«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнегелі әңгіме өрбіген жүздесу өтті

Өнегелі әңгіме өрбіген жүздесу өтті
Ашық дереккөз
Жас ұрпақ тәрбиесінде аға ұрпақтың орны бөлек. Атам заманнан солай болған. Қашанда жастар әрбір істі үлкендердің ақыл-кеңестерімен жүзеге асырған. Одан ешқандай ұтылған емес. Керісінше, істері нәтижелі болып, табысқа кенелетін әрі ата мен бала арасындағы қарым-қатынас нығая түсетін. Өрнек ауылында өткен «Ақсақалын тыңдаған ел адаспайды» атты семинар-кеңес, аты айтып тұрғанындай, үлкенді сыйлаудың, ақыл-кеңестерін тыңдаудың үлгілі үрдісін ұсынып отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Н.Несіпбеков, Аmanat партиясы аудандық филиалының төрағасы Т.Әбдібеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов, аудандық ардагерлер және билер кеңестерінің төрағалары Б. Сырлыбаев пен Б. Саршаев, аудандағы барлық ауылдық округтер жанындағы бастауыш ардагерлер кеңестері мен билер кеңестерінің төрағалары, ауыл ақсақалдары мен қариялары қатысқан басқосу тәрбиелік мәні жоғары іс-шара болды.

Жиын тізгінін ұстаған Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаев басқосудың алғашқы сөзін аудан ардагерлерінің жетекшісі Бақыт Сырлыбаевқа берді. Ол өңірде аға буын өкілдерінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Өрнектегі өткізіліп отырған өнегелі іс-шараны жоғары бағалады.

Алқалы жиында баяндама жасаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Л.Амалов өзі жетекшілік ететін ұйым мүшелерінің ауызбіршілігін айрықша атап өтті. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ата-баба қағидасын ұстанған ауылда ақсақалдардың бастамасымен және солардың ақыл-кеңестерімен, көпшіліктің қолдауымен көптеген игілікті істер жүзеге асырылған екен. Лесбек Сәрсенбекұлы ол істерді атап өтті.

– Өрнек ауылдық округінде бір орта мектеп, кәсіптік-техникалық колледж, мәдениет үйі, спорт кешені, емхана, 2 балабақша, өнер мектебі, кітапхана, пошта, өрт сөндіру және мал сою пункттері, сауда орындары халыққа қызмет көрсетуде. Ауыл көшелері асфальтталған. 12 көшені жарықтандыру жүргізіліп жатыр. Ауыл ішіне 12 шақырымға ауыз су құбырын жүргізу келер жылға жоспарланған. Осы ж ұмыстардың бәрінде қариялардың бірқатарының қолтаңбалары бар. Ілкімді істердің аға буын өкілдерінің бастамаларымен, ақыл-кеңестерімен жүзеге асырылғанына ауыл тұрғындары куә. Ауылымыздағы имандылық іс-шаралары өткізілетін мешіт пайдалануға беріліп, айналасы абаттандырылуда. Бұл ғимараттың құрылысына қаржыны ауыл тұрғындары, осы ауылдан шыққан айтулы азаматтар қосқан. Ал, істің негізгі бастамашысы әрі ұйытқысы – ақсақалдар, ардагерлер, – деді Лесбек Амалов.

Ауылдық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің жұмысы жайында баяндаған осы қоғамдық ұйымның жетекшісі Қ.Қосаров ел тыныштығын сақтаудың маңыздылығына көпшілік назарын аударды. Онысы орынды, ел іші тыныш болса, еңсерілмейтін тірлік, алынбайтын асу жоқ.

Қаржаубай Әбдірұлы полициясы, прокуроры, соты жоқ бағзы замандарда бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтауда ақылгөйліктің аса жоғары үлгісін көрсеткенін айтып өтті. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дала данышпандары, дана билердің әділ төреліктерін мысалға келтіре отырып, өздерінің негізгі ұстанымы тату-тәтті тірлікке тұтқа болу екенін атап көрсетті.

Тіршіліктің тірегі, адамзат өмірінің сарқылмас бастау-бұлағы әйел-аналардың қоғамдағы рөлі туралы тебірене сөз сөйлеген аналар алқасының төрайымы Фатима Алтынбекова әріге бармай-ақ, осы ауылдан шыққан еңбеккер, қайраткер әйелдер мен алтын құрсақты аналардың үлкен тобын мысалға келтіре отырып, олардың ұрпақ өрбіту мен бала тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Ол ұрпақ сабақтастығындағы өзіндік орны бар, осы жолда шешуші рөл атқаратын ардагерлер ұйымының қоғам дамуындағы үлесіне үлкен ризашылығын білдірді.

Басқосуда сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов осынау жиынның негізгі мақсатына мән беріп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы алқалы топтың алдында ауылда ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға зор үлес қосып жүрген қоғам белсенділері Балтабай Ахметов пен Фатима Алтынбекованы «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, бір топ ардагерлерге облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын табыстады.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

ардагер журналист.

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар