Жақында редакциямызға Талас ауданының Құрметті азаматы, аталған ауданда ұзақ жылдар есеп-статистика саласында қызмет атқарған ақсақал Бейсенбек Рахымбердиев келді. Қарияның келгендегі шаруасы осы Керімбай болыстан қалған үзеңгі туралы, соның жеке кісінің үйінде емес, арнайы орында сақталуы туралы екен.
Бейсенбек Рахымбердіұлы:
«Заманында Керімбай болысты Арқадағы атақты Бұзау болыс шақырыпты. Сол Бұзау болыс Керімбай болысқа ер-тұрманымен ат мінгізген екен. Сол ер-тұрманның ішінен үзеңгі Шахабай деген кісіге бұйырады. Шахабай – балалы, ұрпақтары көп тараған кісі. Мен беріректе Шахабайдың төртінші баласы Тасыбайға жолығып қалып, үзеңгіні сұрадым. Тасыбай сонда: «Ол үзеңгі менің әпкем Рымкешке берілді. Бірақ, Рымкеш әпкем үзеңгіні өзінде сақтамай, Теңлік деген кісінің баласы Нұрлан өмірге келген кезде, сол баланың қуанышы үшін сыйлыққа беріпті. Бұл бағалы жәдігер сол Нұрланның қолында» деп жауап берді. Менің айтайын дегенім басқа. Біздің туыс азаматтар Нұрланмен де сөйлескен екен, үзеңгінің қарымтасына өте қомақты ақша сұрапты. Бұл үзеңгі туралы Аңсабек Қасымбеков деген азамат та жақсы біледі. Біздің ойымыз сол жақсыдан белгі болып қалған үзеңгі аталған Керімбай мектеп-гимназиясының музейінде құнды жәдігер ретінде тұрса дейміз, – деді.
Бір қызығы, сол Аңсабек Қасымбеков те редакцияға өзі келді. «1977 жылы бетпақтағы «Ұланбел» кеңшары жағынан қамыс ордық. Сонда аталған ауылдың тұрғыны Шахабай деген кісінің үйінен сусын ішіп жүрдік. Әлгі Шахабай атаның айтуынша да, Керімбай болыс Арқадағы Бұзау болыстан жақсы сый көріп, ер-тұрманымен жылқы мініп, мал айдап қайтыпты. Жолда осы Шудың ну қамысының арасынан жолбарыс кездеседі. Бұл жағдайдан жігіттер сескеніп қалыпты. Сонда Керімбай ата қасындағыларға: «Сендер жүре беріңдер. Өзім реттеп, сәлден соң барамын» депті. Жігіттер қамыстан шығып-шығып кетеді.
Әлден уақытта Керімбай болыс шығып:
«Уа, жігіттер, адам мысықтан да қорқа ма?» деп әзілдеп, сол жерде жігіттерге сыйлыққа алған заттарын таратып беріпті. Сол уақытта Шахабайдың үлесіне үзеңгі тиіпті. Шахабай ол үзеңгіні Рымкеш деген қызына қалдырып, Рымкеш апай сыйлыққа беріп жіберген. Сол үзеңгі Тараздағы Керімбай атындағы білім ошағының музейінде тұрса», – деді.
Біз үзеңгінің қазіргі егесі, тараздық Нұрлан Қойкеновке де хабарластық. Ол:
«Мен 6 жасқа келген кезімде қазақтың «Тоқым қағар» немесе «Тоқым қақты» деген салт-жоралғысымен мені ата-анам, туыстарым атқа мінгізген. Сол кезде Рымкеш Шахабайқызы апамыз әлгі жәдігер-үзеңгіні менің атыма әкеліп таққан. Содан бергі отыз жыл бойы үзеңгі менің қолымда, менікі. Бірақ, Керімбай болыстың аталас туыстары жолын жасап келсе, үзеңгіні қайтарамын, – деді.
Редакцияға келген Бейсенбек ақсақал бізге үзеңгінің суретін де көрсеткен. Былайша, үзеңгіні отыз жыл сақтап келген Нұрлан Қойкеновтың де қойып отырған талабы орынды. Сол талап орындалып жатса, тарихи үзеңгінің Тараз қаласындағы Керімбай атындағы мектеп-гимназиясының музейінде тұратын күні алыс емес.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Шалғай ауылда Мәдениет үйі пайдалануға берілді
- 19 желтоқсан, 2024
Ұлттық өнер ұлағаты
- 13 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді