Ғылыми конференцияға модераторлық еткен ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ақынның өмір жолынан сыр шертіп, сатириктің күрескерлік қабілеті, педагогикалық қыры жөнінде сөз тарқатты.
– Шона қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдыра білді. Ол жастайынан қиыншылыққа мойымай өсті, Ұлы Отан соғысына қатысты, ұстаздық қызмет атқарып, талай қазақ жастарын ән мен өнерге баулып, олардың тәлім-тәрбиесіне баса мән берді. Таласқа сапарында бала Шонаның бойындағы шығармашылық қасиетті аңғарып, оның айтулы тұлғаға айналарын дәл тауып, дөп басқандардың алғашқысы Асқар Тоқмағамбетов еді. Кейіннен өзімен үндес, ойы қанаттас шығармашыл інісі жайында: «Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр!» деп сатириктің шығармашылығы мен қайраткерлік болмысына биік баға берді, – деді Бауыржан Жақып.
Жастайынан нағашының қамқорында болып, өмірдің сүрелең соқпақтарында сүрінбей, қандай қиындыққа болсын мойымай өскен Шонаның шығармашылық жолы да күрескерлікке толы болды. Ол қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерді қаламына арқау етіп, шымшымаға, фельетонға айналдыра білді. Әсіресе, ақын қазақ тілі үшін аянбай күресті. Тіл жанашырының бұл жолдағы ерен еңбегі туралы ақынның ұлы Ұлан Шонаұлы: «Сол кездері Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болды. Оның бірі аудан-ауылдардан келіп оқитын №4 мектеп-интернаты болса, екіншісі №12 мектеп. Отбасымызда бауырларымыздың бәрі сол №12 мектепті тәмамдап шықтық. Әкеміз үйде де, түзде де ана тілімізде сөйлеуді қатаң қадағалап отырды. Өзі сол кезеңде тегін «ов», «ев»-сіз жаздырған аз қазақтың бірі болғасын, біздің де тегімізді «ұлы» немесе «қызы» деп жаздырды. Тіпті, көшеден орысша сөйлеген қазақ жастарын көрсе соларға «Неге сен қазақша сөйлемейсің?» деп ұрысып жататын, солар үшін күйінетін. Теледидар қарап отырса да сол кездегі бағдарламалардағы қазақ тілін бұрмалаушылықты өткір сынап, шығармаларына арқау етіп отыратын», деп еске алады. Міне, осы бірегей болмыс пен ұлтшыл азаматқа тән даралық қасиет оны тұлғалық тұғырдың биігіне көтеріп, ұлтының сүйікті перзентіне айналдырған болса керек. Ал, оның бүгінгі ұрпаққа еншілеген мол мұрасын насихаттау әрбір ел азаматының парызы. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев те қазақ халқы барда, ақын есімі мәңгілік ел жадында сақталатындығын атап өтті.
– Облысымыздың 85 жылдығымен қатар келген тұлғаның мерейтойының маңызы жоғары, тағылымы мол деп білеміз. Себебі, дарынды тұлға Жамбыл жерінің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Осы орайда ел арасында «Шоқ тілді Шона» атанған Шона Смаханұлының мерейтойының туған топырағында өтуі заңдылық. Қайраткер қаламгер өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ сатирасын дамытуға арнады. Әзілмен шығарма жазса да, оның түбінде шындығы бар екенін ойлы оқырманға жеткізуге тырысты. Шона Смаханұлы қазақ әдебиеті тарихындағы тұғыры биік тұлғаның бірі. Ол қай кезде де ақиқаттың ақ туын жоғары көтеріп, өзінен кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге бола білді. Қаламгердің шығармаларынан оқырман қауым да өзіне қажетті рухани азықты алып келеді. Талантты тұлғаның туындылары өзінің шыншылдығымен де, өміршеңдігімен де құндылығын жоғалтпайды. Қаламгердің биылғы мерейтойы – қазақ руханиятының мерейі. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өміршең туындылар екені сөзсіз. Қазақ халқы барда Шона Смаханұлының да есімі мәңгі жасай бермек, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін ғылыми конференцияда Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Президенттің арнайы құттықтауы мен сәлемін жеткізді.
– Мемлекет басшысы қашанда ұлт зиялыларын жоғары бағалап, мемлекеттілік пен елдікке үлкен үлес қосып отырған, ұлт руханиятын байытуға еңбек сіңірген тұлғаларды қадірлейтінін білесіздер. Талас өңірі – қасиетті өңір. Ұлттық әдебиетіміздің ірі өкілі – Шона Смаханұлы да осы өңірдің тумасы. Шона Смаханұлының еңбегінен, шығармашылығынан осы Таластың ғасырлар бойы жинақталған құндылықтары көрініс табады. Бар саналы ғұмырын ұлт руханиятын өркендетуге арнап, сатира жанрын талай белеске көтерген ақынның шығармалары төл әдебиетіміздің алтын қорынан ойып тұрып орын алады. Ел арасында «Шоқ тілді Шона» тіркесі кең танылуы соның айқын дәлелі. Ұлт мүддесі үшін күрескен өршіл ақынның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Сондықтан бүгінгі мерейтойдың мемлекеттік деңгейде маңызы өте жоғары, – деп атап өтті Мәлік Отарбаев.
Шынында Шона есімі тек жергілікті деңгейде ғана насихатталумен шектелмеуі керек. Республикалық ғылыми конференцияның да діттеген мақсат-мүддесі осы. Өйткені қазақ сатирасы сөз етілгенде Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқпанов, Қалтай Мұхамеджановпен Шона Смаханұлы да қатар айтылады. Ал, сатирик шығармаларының Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбекпен бірге әзіл-сықақ жанрдағы бүкілодақтық «Крокодил» журналының жеке кітапханасынан арнайы серия болып шығуы қазақ сатирасындағы соны құбылыс еді. Сол себепті де айтулы жиында түркі әлемі елдері жазушылар одағы ұйымдарын біріктірген ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сатирик туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, ТҮРКСОЙ ұйымының құттықтауын жеткізді.
– «Шона Смаханұлы сатира жанры бойынша қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған санаулы тұлғалардың бірі. Сонау Бейімбет, Асқар, Оспанхан, Сейіт, Ғаббас, Көпен, Қонысбай секілді қазаққа қаламымен күлкі сыйлаған жұлдыздар шоғарының алғы шебінен өз орнын ойып тұрып алған сатира шеберінің 100 жылдық мерейтойы қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің қуанышы. Көзінің тірісінде шақар мінезді шығармаларымен «шоқ тілді Шона», «алты Алаштың Шонасы, сатираның сонасы» атанған өткір өлеңдердің авторы қоғамның кеселдерін өз мәнерімен өткір сынаумен өтті. Ол қазақ сатирасында шаншыма мен шымшыма деп аталатын дербес мектеп қалыптастырып кетті. Шонаның шығармалары еріксіз езу тартқызатын, қиып түсер қылыштай өткір, кеселді қиып алып тастайтын оташының қандауырындай шипалы туындылар. Оның есімі Фатих Әмірхан, Әзиз Несин, Марсель Шарипов, Мидин Алыбаев секілді түркі әлеміне танымал сатираның саңлақтарымен қатар аталуы тиіс деді, – Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен бірге конференцияда ақынның жерлес бауырласы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбекұлы ақын мұрасының өміршеңдігі туралы сөз етсе, жазушы Нұрдәулет Ақыш пен жазушы-сатирик Ермахан Шайхыұлы сатириктің Алматыда 25-ке жуық мектеп пен балабақша ашуға себепкер болған күрескерлік бейнесі туралы сөз қозғады. Ал, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, Жазушылар Одағы төрағасының, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының арнайы құттықтауларын жеткізіп, жергілікті қаламгерлердің ақсақалы Елен Әлімжан мен балалар жазушысы Әдібай Табылдиев Шонаның ұстаздық қыры жайында айтып өтсе, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ақын есімін насихаттау мақсатында елордадағы мектептердің біріне Шона Смаханұлының есімі беріліп, Алматыда көше атауы ақынның атымен аталса деген ұсынысын жеткізді.
Бұдан бөлек, конференцияда Түркістан облысынан келген сықақшы-сатирик Алпысбай Боранбай ақынның 120-дан астам әнге сөз жазғандығын, халық арасында мәтелге айналған «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» тіркесінің авторы екендігін еске салып, Қыз Жібек операсындағы «Шегенің ариясына пародиясын» орындады. Жиын соңында «Ер Шона» жинағының тұсауы кесіліп, салтанатты іс-шаралар легі Баласағұн концерт залындағы кітаптар көрмесі мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастырумен өткен «Ер Шона» әдеби-сазды кешіне ұласты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді