Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында құзырлы орган өкілдеріне әп-сәтте интернет-алаяқтарының құрбанына айналып, сан соғып қалған жұртшылыққа жәрдем беруді жүктеді. Мемлекет басшысы маңызды құжатта: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деген еді. Осыдан соң еліміздің Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді тиімді орындау мақсатында ведомствоаралық бағдарламаны жүзеге асыру және алаяқтар мен қаржы пирамидаларымен күресу бойынша жол картасын іске қосты. Оны жүзеге асыру жоспары ұйымдастырушылық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды, оның ішінде мемлекеттік органдар, банк мекемелері, байланыс операторлары және тағы басқа органдармен өзара іс-қимылдарды қамтитынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, өткен жылы жауапты министрлік киберқылмысқа, атап айтқанда, телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біршама интернет-алаяқтарының жолы кесіліп, көптеген заңсыздықтар әшкереленіп үлгерді.
Иә, бүгінгі таңда құзырлы органдар кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ал, былтырдан бастап Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Айта кетейік, суық қарусыз жасалынатын мұндай қауіпті қылмыстардың жолын кесуге қазіргі таңда қазақстандық полицияның білімі де, білігі де жетеді. Бастысы, тәртіп сақшылары заманауи жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Телеграм-бот іске қосылды
Өткен аптада аймақта интернет-алаяқтықпен күрес мақсатында жаңа цифрлық құрал – «CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботының тұсауы кесілді. Облыс прокуратурасы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров аталған пилоттық жобаның маңыздылығын айтып, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестің өзектілігін атап өтті. Ол өз сөзінде қоғамда қылмысқа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру керектігін баса айтты.
Ал, құқықтық статистика департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев былтыр жалпы алаяқтық бойынша 778 қылмыс тіркелгенін, биыл бұл көрсеткіш 711-ге төмендегенін хабарлады. Алайда, интернет алаяқтықтың керісінше өскені байқалады. Мәселен, былтыр 180 интернет алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл 232 қылмыс орын алған. Жалпы, интернет алаяқтықтың басым бөлігі Тараз қаласында тіркелген. Секер Бүркітбаев интернет алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлеріне тоқталды. Олар – интернет арқылы сауда жасау мен қызмет көрсетуге байланысты алаяқтық, банк қызметкері ретінде танысып, жеке деректерді иемдену арқылы қылмыс жасау, бөтен адамның атынан онлайн несие рәсімдеу жағдайлары. Азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу, жалған тауарлар мен қызметтер туралы хабарландырулар беру, банктерден жалған хабарламалар жіберу де кең таралған алаяқтық әдістерге жатады.
Атап өтерлігі, осынау телеграм-бот интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу және осы саладағы құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдету. Телеграм-боттың функционалы азаматтардан интернет желісіндегі қауіпті сілтемелер, алаяқтардың қолданатын ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған хабарландырулар туралы ақпараттарды жеңілдетілген түрде қабылдауға арналған. Жиналған ақпарат «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, құқық қорғау органдарына басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Ботқа түскен 48 хабарламаның 10-ы бұғатталған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ботты пайдалану бойынша бейнеролик әзірленген. Сонымен қатар, QR-код арқылы жылдам қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Жиын соңында құзырлы орган өкілдері барлық азаматтарды интернет-алаяқтықпен күреске белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетуге шақырды.
Қаскөйлердің құрығына түспес үшін...
Әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ интернет арқылы өз қылмыстарын жасай беретін алаяқтардың құрығына түспес үшін не істеу керек? Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар әртүрлі сайттарға кіріп көрем деп, қажетсіз сілтемелерді басып, қаскөйлердің арам ойларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Сондықтан интернет алаяқтарына жем болмау үшін олардың түрлері мен әдістерін біліп, сақ жүргеннің артықтығы жоқ. Ерекше тоқталарлық жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда азаматтарға ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін бағыт-бағдар беретін. Ал, қазір бұл тізімге интернет алаяқтарының құрығына түспеу жөніндегі тиісті кеңесті қосуға болады. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек:
– өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпия сөздерді, тіпті, егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз;
– жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе, кішігірім шрифтпен жазылғанды оқыңыз;
– тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз;
– тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;
– белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;
– тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;
– байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз;
– өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарынан микро қарызды ресімдеуі әбден мүмкін.
Алаяқтардың айласы қандай?
Жасыратыны жоқ, интернет алаяқтарының айла-шарғысы таусылар емес. Дәл қазір алаяқтықтың ең көп таралған түрі – «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалу. Қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қорқытуға көшеді. Мәселен, жуырда ғана осындай оқиғаның бірі тіркелген. Алаяқ зейнеткерге телефон соғып, өзін полицеймін деп таныстырған. Қарт әйелге «немереңіз жол апатына түсті, тез арада ақша тауып бермесеңіз, қылмыстық іс қозғалады» деп айтқан. Ақшаны курьер арқылы жіберуді сұраған. Немересінің тағдырына алаңдаған апа бәрін бұлжытпай орындаған. Алайда, «сәлемдемені» алып кетуге келген курьер зейнеткердің қобалжып тұрғанын байқап, жарты жолда пакетті ашып қараған. Ақшаны көргеннен кейін дереу полиция шақырған. Осылайша, алаяқтардың арам пиғылы іске аспай қалды.
Алаяқтар үшін оңай жолмен пайда табудың тағы бір жолы – қолма-қол ақшаны көбейту. Мысалы, еліміздің бір азаматы осылай ай ішінде 100 миллион теңгесінен айырылған. Шетелден әрекет еткен алаяқтар оны «ақшаңды еселеп береміз» деп сендірген. Зардап шегуші де үшінші тұлғалар, мультикасса, басқа шоттар арқылы ақша аударып тұрған. Отыз күннен кейін алданғанын түсініп, полицияға арызданған. Алайда, ақшасын сол күйі қайтара алмады, алаяқтар блокчейн арқылы шығарып үлгерген. Сондай-ақ, бүгінде онлайн сауда да алаяқтардың табыс көзіне айналып отыр. Тұрғындар көбіне алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалады. Айта кетейік, «Дауыс беріңіз» деп келетін күмәнді сілтемелер де алаяқтардың айласы болуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, бұл күнде халықтың көзі компьютерге, құлағы ақпараттық технология атауына әбден үйренді. Дегенмен, ақпараттық технологияның (ІТ) ғарыштық жылдамдықпен дамуы тұсында киберқылмыстың да көштен қалмай, қайта өршелене өсе түскенін анық байқап келеміз. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуатты байланыстар. Сондықтан да қазақстандық полиция қызметкерлері өздерінің борышты міндеттерін адал атқаруға бейімделген әрі дағдыланған. Бастысы, құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталатыны айдан анық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді