудандық мәслихатының депутаты Мырзағали Мәдімаров, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Нышанбек Малдыбаев, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Сергей Сидоренко мен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты Сейітбек Көкімбаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
1994 жылы 7 наурызда облыстағы 35 сайлау округтерінде өткен сайлау нәтижесінде Жамбыл облыстық мәслихаты құрылғалы бері отыз жылдың ішінде өңірдің өркендеуіне бағытталған істердің ортасынан табылып, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Әр жылдары мәслихат шешімдері уақыт талабына сай өзгеріп, алға қойылған мақсаттарға табандылықпен жетуге жол ашты. Жиында әр жылдары өңірдің дамуына бағытталған шешімдерді қабылдауға атсалысқан II, III, IV, V шақырылымдардың депутаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мәслихаттардың жергілікті басқарудың дамуына үлкен үлес қосқандығын атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамай, халқымызды күйзелтпей, ішкі тұрақтылығымызды сақтай отырып, жергілікті атқарушы билік пен мәслихаттар бірлесіп ел игілігі үшін қызмет етті. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде өздерін көрсете білді. Щорс Шарафутдинов, Әбдінұр Әсілбеков, Бағлан Қарашолақов, Махметғали Сарыбеков төрағалық еткен барлық шақырылымдағы мәслихат депутаттары табысты жұмыс атқарды. Бүгінде саяси жүйеге конституциялық өзгерістер енгізіліп, мәслихаттар жоғары деңгейге көтерілді, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
Сондай-ақ, жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда тындырымды істер атқарып, игі істердің бастауы болған мәслихаттың жетістіктеріне тоқталды.
– Мәслихаттар тұрғындардың мүддесін қорғау, елдің әл-ауқатын арттыру, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысы «Депутат болу биік мақсат емес, бұл зор жауапкершілік және маңызды міндет» деп атап өткен болатын. Мықты мәслихат – ел тірегі. Облыстағы мәслихаттар бұрыннан-ақ берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек ірілігімен ерекшеленген. Сегізінші шақырылымның депутаттары да сол игі дәстүрді, эстафетаны абыроймен жалғастырып, аманатқа адалдық танытып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары қоғамның сөзін айтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында тындырымды енбек етуде. Тәуелсіз еліміз үшін ең бастысы – халықтың тыныштығы. Оның ішінде ұлтаралық келісімнің маңызы зор. Халық қалаулылары ел тыныштығын, ауызбіршілікті сақтау бағытында жұмыстар жүргізіп, халықтың бел ортасында бірлік пен ынтымақты насихаттауда асқан белсенділік танытып келеді, – деді Абдалы Тоқбергенұлы.
Мерейтой қарсаңында мәслихат төрағасы бірқатар депутаттар мен мәслихат ардагерлеріне жергілікті өкілді органдардың қалыптасып, нығаюына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен белсенді депутаттық қызметі үшін Парламент Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, мерекелік төсбелгілерді табыстады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді