«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзекті істер мен өзгерістер

Өзекті істер мен өзгерістер
Ашық дереккөз
Өзекті істер мен өзгерістер

Қалада қылмыс азайған

Бүгінде облыс орталығында қолға алынған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы өз тиімділігін көрсетуде. Жобаның жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жастар арасындағы құқықбұзушылық, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс бағыттары бойынша бірлесе атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жалпы қылмыстардың өсуіне жол берілмеді.

Бүгінде Тараз қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебінде 172 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр. Осы орайда, шаһардағы мектептерде прокуратура және әкімдік қызметкерлерінен құрылған мобильдік жұмыс тобы есепте тұрған балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, биыл жыл басынан бері жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 29 512 оқушыдан сауалнама алынса, 34 841 оқушының қатысуымен 149 кездесу ұйымдастырылған. Бұған қоса 41 жайсыз отбасының үй-тұрмыстық жағдайлары зерделеніп, онда тәрбиеленіп жатқан балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздігіне бақылау жасалуда.

Бұл туралы облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша өткен кеңесте Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баяндады. «Қалалық білім бөлімі тарапынан жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалу қаупі бар 57 нысанның тізімі құрылды. Жергілікті полиция қызметі тарапынан бұл аймақтар тұрақты патрульденуде. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 13,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық 20,2 пайызға, ұялы телефондарды қолды қылу – 39,6, қоғамдық жерлерде жасалған заңбұзушылықтар – 8,7, есірткімен байланысты қылмыстар 15,4 пайызға азайды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы алдағы жоспарларды да атап өтті.

Қала басшысының айтуынша, жобаны әрі қарай жетілдіру мақсатында қалалықтардың жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарына деген сенімін халықпен кездесулер өткізу арқылы 65 пайызға арттыру, профилактикалық іс-шараларды көбейту арқылы қала аумағындағы қылмыс деңгейін 5 пайызға төмендету, халықтың мәселелерін шешудің жеделдігі және мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағыммен жүгінетіндердің санын 10 пайызға азайту және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, олардың құқықтық сауаты мен мәдени құндылықтарын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту көзделген.

Кеңесте Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев жоба шеңберінде уәкілетті орган тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесін баяндады.

53 тұрғын үй жаңғыртылуда

Соңғы жылдары облыс орталығында тұрғын үйлерді жаңғыртуға баса ден қойылуда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша биыл 53 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған болатын.

Қазіргі таңда аталған нысандарда 23 мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күнге аталған үйлердің шатыры мен жертөледегі жылу, су жүйесі толықтай жаңартылып, құрылысшылар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысуда. Биыл бұған қоса «Интерстрой Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» серіктестіктерінің мердігерлігімен «Қаратау» шағынауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» шағынауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» шағынауданында коммуналдық меншікте тұрған үш үй жаңғыртудан өтті.

Биылғы жылы тек шағынаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Төле би даңғылында орналасқан 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары күрделі жөндеуден өткізілсе, Желтоқсан көшесіндегі бір үйде құрылыс жұмыстары жүруде.

Тұрғындар ескеретін жайттар бар

Қалада 15 қазаннан бастап жылыту маусымы басталғаны белгілі. Алайда, әлі күнге дейін тұрғындар тарапынан жылу мәселесіне байланысты шағымдар түсуде.

Өткен жылы жылыту маусымы аяқталған соң әкімдік мамандары проблема орын алған үйлерге арнайы барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда тұрғындар кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау, ағымды және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету керектігі жазылған. Осы заңға сүйене отырып, проблемалық тұрғын үйлердің иелеріне жертөледегі тозығы жеткен жылу құбырын және бітеліп қалған тікқұбырларды ауыстыру бойынша бірнеше рет ескерту берілген. Дегенмен, кейбір тұрғындардың бұған немқұрайлы қарауы салдарынан, жылу беруші мекеменің тарапынан жылу нормаға сай берілгенімен, тұтынушылардың жылу жүйесін толық қабылдауға мүмкіндіктері болмауда.

Жылу энергиясын пайдалану қағидалары бойынша тұтынушының уәкілетті тұлғалары (кондоминиум объектісін басқару органы, мүліктік меншік иелерінің бірлестігі, жай серіктестік, пәтер иелері) тиісті техникалық жай-күйді сақтайды және жалпы үйдің жылыту жүйесі мен ыстық сумен жабдықтаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, коммерциялық есепке алу құралдарының және үйге ортақ меншікті құрайтын басқа жылу тұтынатын құрылғылардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мүліктік меншік иелерінің бірлестігі, жай серіктестік немесе кондоминиум объектісін басқару органы басқаруындағы көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергия көзі тарапынан басқару торабының кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі немесе дәнекерлі тігіс бойынша анықталады. Осыған орай, қала әкімдігі тұрғындардан осы мәселеге түсіністікпен қарап, ортақ мүліктегі инженерлік құбырлардың қалыпты және жарамды жағдайда болуын қамтамасыз етуді сұрайды.

Коммуналдық қызмет жұмысы күшейді

Аптаның ортасында Таразда алғашқы қар жауды. Қысқы маусымның басталуына орай коммуналдық қызмет жұмысы күшейіп, қар жаууына байланысты тиісті шаралар атқарылуда.

Қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, шаһар аумағында қар және жауын-шашынның тәулік бойы түсуіне орай сала мамандары арнайы техникамен бекітілген жерлерге тұз араласқан құм сеуіп шықты. Атап айтқанда, қала аумағындағы 7 көпірге, Құмшағал, Шөлдала алқаптарында көктайғаққа қарсы екі қайтара 36 текше метр құм, 9 тонна тұз себілді. Аталған жұмыстарға 3 «КамАЗ» автокөлігі мен 1 тиегіш арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы, 2024-2025 жылдың қысқы маусымында қала аумағындағы автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарында төтенше жағдайлар туындамас үшін, тазалық жұмыстарымен «Жасыл ел-Тараз» серіктестігі айналысады.

Облыс орталығындағы 79 көшенің қарын күреу және тұз аралас құм шашу жұмысының жоспары бекітілген. Қысқы тазалық жұмыстарына қолданылатын 49 техника дайын тұр. Қолдағы мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта қоймада 5880 текше метр құм және 1512 тонна тұз бар. Сондай-ақ, қажеттілікке байланысты ауыр техникаларды жалға алу үшін мекемелермен келісімшарт жасалған. Қар тазалау бригадалары тәулік бойы екі ауысымды кестемен жұмыс атқарады. Осылайша, коммуналдық қызмет қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бекіткен кесте бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, мекемеде диспетчерлік қызмет бар. Олар барлық жұмысты бақылауда ұстайды.

 

Тараз қаласы

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар