Климаттың өзгеру әсерін азайтуға бағытталған маңызды қадам
Әзербайжан астанасында өткен әлемдегі ең маңызды және ауқымды шаралардың бірі саналатын БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясына мүше тараптар конференциясының 29-шы сессиясында (COP29) жаһандық климат мәселелері талқыланды. Конференцияның басты мақсаты – климаттық өзгерістермен күресті қаржыландыру саласында әділ және өршіл жаңа ұжымдық сандық мақсатқа (NCGQ) қол жеткізу. COP29 төрағалығы климаттық шаралар мен тұрақты даму мақсаттарының өзара байланысы, жасыл энергетикалық аймақтар мен дәліздер, энергияны сақтау, ауыл шаруашылығы, таза сутегі, органикалық қалдықтардан шығатын метанды азайту және жасыл сандық технологиялар секілді тақырыптарды қамтитын 14 бастама ұсынған. Сондай-ақ, «Жаңа ұжымдық сандық мақсат» қаржыландыру жобасы да талқыланатын маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. COP29 конференциясы климаттың өзгеруінің әсерлерін азайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерде маңызды қадам болып саналады.
Саммиттің пленарлық сессиясының ашылуынан кейінгі алғашқы сөз Қазақстан Президентіне берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстан жаһандық климаттың күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күре сте ха лықара лық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін айтты. Сондай- ақ, «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» (NCQG) аясында табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.
«Әлемдегі зиянды шығарындылардың бір пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз», – деді Президент.
Қазақстан халықаралық ықпалдастықты нығайтуға дайын
Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитінде бірқатар мәселені көтерді. Соның ішінде дүние жүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталды. «Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз. Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр», – деген Президент әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың конференциясы аясында ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көшу маңызды екенін жеткізді. Қазақстан «көміртекті егіншілікке», яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет.
Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Президент қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды.
«Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі.
Саммит аясындағы келелі кездесулер
Бакуге сапары барысында Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 29-шы конференциясы аясында мемлекеттер басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және бизнес-құрылым өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу кезінде Финляндияның Қазақстанның Солтүстік Еуропа аймағы мен тұтас Еуропа Одағындағы сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі екеніне тоқталып, мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынасты, атап айтқанда, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізді. Сонымен қатар, фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия сияқты салаларда фин компанияларымен бірлесе қолға алған жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады. Сондай-ақ, ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммиті аясында Кувейттің Тақ мұрагері, шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Кувейтті Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды серіктесі ретінде атап өтті. Президент екі ел арасында тұрақты саяси диалог пен экономикалық ықпалдастық дамып келе жатқанына назар аударып, Қазақстанның Кувейтпен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейттің Қазақстан экономикасына қаржы құятын ірі инвестордың біріне айналуға әлеуеті мол екеніне сенім білдіріп, елімізде бірқатар Кувейт компаниясының табысты жұмыс істеп жатқанын мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабах бірлескен инвестициялық жобаларға баса мән бере отырып, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыра түсу жөнінде уағдаласты.
Мемлекет басшысы Руанда Президенті Поль Кагамемен кездесу өткізіп, тараптар сауда-экономика салаларындағы екіжақты қарым-қатынастың даму перспективасын талқылады. Мемлекет басшысы Руандамен берік әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Өз кезегінде Поль Кагаме еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу барысында биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге 30 жыл толғанын атап өтті. «Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Былтыр екіжақты сауда-саттық 6 миллиард долларға жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент Түркияның Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған негізгі инвесторлардың қатарында екеніне назар аударып, түрік бизнесмендерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жеке бақылауында болатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатта дамып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі жандандыру үшін мол әлеует бар екенін айтты. Бұл ретте Режеп Тайип Ердоған түрік компаниялары Қазақстан экономикасының әртүрлі секторында табысты жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, түрік бизнесмендері Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін игеру, АЭС салу және мұнай-газ тасымалы бағытында тәжірибе бөлісіп, өзара тиімді серіктестік құруға дайын. Бұдан бөлек мемлекеттер басшылары халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету жөнінде уағдаласты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ICAO кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесуінде авиация саласын дамыту перспективасы талқыланса, «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесу барысында теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдаған Мемлекет басшысы бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және ынтымақтастық перспективасына қатысты мәселелерді талқылап, қоршаған ортаны қорғау саласына, соның ішінде климаттық өзгеріс салдарын жеңілдету және «жасыл» энергетикаға көшу шаралары бойынша бірлескен жобаларға баса назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жағдайында бұл бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Ислам даму банкінің басшылығына ризашылығын білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы 1,153 миллиард АҚШ долларын құрайды, сондай-ақ 3,5 миллион доллар көлемінде грант беріледі. Бұл банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы екенін айта кету керек. Нақтылап айтқанда, Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына 1,15 миллиард доллар инвестиция құятын болды. Үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, тараптар Бакуде өткен конференцияда (COP29) тиісті келісімге қол қойған. Ислам даму банкі сияқты беделді институттың қаржыландыруы елімізге деген жоғары сенімді, жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформаларды куәландырады. «Ислам даму банкі Қазақстанның су саласын дамытуға 3,5 миллион доллар көлемінде өтеусіз грант бөлді. Сондай-ақ, ИДБ Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын іске асыруға қатысады. Бұған дейін тараптар жобаның бірінші кезеңі бойынша келіссөздер хаттамасына қол қойған болатын» делінген хабарламада. Ведомство мәліметінше, қаржыландырылатын жобаның бірінші кезеңі Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салуды және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялауды, 115 каналды реконструкциялауды және күрделі жөндеуді қарастырады. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүргізілетін болады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді