Қылмыстық топтың жолы кесілді
Жамбылдық полицейлер өңірлік прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, бас-аяғы 6 адамнан тұратын қылмыстық топтың жолын кесті. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде заңды белден басып, тайраңдағандардың шалғайдағы Шу ауданынан Алматы қаласы мен Алматы облысына «гашишті» жеткізу каналдарын ұйымдастырғаны анықталған. Атап өтерлігі, күдіктілерді құрықтау және тінту іс-шаралары бір мезгілде Алматы және Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы қаласында өткізілген.
Бүгінгі таңда аталған қылмыстық топ мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамауға алынса, тінту кезінде олардан 5 килограмнан астам «гашиш» пен 1 килограмм «марихуана» тәркіленген. Қазіргі уақытта құзырлы орган өкілдері алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының есірткі заттарын дайындау, сақтау тасымалдау және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.
Жүк көлігінің жүргізушісі жазаланды
Патрульдік полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының 350-ші шақырымындағы Алматы қаласына қарай бағытта кетіп бара жатқан «Вольво» маркалы жүк көлігін тоқтатады. Белгілі болғандай, көршілес мемлекеттің азаматы сәйкестендіруге кедергі келтіретін не оларды өзгертуге немесе жасыруға мүмкіндік беретін құрылғылар мен материалдарды қолдана отырып, өзі тізгіндеген темір тұлпардың мемлекеттік нөмірін жасырған.
Сәйкесінше, аталған ер адамға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған Меркі аудандық сотының шешімінің негізінде 1 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі жаза берілді. Бұдан бөлек, ол 1 тәулік мерзімге қамауға алынған.
267 құқықбұзушылық анықталды
Облыс аумағында бір айға жуық уақытты қамтыған республикалық «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Жалпы, осынау шараның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, жолын кесу және экологиялық қылмыстарды ашу.
Шара аясында тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзу, заңсыз аң мен су жануарларын аулау деректерін анықтау бойынша 267 құқықбұзушылық пен 1 қылмыстық істі анықтады. Оның ішінде жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзған 192 құқықбұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 382-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бұл күндері балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзудың 37 дерегі тіркелген.
7 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды
Бұл күнде сіз бен біз болашағынан зор үміт күткен кейбір жасөспірімдердің бүршік жармай жатып, қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдайға айналып отыр. Ал, бозбалалар мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі – ұрып-соғу, әлімжеттік, ұрлық пен өз-өзіне қол салу сынды фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл өткен сайын заңды бұзғаны үшін ішкі істер органдарына жеткізілетін кәмелетке толмағандардың қатары көбеюде.
Мәселен, осы жылдың 10 айында түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған 8537 жасөспірім құқық қорғау органдарының «табалдырығын» аттаған. Сонымен қатар, есепті кезеңде полицейлер тарапынан 2214 рейд шаралары жүргізіліп, нәтижесінде 12 913 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 859 ата-ана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, кәмелетке толмаған ұл-қыздарының түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 7036 ата-ана дәл осы Кодекстің 442-бабы бойынша жаза арқалаған.
Есірткі жарнамалаған жас жігіт ұсталды
Жасты да, жасамысты да есірткіге тәуелді ететін құралдардың бірі – жарнама. Оның үстіне, технология қарыштап дамыған осынау кезеңде бұл қылмыс та цифрланды. Айталық, қаладағы кейбір көшелер мен ғимараттардың қасбеттерінде есірткіні жарнамалайтын қылмыстық сайттардың кодтары бар плакаттар мен жазулар кездеседі. Өкінішке қарай, ел-жұртқа нашақорлықты насихаттап, мұндай «жұмыстарды» атқаратындардың дені – жастар.
Жуырда ғана тәртіп сақшылары нақ осы сферада «қызметтік міндетін мүлтіксіз орындаған» 22 жастағы жігітті құрықтады. Жас жігіт жұмыс берушімен тек интернет арқылы байланысқан. «Суретші» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктінің барлық «жұмыс құралдары» тәркіленді. Тергеу басталып, іс материалдары сотқа жолданады», – делінген ақпаратта.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді