Мәселен, бағдарлама аясында өз бизнесін дамыту үшін несие алған ауылдықтар мал шаруашылығынан ары аса алмай отыр. Сондай- ақ, олар жылыжай мен құс шаруашылығы сынды кәсіптерден бойын аулақ ұстауға құмар. Бұдан бөлек, өңір-өңірлерде өндірілмейтін тауарлардың салдарынан бір ғана біздің облыстың 211,9 миллиард қаражаты сыртқа кетуде. Айталық, өңірімізде халық тұтынатын тауарлардың 65- нің 17-сі ғана бар екен. Бұл туралы Премьер- Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен басқосу барысында кеңінен айтылды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшылары қатысты. Басқосуда ең әуелі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтен 8028 жоба несиелендірілген. Бұл қаржының есебінен бас-аяғы 57 кооперативтерге төрт түлік сатып алуға несие беріліп, шаруалардың лизиг жүйесінің негізінде ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ, ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 91 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылыпты.
– Өткен жылы 24 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округінен 4076 жоба қаржыландырылды. Бұл округтерде жалпы 105 895 адам тұрады. Ал, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланды. Жобаның тағы бір маңызды бөлігі – өндірілген өнімдерді өткеру мәселесі. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өндірілген сүттің бір бөлігін облыста орналасқан 27 кәсіпорындарға өткізу қарастырылған. Бұл кәсіпорындарының номиналдық жалпы жылдық қуаттылығы 82,6 мың тоннаны құрайды. Сәйкесінше, бүгінгі күнге 74 пайызға жүктелген. Жоба толығымен іске асырылған жағдайда жобаға қатысушылар есебінен өндірілген сүттің көлемін 20 мың тоннаға ұлғайтып, кәсіпорындарда қайта өңделетін сүт көлемін 82 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, өндірілген еттің бір бөлігін облыста орналасқан 43 кәсіпорындарға өткізу қарастырылған. Бұлардың жылдық қуаттылығы 24,4 мың тонна, жүктелімі 37 пайыз. Яғни, қосымша 12,6 мың тонна көлемінде ет өңдеу мүмкіншілігі бар, – деді Қайрат Есенұлы.
Бұдан кейін, сөз алған Үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы құрамында бар болғаны 3 адам ғана бар кейбір кооперативтердің жұмысы күмән тудыратынын, оларға берілетін 30 миллионға жуық қаражатты қолды болу қаупі бар екенін баса айтты. Ол өз сөзінде өңірдегі елді мекендерден бүгінге дейін 20 мыңға жуық азамат қалаға қоныс аударғанына тоқталып, қарапайым халықты жұмыспен қамту – ауыл әкімдерінің тікелей міндеті екенін жеткізді.
– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Десе де, сіздердің өңірде құрамында бар болғаны 3 ғана азамат бар кооперативтер бар екен. Бұл қалай болғаны? Сонда 30 миллионға жуық қаражат тиімді игеріле ме? Әрине, «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл жерінен бастау алғаны рас. Бұл күнде жоба шеңберінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы 25 пайызға дейін өсіп отыр. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың қатары 50,4 пайызға төмендеген. Осы ретте бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Сондай-ақ, кемшіліктермен күрескен жөн. Мәселен, сіздерде дәл қазір өңір халқы тұтынатын тауарлардың 65-нің 17-сі ғана өндіріледі. Табиғаты қолайлы, жері құнарлы Әулиеата өңірінде өзге өнімдерді өндіруге болады. Нәтижесінде қыруар қаражат өздеріңізде қалар еді. Демек, әлі атқаратын жұмыс көп. Мұнан соң, шаруалар тек қана мал шаруашылығымен айналыспауы керек. Ауылдықтардың өзге де кәсіппен айналысуына мейлінше жағдай жасалуы тиіс. Оның ішінде жылыжай салып, түрлі көкөністерді өсіруге және құс шаруашылығын дамытуға күш салу керек, – деді Ералы Тоғжанов.
Жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие беру мәселесі де көтерілді. Премьер-Министрдің кеңесшісі «Нұралы» шаруа қожалығының жетекшісі Кәмшат Тілеуованың тірлігін үлгі етті. Ералы Лұқпанұлы аталған кәсіпкерді бұл жиынға арнайы шақырғанын, ол 120 бас ірі қара малын әлеуметтік жағдайы төмен 12 отбасыға тауарлы несие негізінде бергенін атап өтті. Айта кетейік, Кәмшат Шәкірбекқызы Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының түлегі. Бұған дейін ірі компанияларда қызмет еткен ол әкесі сырқаттануына байланысты шаруа қожалықтың тізгінін өз қолына алуға мәжбүр болған.
– Бүгінге дейін 9 өңірде болып, өз тәжірибеммен бөлісіп келемін. Бес жыл бұрын тауарлы несие беруді бастадық. Әкемнің науқастануына байланысты қожалық жұмыстарын өз мойныма алуыма тура келді. Әрине, бұған дейін тек шетелдіктермен жұмыс істеп келген маған оңай болған жоқ. Десе де, «басқа түссе, баспақшыл» дегендей, мұны да көрдік. Әуелгіде пилоттық режимде 200 бас қой берілді. Кейінірек, 8 шаруа қожалығына тауарлы несие ретінде берілген Шопан ата түлігінің саны 4 мыңға жетті. Жалпы, біз мал алғысы келген шаруаларға жайылым жер мен жем-шөптің бар болуы қажеттігі жөнінде шарт қойдық. Уақыт өте ірі қара малдарын тауарлы несие ретінде бере бастадық. Дәл қазір 120 бас сиыр 12 отбасының еншісінде. 7 жылға берілген несие негізінде көптеген отбасы әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды, – деді Кәмшат Шәкірбекқызы.
Жиын соңында тауарларды сатып алуда жергілікті қамту үлесін ұлғайту мақсатында «Бурненская молочная компания», «ТаразКожОбувь», «ЖЗМК Имсталькон» және «Энерджи – Тараз» серіктестіктерімен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді