Қиын кезеңде еліне қорған, ха лқына қа лқан болып, қан майданда батырлығымен көзге түскер ерлер бұл топырақта аз емес. Соның бірі – Кеңес Одағының Батыр атағына теңестірілген, «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиев. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында Тайыр Тастандиев майданда ерлерге тән ерлік көрсетті. Еңбекте де алда болып, ел құрметіне бөленді. Соғыстан кейін ел еңсесін көтеру, халық тұрмысын жақсарту үшін аянып қалмады. Тіпті, батыр Бауыржан Момышұлы да онымен кездескенде: «Мына төртбақ дене қазағың нағыз батырға тән тұлға» деп бағалаған екен. Ол кісінің атында бүгінде ауданда бір мектеп, аудан орталығында көше бар. Бұл – батыр рухына деген ел-жұртының құрметі болса керек. Ал, Кеңес Одағының Батырлары генерал- лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий және Федор Керданның ерлігін жуалылықтар жақсы біледі.
Жуалы жері жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде жаудан қорғанар берік қалқан болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойгелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Ақментей, Тілеуке, Қожық, Құттық, Онбай, Бердіқожа, Байдәулет, Есіркеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқандай батырлар мен Батырбек датқа сияқты аузы дуалы бабалар мекен етіп, жерін, елін жаудан қорғауда өшпек ерлік көрсеткен. Бүгінде осы бабалардан қалған өнегелі жолды ұрпақтары жалғастырып, қол бастап, ел тыныштығы мен шекарасын күзетуде.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жуалыға арнайы келген жұртшылық енді оны генералдар елі деп те атап жүр. Өйткені, бұл өңірден шыққан генералдардың қатары көп. Жалпы, бейресми ақпаратқа сенетін болсақ, Жуалыдан шыққан 20-дан аса генерал бар. Әрине, бұл жерде ескеретін мәселе, бұрын осы өңірде тұрып, кейін ата-жұртына көшіп кеткен, сол елде генерал шеніне жеткендер де баршылық екен. Ал, мұндағы генералдар көшін бастап тұрған айтулы тұлғаның бірі – Халық Қаһарманы, генерал- лейтенант, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Ертаев.
Ауған соғысында шыңдалып, ерліктің, табандылықтың үлгісін көрсеткен батырымыз, Бақытжан Ертаевтың тәуелсіз қазақ елінің әскерін құруға қосқан үлесі зор. Ол өзіне жүктелген жауапты басшылық қызметті абыроймен атқара жүріп, еліміздің Қарулы Күштерін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстанның жаңа Астанасын көркейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ауған соғысында көрсеткен ерлігі өз алдына бір шежіре іспетті. Бақытжан Ертаевтың 65 жасқа толған мерейтойында Кеңе с Одағының Батыры Омар Паша «Нағыз батыр мен емес, нағыз батыр – Бақытжан Ертаев» деп оған жоғары баға берген болатын. Жерлесіміз Бақытжан Ертаев негізгі қызметінен бөлек, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы болды. Ол Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде де еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Жалпы, Отанына адал қызмет етудің үлгісін ішкі істер органдарының генералдары Тәттібай Дүйсебаев, Есен Демесінов, Арыстанғали Заппаров және Әділет генералдары Тілепалды Ыбыраев пен Ғабит Миразов көрсетті. Еліміздің Қарулы Күштер генералдары Дмитрий Ковешников, Алексей Тромбачев, Владимир Трегубенко, Роман Чумаков, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Диханбек Сатылғанов және Қуанышбек Үшт аев, Ұлттық қауіпсіздік саласының генералы Сейітжан Қойбақовтың есімдері жуалылық батырлар шоғырын жарқырата түсуде.
«Ескермесе ерлерін, жайсаңдарын, бұл халық қайдан алсын даналарын» демекші, айналамызды бағамдап қарасақ, жұрт біліп, есімін ардақ тұтар ондай тұлғалар Жуалыда көп. Соның бірі – Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденінің, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының және Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Алматы қаласының, Жамбыл облысы мен Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Аягүл Миразова. Бүгінде оны еліміздің бар ұстазы үлгі тұтып, ұстаздардың – ұстазы санайды.
Ал, Кеңе с Одағы ке зінде Социалистік Еңбек Ерлері атағына Теміртаудағы металлургия зауытында болашақ Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа болат қорыту ісінде алғаш тәлімгер болған Еламан Байғазиев, жылқышы Әбден Рысбеков, комбайншы Владимир Яковенко, Андрей Козырь, картоп өсірушілер Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко совхоз басшысы Петр Чигринец ие болған еді.
Журналистика және жазушылық саласында өзіндік қолтаңбасын қа лдырған тұлғаның бірі – Құрманбек Сағындықов. Ол туралы айтылғанда алдымен оның даңқты батыр Бауыржан Момышұлымен арадағы достығы әңгіме болады. Екеуі бірге өсіп, бірге оқып, қан майданда да бастапқыда бірге болған. Оның есімі қалың қазаққа Александр Бектің панфиловшылар, оның даңқты батальон командирі Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» романын аудару арқылы кеңінен таныс. Ол «Қазақстан коммунисі» журналын табаны күректей 18 жыл басқарып, партия тарихы институтында марксизм-ленинизм классиктерін аудару секторын меңгеріп, аударма сапасына үлес қосқан.
Жуалы десе ең әуелі аты аңызға айналған, ерлігі мен өрлігі бүкіл әлемге мәшһүр болған батыр Бауыржан Момышұлы мен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза еске түседі. Қасиет дарыған өлке батырлар мен ақын- жазушылар мекені екені де анық. Жазушы, қоғам қайраткер Шерхан Мұртазаның Жуалыны «Менің Швейцариям» деп айтқан сөзі баршаның аузында қанатты сөзге айналып кетті. Шерхан Мұртаза өз шығармаларында Жуалы туралы тұтас галерея жасады.
Жуалыдан түлеп ұшып республикаға танылған жазушы- журналистерде аз емес. Олардың қатарына Кәрім Баялиев, Бақытжан Момышұлы, Әміртай Бөрі, Рақым Сатаев, Бауыржан Үсенов, Алпысбай Шымырбайұлы, Мақұлбек Рысдәулет, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбек, Талғат Айтбайұлы, Талғат Сүйінбай, Қасым Әзімхан, Мырзахан Ахмет, Бекет Момынқұл, Сәбит Дүйсебаев, Гүлтас Құрманбай, айтыскер ақын Қанат Мырзаханұлы, қазақ радиосының жезтаңдай дикторы Ұлжан Пармашқызы, журналист Ақылжан Мамыт және басқа да ондаған жас ақын-жазушыларды жатқызуға болады.
Ал, өнер саласында өзіндік орнын термеші Хамза Абдалиев, өнер зерттеушісі, ғалым Мұсабек Жарқынбеков, артист Әтіркүл Дүйсекенова, Нұржан Тұтов, Мархабат Мықтыбеков, Индира Расылхан қалыптастырса, спортта «Вэл Баркер» кубогын алған тұңғыш қазақ Бақтияр Артаев пен дзюдодан Қазақстан тарихындағы әйелдер арасынан шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек олимпиада ойындарында топ жарды.
Жуалылықтар академик Лесбек Сейітбеков, Бауыржан Қойбақов пен Сейітқан Қойбақов, Мұхтар Тінәсіл, Базархан Рүстембаев, Исан Тілегенов, Несіпхан Бектенов, Қарабай Қарақұлов, Мұқан Перленбетов, биология ғылымдарының докторы Зерекбай Әліқұловтармен мақтанады. Ал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанған ел ағалары Бектас Бекназаров, Кәрім Баялиев, Еркінбек Солтыбаев, Жарас Мұратай, Естемес Аманбеков, Шерхан Раздықов, Анархан Әзімханов пен Врублевская, Трофимовалардың облысымыздың өркендеуіне қосқан үлесі зор. Ауданда басқа салаларда да өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жуалының аты осындай азаматтармен айбынды, әрі асқақ.
Ал, аудан тарихына аз-кем тоқт а лар болс ақ, қазақ пен қырғызға ортақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Бөтен елдерге сапар шеккенде мені қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп қуантады. Сол ән осы Жуалыда туған ғой деп ойлаймын. Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен, батырлары, Мыңбұлағы, табиғаты және тарихымен қазақ еліне ертеден-ақ белгілі», – деген екен.
Еліміздің тарихында ерекше аталатын, басынан қар кетпес қасиетті Алатау мен қарт Қаратаудың ортасынан ойып тұрып орын алған Жуалы жерінің өзгеше бір табиғаты ерте кезеңдерден бастап-ақ адамдардың өмір сүруіне жайлы болған. Түгін тартсаң, майы шығатын бұл аймақ туралы ел арасында аңыз-әңгіме де көп. Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз өзінің желмаясымен «Жер ұйықты» іздеп жүріп, шөбі шүйгін, суы тұнық, көркі әсем Жуалыға аялдаған деседі. Табиғаттың осынау теңдессіз сұлулығына риза болған бабамыз: «Суың бал, топырағың нәр екен, қадіріңді егін салған ел білер» – деп бағасын берсе керек. Шынында да, аудан жерін айнала қоршаған таулардың біріне шығып, көз жіберсеңіз, бұл өңірдің шығысынан батысына дейінгі жер жазығын ешбір дүрбісіз-ақ зердеге оп-оңай тоқып аласыз.
Ел аузында қалған аңыздардың біріде жарты әлемді жаулап алған Шыңғысханның өзі осы Мыңбұлақ өңіріне шатырын тігіп, жиын өткізгені айтылады. Бұл – Жуалы жерінің табиғаты таңғажайып болғанын дәлелдейтін сияқты. Бір кезде төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен Шыңғысхан шапқыншылығын да көрген бұл өңір. Отырар шаһарын шабарда Шыңғысханның жер қайысқан қолы Жуалы жерінде ұзақ уақыт тынығып, күш жинап, жорыққа қайта аттанған деген де дерек бар. Сондай-ақ, ұзақ жылдарға созылған жоңғар қалмақтарының қанқұйлы шапқыншылығы да бұл өңірге өз өрнегін салмай кеткен жоқ. Билікөл көлі жағасында қалмақтармен болған шайқаста қазақ қолы үстем болып, қалмақтар тым-тырақай қашқан екен. Көрнекті қазақ жазушысы Софы Сматаев «Елім-ай» романында Қошқарата маңында қалмақтармен көп күндерге созылған шайқас та қазақ жауынгерлерінің жеңісімен аяқталғанын жазады.
Жуалы ауданы 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылып, оның құрамына Көлбастау, Бурнооктябрь, Петровка, Шақпақ, Қазан, Күреңбел, Амангелді, Боралдай, Қошқарата болыстықтары енгізілді. Ал, 1930 жылы арнайы қаулыға сәйкес Шымкент облысындағы Ақсу ауданының аумағы Жуалы мен Шымкент аудандарына бөлініп берілді.
1932 жылғы 20 ақпанда Қазақстанның аудандары жаңа құрылған алты облыстың құрамына енгізілуіне байланысты Түлкібасымен біріккен Жуалы ауданы (орталығы Ванновка селосы) Шымкент облысының еншісінде өткен болатын. Ал, 1936 жылы Жуалы ауданы қазіргі жер көлемімен өз алдына жеке аудан болып отау тікті. ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1951 жылы Жуалы ауданы Жамбыл облысының құрамына енгізілді. Жерінің жалпы көлемі – 4,2 мың шаршы шақырым. Тұрғындар саны 50 мың адамды құрайды. Аудандағы 49 елді мекен 14 ауылдық округ әкімдігіне топтастырылған. Орталығы–Бауыржан Момышұлы ауылы. 2013 жылы Тоғызтарау ауылдық округі Жамбыл ауданының қарамағына берілді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді