«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биліктің маңызды тармағы

Биліктің маңызды тармағы
Ашық дереккөз
Қазан айында Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өткені белгілі. Бұл жолғы басқосу жергілікті өкілетті органдардың 30 жылдығына арналды.

Жалпы, отыз жылдық датаның сән-салтанатқа құрылмағаны, той тойлау емес, елдік мүддені ойласқан форматта өткенін ерекше атап айту керек.

Отыз жыл – тарих көшінде үлкен белес. Осы кезеңде мәслихаттар уақыттың ағымымен бірге оқтын-оқтын қайта құруларды талап ететін демократиялық реформаларды бастан кешті. Сондықтан, бұл жай ғана жылдардың тізбегі емес. Отыз жылдың ішінде мәслихаттардың жергілікті өкілді органдар ретінде рөлі арта түсті. Бұл – мемлекеттің басты капиталы халық екенінің, ал елдің сөзі бәрінен биік тұратындығының дәлелі.

Форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтті. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.

Негізі 2022 жыл – елдің демократиялық даму үдерісінде елеулі кезең болғанын айтуға тиіспіз. Саяси жаңғырулар – тек билік жүйесінің өзгеруі емес. Бұл алдымен сананың жаңғыруы. Мемлекет пен халық арасындағы алшақтықты жою, атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету десек, азаматтардың да саяси белсенділігі аса маңызды. Философ Освальд Шпенглердің: «Мемлекет дегеніміз – халықтың бейнесі» деген сөзін еске алсақ, конституциялық реформа қос тарапқа да қажет қадам еді.

Конституциялық реформа арқылы мәслихаттар жаңа белеске қадам басты. Бұл туралы Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде айрықша тоқталды.

«Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президентіміз атап өткендей, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заң осыны талап еткеннен кейін көзқарас пен жауапкершілік өзгерді.

Ал конституциялық реформаның нәтижесі мәслихаттарда қалай көрініс тапты?

Сайлауда облыстық мәслихатқа 6 саяси партия өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынды. 2023 жылғы 19 наурызда өткен сайлау қорытындысында партиялар дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бес және одан да көп пайызын жинады. Атап айтсақ, Аmanat партиясы – 66,03, «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 5,70, «Respublica» партиясы – 11,22, «Қазақстан Халық партиясы» – 5,67, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» – 5,60, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 5,68 пайыз дауысқа ие болды. Жалпы облыс бойынша 206 депутат сайланып, мандаттар толығымен қамтылды.

28 наурызда облыстық сайлау комиссиясының отырысында Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына 6 саяси партияның басшы органдарының партиялық тізімдері бойынша ұсыныстары қаралды. Тізіммен облыстық мәслихатқа депутат болып тіркелгені – 18 адам.

Мемлекет басшысы атап өткен саяси жаңғырудың мәслихаттарға депутат сайлауда жылымық кезең болғанының бір көрінісі – бірмандаттық жүйе екеніне назар аударуымыз керек. Бұл қадам саяси науқанда бәсекенің артуына айтарлықтай әсер етті. Біздің өңірде аумақтық сайлау округтері бойынша сайлауға 64 кандидат додаға түсіп, олардың 18-і депутаттық мандат алды. 30 наурызда өткен сегізінші шақырылымның бірінші сессиясында депутаттар дауыс беріп, төраға болып сайландым.

Жалпы мәслихаттардың міндеті мен жауапкершілігі неге негізделген?

Біз осы сұрақтың жауабын іздегенде жергілікті өкілетті органдардың жұмыс жүйесін айқынырақ түсінеміз.

Мәслихаттар – бұл халық билігінің негізгі формасы. Өзін-өзі басқару жүйесі дәл осы халық өзі сайлаған жергілікті өкілді органнан бастау алады. Ал ел мүддесінің қорғалуы – азаматтардың белсенділігіне байланысты. Сайлаушылар өзі дауыс берген депутаттан сол аумақтағы тұрғындардың мұң-мұқтажын тиісті органдарға жеткізіп, шешімін табуына ықпал етуін талап ете білуі керек. Форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәселеге айрықша тоқталып, депутаттар өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруы қажет екенін еске салуы бекер емес.

– Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын, – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев, ең бірінші кезекте мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек екендігіне назар аударды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуі және өз жұмыстары жөнінде қоғамды жан-жақты хабардар етуі тиіс.

Ал халықпен ашық байланыс жүйесі қалай орнығады? Кедергісіз қоғам қай кезде салтанат құрады?

Бұл сұрақтың шешімі іс жүзінде көрініс табуы үшін біз жергілікті өкілді органдардың мәртебесін арттыруға, атқарушы биліктің халық сайлаған депутаттармен терезесі тең байланысын дамытуға ұмтылуымыз керек. Ал оның бірден-бір жолы – сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнату.

Депутаттардың жұмыс жүйесі сайлаушылармен байланысқа негізделуі тиіс. Халық қалаулылары ел мен билік арасында шын мәнісінде алтын көпірге айналуы қажет. Міне, сонда ғана Президент атап өткендей, мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Сол кезде жергілікті өкілді органдар рөлі мен мәртебесі айқындала түседі. Елімізде жүргізілген саяси реформалардан кейін мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымының енгізілгені де сондықтан.

Жалпы, саяси жаңғырулар мемлекеттік басқару мен жергілікті өкілетті басқару жүйесінің құзіреттерін айқындап беріп қана қойған жоқ. Ол мәслихаттардың құзіретін нақтылап, депутаттарға жаңа міндеттер жүктеді.

Енгізілген өзгерістердің бірі – облыс әкімдерін тағайындау тәртібі. Бұл қадам мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету және ықпалын барынша күшейту үшін жасалып отыр. Бүгінде облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатура баламалы негізде ұсынылады. Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталған.

Бізге жүктелген міндеттер мен өкілеттіктер шеңберінде қазіргі кезде облыстық мәслихатта 2 тұрақты комиссия белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ал Мемлекет басшысы баса назар аударып отырған халықпен тікелей байланыс орнатуды Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары бастап та кетті. Бір жылдан астам уақытта мәслихат сессиясында қаралатын мәселелерге қарай, менің бекітуіммен уақытша комиссия құрылып, біздің депутаттық корпус әр тоқсан сайын аудандарды аралайды.

Осылайша, біз сайлаушылармен кездесіп, алдағы сессияда талқыланатын тақырыпқа алдын ала зерделеу жасау тәжірибесін белсенді іске асыра бастадық. Депутаттар елді мекендерді аралау кезінде туындаған түйткілді проблемаларға назар аударады. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдайды. Тек сайлау алдында ғана емес, мерзімді кезеңде ел ішінде жиі болып, жұртпен кездесу – сайлаушылардың сенім үдесінен шығуға бастайтын маңызды қадам.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа талаптар депутаттарға өзі міндетіне жауапкершілікпен қарауды міндеттеп отыр. Императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайтуға шақырады. Себебі, «Сайлау туралы» Контитуциялық Заңға сәйкес, сайлаушылар бір мандатты округ бойынша сайланған депутатты, егер ол азаматтардың сенімін жоғалтса, сайлау бағдарламасын орындамаса, кері шақырып алуға бастамашы бола алады.

Мәслихаттардың құрылу, қалыптасу кезеңінің отыз жылы туралы айтқанда, оның тарихына тоқталмай кету мүмкін емес.

Елімізде өзін-өзі басқару жүйесі қалай қалыптасты? Жергілікті өкілді органдардың эволюциялық даму жолы қандай болды?

Жалпы отыз жылдың ішінде елімізде 8 рет сайлау өткізілді. Ең алғашқы жергілікті өкілді билік органдары – мәслихаттарға сайлау 1994 жылғы 7 наурызда өтті.

Бұл – өкілді органға жергілікті халықтың еркін білдіретін және өз қызметін дербес, бірақ заңның нақты шеңберінде жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктері берілген тарихи қадам болатын. Ал осы өкілдікті құқықтық тұрғыдан негіздеп берген 1993 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы екені белгілі.

1995 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейін мәслихаттар елдің саяси жүйесінің маңызды элементтеріне айналды. Өкілеттіктері кеңейтілді және олар жергілікті басқару мен бюджетке қатысты көптеген мәселелер бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік алды.

Мәслихаттардың одан әрі эволюциясы 2000 жылдармен тұспа-тұс келді. Бірте-бірте жергілікті бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыруда, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылауда белсенді рөл атқара бастады.

Жергілікті өкілді органдардың келесі маңызды кезеңі – 2010 жылдардың іші. Заңнамаға өзгерістер енгізілуінің арқасында мәслихаттардың өкілеттіктері күшейіп, қызмет құрылымы жаңғырды.

2020 жылы мәслихаттар туралы Заңның қабылдануы маңызды кезең болды. Заң шеңберінде жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда олардың өкілеттіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік артты.

1994 жылғы 30 наурызда облыстық мәслихаттың бірінші және екінші шақырылымында төраға қызметін Щорс Шарафутдинов, ал 2003 жылғы 20 қыркүйекте өткен мәслихаттар сайлауында, бұдан соң төртінші шақырылымда қайта тізгінді алған мәслихат хатшысы Әбдінұр Әсілбеков басқарды. Сондай-ақ, 2012 жылы бесінші шақырылымның, кейіннен алтыншы шақырылымда қайтадан өкілеттікке Бағлан Қарашолақов ие болды. Ал, 2021 жылғы 15 қаңтарда өткен облыстық мәслихаттың VІI шақырылымының бірінші сессиясында мәслихат хатшылығына Махметғали Сарыбеков сайланды.

Жетінші шақырылым мәслихаттар тарихындағы ең қысқа уақыт өкілеттік жасаған құрам болды. 2023 жылғы 19 наурызда қайтадан сайлау өткізіліп, мәслихаттарға үміткерлер партиялық тізімдер бойынша және бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен үміткерлер өз кандидатураларын ұсынды.

Негізі 2021 жылғы сайлауда партияда жоқ азаматтар қатыса алмаған еді. Ал Конституцияға сәйкес, мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Сондықтан тұрғындардың барлық топтары өз мүддесін білдіруге құқылы. Алайда Ата Заңымызда атап көрсетілгеніне қарамастан, бұл саяси додада тәуелсіз кандидаттар тыс қалған еді. Елімізде жүргізілген саяси реформа осы олқылықтың орнын толтырды деуге болады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси жүйенің кемшін жағын көрсетіп қана қойған жоқ, осы олқылықты түзеудің жолын, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды.

Тарих кезеңдеріндегі жаңарулар әрқашан басқару жүйесінен басталады. Билік өзгеріп, буын алмасқанда осылай болуы – заңдылық. Әрі қарай даму үшін жаңа көзқарас қажет. Елдегі ішкі тұрақтылықтың сақталуы да тікелей осыған байланысты.

Халық мүддесіне келгенде белгілі саясаткер Уинстон Черчилльдің мына бір сөзін ұмытпау керек: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде еш уақытта кешікпеу керек. Шешімді де тез қабылдаған жөн… Екіншісі – асықпау! Ұлттық мүддеге нұқсан келетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек!» Басқару жүйесінің халық үшін тиімді болуы – елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Бұл ретте, маңызды фактор – ел сенімі.

Бүгінде мәслихаттар жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылауды жүзеге асыруда. Осылайша атқарушы биліктің неғұрлым ашық және тиімді басқаруына ықпал етіп келеді.

Мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейту жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге және халықтық бастамаларды жүзеге асыруға жол ашатыны түсінікті.

Мәслихаттар – Қазақстандағы жергілікті басқару процесін демократияландыруға ықпал ететін халықтық биліктің маңызды тетігі. Болашақта олардың өкілеттіктерін кеңейтуге, депутаттар жұмысының сапасын арттыруға және халықпен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін заманауи технологияларды енгізуге назар аударған жөн. Мәслихаттардың дамуы неғұрлым азаматтық қоғамды қалыптастыруға және елдегі демократияны нығайтуға ықпал ететін болады.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар