«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық жас айтыскер - жеңімпаз

Жамбылдық жас айтыскер - жеңімпаз
Алтынбек Қартабай
Астана қаласында №9 «Зерде» мамандандырылған мектептің базасында 8-11-сынып оқушыларына арналған шығармашыл оқушылар арасындағы XІ республикалық «Ақберен» өнер байқауы өткен болатын. Байқауды Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитеті мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп, ұйымдастырды. Ашылу салтанатында осы жобаның авторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Осынау өнер мен шығармашылық бәсекесіне облысымыздан 6 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде, бір оқушы жеңімпаз атанса, үш оқушы ІІІ-дәрежелі дипломға қол жеткізді. Атап айтқанда, Талас ауданы, А.Байтұрсынұлы гимназиясының 11-сынып оқушысы Әсемай Сейдакбарова «Айтыс» аталымы бойынша жеңімпаз атанса, Т.Рысқұлов ауданы, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Наурызбай Мұрат «Көркемсөз оқу», Т.Рысқұлов ауданы, М.Горький атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әлинұр Бейсенбай «Эссе жазу», Жамбыл ауданы, Төле би атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Абзал Әли «Ұлттық аспапта өнер көрсету» аталымдары бойынша үшінші орын алды. Жамбыл облысы құрамасы командалық есепте жүлделі үшінші орынға ие болды. Таластық Жансая Тоқбай мен тараздық Диас Айдаралыға жүлде бұйырмады.

Айта кетерлігі, Әсемай Сейдакбарованың жеңісіне айтыстағы ұстазы, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалының қосқан үлесі қомақты. Сонымен қатар, бұл жетістік жолында таластық Гүлбану Сейітова, құландық Толқын Бәйтікова, Мәулен Тобықов секілді ұстаздардың еңбектерін айтпай кету қиянат.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Майра Есеналиева басқаратын «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ата-аналар мен ұстаздар үлкен құрметпен қарсы алды. «Ұстаздар сенімін ақтап жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Байқаудың «Айтыс» аталымына Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы секілді танымал айтыскерлер қазылық жасады. Осындай айтыстың биігіне шыққан аға-әпкелердің оң бағасын алғаныма қуандым», дейді қаратаулық жеңімпаз оқушы Әсемай Сейдакбарова.

Жас дарындардың жеңісті жолы жалғаса бергей!

 

Дидар АПБАСОВ,

облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» мекемесінің кіші ғылыми қызметкері.

 

Ұқсас жаңалықтар