«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихы терең Теріс

Тарихы терең Теріс
Ашық дереккөз
Облыс аумағында бай тарихы бар, көненің көзі, шежіренің өзіндей ықылым заманнан бері адамдардың игілігіне айналып келе жатқан өзендер мен көлдер аз емес. Соның бірі – Теріс өзені. Бұлақ суынан құралған, көктемде аттылы адамға өткел бермейтін бұл өзенді аудан тұрғындары қасиетті санайды.

Бүгінде аға ұрпақ өкілдері Теріс өзенінен осыдан 40-50 жыл бұрын жарты күнде шелектеп балық аулайтынын сағынышпен еске алып отырады. Тіпті өзен суымен егіс алқаптарын ылғалдандыратын Жамбыл ауданының мұраптары жүйектердің арасында шоршып жататын балықтарды айырмен шаншып алғандарын айтады.

Сол өзен орнында. Су қоймасындағы су мөлшері де кеміген жоқ. Әйтсе де, соңғы кезде онда шүпірлеп жүзіп жүретін балық тым азайып кетті. Теріс өзені және су қоймасын бүгінде сазан, тұқы, мөңке, көксерке, дөңмаңдай және табан балық мекен етеді. Соңғы жылдары «Боранды» шаруа қожалығы балықтандыру жұмысын қайта қолға алып, өзенге шабақ жіберуді қолға алған.

Теріс өзенінің жалпы ұзындығы 52 километрді құрап, Теріс-Ащыбұлақ су бөгеніне құяды. Оның бойында көне қала орнында өзен атымен аталатын Теріс ауылы орналасқан. Елді мекен VІІ-VІІІ ғасырларда салынған қала жұртының үстінде тұр. Ауылдың батыс бөлігінде орналасқан қала жұрты Баркуаб деп аталған. Баркуаб – араб сөзі. Қазақша баламасы «кері бағытта ағатын өзен», яғни «теріс» деген мағына береді.

Қала жұртының біраз бөлігі тұрғын үйлердің астында қалып отыр. Баркуаб қаласы туралы деректерді араб географтарының жазбаларынан кездестіруге болады. 1899 жылы орыс ғалымдары В.Бартольд пен В.Каллаур қала жұртына зерттеу жүргізіп, картаға түсірген. Дегенмен, бүгінде бұл мекен облыстық энциклопедияда Бурнооктябрь қала жұрты болып аталып жүр.

2018 жылы Теріс ауылында сол тұстағы аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың қолдауымен қазба жұмыстары басталды. Алдымен ауылдың бірнеше тұсына барлау жұмыстары жүргізіліп, арнайы қазылған орлардан орта ғасырларға тән заттар табылды. Бұл одан әрі қазба жұмыстарын жалғастыруға сеп болған еді. Ол жерден табылған заттар мен тұрмыстық құралдарға қарап, ғалымдар қала жұртын біздің заманымыздың VІІ-Х ғасырларына жатқызады. Ал қаланың қирауы туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, бір кезде бұл арада үлкен өркениеттің болғанын табылған заттардан байқау қиын емес. Кейбір көне жәдігерлер, ыдыс-аяқ сынықтарын сол ауылдағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Аташбек Әмірқұл жинастырып, мектеп ішінен шағын мұражай ашқан. Ауылдың айналасынан табылған қыш ыдыстар, су құбырлары бүгінге дейін мектеп мұражайында сақталып келеді.

Жалпы, ауыл тұрғындары бақшасының жерін аударып, ұра қазып жатып алтын, күміс бұйымдар, қыш ыдыстар тауып алғандығы туралы айтылып та жүр. Енді бір ауыл тұрғындары сол қазылған ордан адам сүйектерін тауып, зиратқа апарып қайта жерлеген. Қалаға су құбырының жүргізілгенін ол жерден әлі күнге табылып жатқан қыш құбырларына қарап аңғару қиын емес. Теріс ауылының жоғарғы бөлігінде өткен ғасырдың 80-ші жылдары «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салынды. Сол тұста тұрғын үй мен мемлекеттік мекемелердің іргетасын қалау үшін қазылған орлардан су құбырлары ғана емес, тұрмыстық заттар да көптеп табылған болатын. Бірақ, ол кезде жәдігерлерге қазіргідей мән берілмегендіктен, көбі қолды болған. Сынып, шашылып қалғаны қаншама?

Су құбыры қалаға Теріс ауылының оңтүстік беткейіндегі Көкбастау бұлағынан тартылса керек. Бұрын бұл бастаудың көзі екеу болған. Бірі бертінде бітеліп қалды. Қазіргі таңда Теріс ауылының жоғарғы бөлігі осы Көкбастау бұлағының суымен шарбағын ылғалдандырып отыр. Жалпы, ол бұлақты ауыл тұрғындары Әулие бұлақ санайды.

Теріс ауылының солтүстік бетінде бірнеше бос жер телімдері қатар орналасқан. Оны көкке жармаса ұмтылған биік теректер қоршап тұр. Сол арадан ескі ұра табылған болатын. Оны тапқан С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 2007 жылғы түлектері. Ұраның аузы жалпақ Қаратаудың тасымен өрнектеліп, өрілген. Бір кісі түсіп-шығарлық аузы бар. Оған түсетін тесік жалпақ таспен мықтап бекітілген. Үнемі ішіне су құйылғаннан болуы керек, ішкі қабырғалары құлаған. Көзге қыш ыдыстардың сынықтары шалынады. Бұл осы маңның халқы сол заманда-ақ отырықшылық тұрмыс кешкенін аңғартып тұрғандай.

Қала орнына жүргізілген барлау жұмыстары кезінде тарихшылар өздері күтпеген тосын жағдайға тап болды. Яғни, Теріс пен Бақалы ауылының ортасында орналасқан Жылқышы төбеге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде көне шаһардың басқару орталығы табылып, тарихшылардың болжамы бойынша қала жұртының өмір сүру кезеңін тағы да бірнеше жүздеген жылдарға кері жылжытуға тура келген. Белгілі тарихшы, археолог Сауран Қалиұлы бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың І және ІІ ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, орта ғасырлық қала астында тағы бір қаланың барын айтты.

– Жылқышы төбедегі қазба орнында болған көп тарихшылар оның қала тұрғызу мәдениетіне қарап, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І, біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызуда. Осында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог Карл Байпақов та осы болжамды айтып еді. Бұл жасалған жорамал шындыққа жақын. Өйткені, бұлай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға тән. Ал, Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа. Төрт жылға жуық жүргізілген қазба жұмыстары барысында көп жәдігер табылды. Биыл жоспар бойынша қазба жұмыстарын қайта бастайтын болғанбыз. Республикадан да қомақты қаржы қаралған. Бірақ, көктемде орын алған еліміздегі су тасқыны салдарынан бұл жұмыстар тоқтады. Енді алдағы жылдан үміт бар, – дейді Сауран Қалиұлы.

Ауыл тарихына қайта оралар болсақ, мұнда орыс шаруалары келіп қоныстанғанға дейін бұл жер Бектеміс Беркімбайұлының қонысы болған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ел басқарып, билікке араласқан ол бау-бақша салып, тоған қаздырған адам. Орыс переселендері келгенге дейін осы Теріс ауылында әулетімен отырып, өзенінің айналасына бау-бақша салған. Диқаншылықпен айналысқан.

Бүгінгі күні Теріс өзенінің екі тарапынан Теріс пен Нұрлыкент елді мекендерін ағын сумен қамтып отырған үлкен жер тоған бар. Сол тоғандарды 19 ғасырда қаздырып, бау-бақшаға жеткізген Бектеміс болатын. Бұл қос тоған әлі күнге баба есімімен Бектеміс тоғаны деп аталып келеді. Сондай-ақ, Теріс өзенінің солтүстік жағасынан қаздырған канал бойына су диірменін салдырыпты. Отырған жеріне көп ағаш отырғызған. Ол ағаштар канал бойында әлі күнге жайқалып өсіп тұр. Теріске көшіп келген переселендер шұрайлы жерде отырған Бектеміске қысым көрсетіп, ол жерден көшіп кетуіне себеп болған. Беріде, 1994 жылы баба есімін мәңгі ұмытпау мақсатында ауыл тұрғындары Суворов көшесіне Бектеміс есімін берді.

Теріс орнында 1880 жылы пайда болған жаңа ауылға жаңа қоныстанған орыс переселендері Суворов есімін береді. 1950 жылы ауылға тарихи атауы қайтарылып, содан бастап бұл елді мекен Теріс ауылы болып аталып келеді. «Большевик» колхозы тұсында көптеген нысандар салынды. 1984 жылы Теріс пен Нұрлыкент ауылдарының арасындағы өзенге үлкен көпір салынып, ел игілігіне берілді. 1986 жылы Теріс ауылының оңтүстік бетінде «Тұрғын үй-91» бағдарламасы аясында жаңа көше бой түзеп, ауыл әкімдігі, мектеп, екі қабатты тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар салына бастады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін «Большевик» колхозының орнына «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативі құрылды. 1992 жылы округтен Ұлы Отан соғысында қаза болған 190 жауынгерге арнап еңселі солдат ескерткіші орнатылды. 2000 жылы «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативі тарап кетті. Осы жылдарда Теріс ауылы түрлі атаулармен қатар аталып келді. «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативі құрылғанда ауыл «Жаңа Теріс» деп аталды. 2004 жылы Теріс ауылының оңтүстік беткейіне қоныс тепкен жаңа ауылға «Большевик» колхозының төрағасы, осы ауылды тұрғызып, ел қондырған ардақты азамат Әбілдабек Қойбақовтың есімі берілді. Сонымен бір ауылда үш атау үш-төрт жыл қатар аталып жүрді. Бірақ, соңғы аталған елді мекен атауларына тиісті құжаттық негіз болмағандықтан да ауылға тарихи атауы қайта қайтарылды.

Теріс ауылында 5 көше бар. Оның екеуі ұлтымызға танымал тұлғалар – Ы.Алтынсарин мен Қ.Рысқұлбековтың есімдерін иеленген. Ал қалған үш көшенің бірі – Бектеміс ата есімімен аталса, екінші көшеге Ауғанстанда әскери борышын өтеп жүріп 1987 жылы 20 шілдеде Пули-Хумри қаласы маңында қару-жарақ пен азық-түлік тиеген қарсыластың керуенін қолға түсіру кезінде ауыр жараланып, қаза тапқан Нұрлыбек Замбаевтың есімі берілді. Ал үшінші көшеге Ұлы Отан соғысына дейін шаруашылықты басқарған, кейіннен қан майданға алғаш атты әскер құрамында кіріп, одан кейін химиялық полкта қызмет атқарған, соғыстан оралғаннан кейін шаруашылықты көтеруге үлес қосқан Тәліп Иманбаевтың есімі берілген.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар