Қазақ халқы қай кезеңдерде де ұлт тәуелсіздігі жолында, ұрпағының жарқын болашағы үшін қанын да, жанын да аямаған хас батырлардан кенде емес. Әсіресе, үш ғасырдан астам орыс боданында болған шақта қайсар халықтың отарлау саясатына қарсы 2500-ден астам ірілі-ұсақты көтеріліске шыққаны тарихтан белгілі. Осындай аумалы-төкпелі заманда қазақта ел билеген датқалар, аға сұлтандар көп болған. Соның бірі – Батырбек датқа. Меккеге қажылыққа барып, қонақүй салдыртқан, қажы атанған тарихи тұлға ел тізгінін қолына алған шақта өз мүддесінен елінің, халқының мүддесін жоғары қойған, елді мекендерде мешіт-медреселер салдыртып, мұсылман елдерінен білімді ұстаздар алдыртып, жергілікті халыққа ислам құндылықтарынан дәріс тыңдатып, жас жеткіншектердің діни білім алуына жағдай жасады.
Датқа сөзі өзбектердің «дотһа» деген сөзінен шыққан, мағынасы генерал дәрежесіндегі ел билеуші дегенді білдіреді.
Бірқатар тарихи деректерде және ел аузында сақталып қалған естеліктерге сүйенсек, Батырбек датқа кезінде Жуалы ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Сайрам аудандарының аумағына, сондай-ақ Шымкент қаласының төңірегіне билік жүргізген. 1863 жылы Шоқан Уәлихановпен кездесіп, онымен Оңтүстік өңірді отаршылардан азат ету жөнінде пікірлескен деген де деректер бар (Ә.Жылқышиев, «Дауылдан кейінгі жарық» кітабы).
Халықтың құрметіне бөленген датқаны кезінде Майлықожа, Мәделі, Шөже сынды ақындар жырға қосқан. Ташкенттегі мұрағаттан табылған мәліметтерде 1874 жылы Батырбек, Қасымбек датқалар, Құнанбай, Аңдамас сынды билер өздері қаржы шығарып Меккеден үш қонақүй салдырғаны туралы айтылады.
Батырбек датқа дүниеден өткен соң өзі бүгінгі Датқа сазда салдырған мешіт-медресенің жанына жерленген. Ол жердің табиғаты әсем, тау етегі, орманды, бұлақ суы мол, суының емдік қасиеті күшті. Бұрын мешіт пен күмбез орны бұзылғаннан (1928 жылдан) бері ашық жататын. Мешіт-медресе мен баба басына тұрғызылған күмбез бұзылған соң оның кірпіштерін сол тұста-ақ маңайдағы орыс шаруалары тасып алып, қажетіне жаратқан.
Күреңбелдік ақын Талғат Талапұлы бала шағында болған бір оқиғаны былай еске алады.
«Ауылдастары Батырбек датқа жатқан жердің шөбін оруға болмайды деп ескертсе де орыс көршісі бой бермей балауса саздың шөбіне қызығып орақ салды. Ертеңіне ат тырмасын қосып, әйел, бала-шағасымен қастарына ат айдаушы етіп мені де қосып алды. Баба басына барған соң мені ат тырмаға отырғызды. Өздері тырманың жиып әкеп үйіп тастаған шөбіне шөмеле салды. Тырмаға шөп жиналып, оны одан ары ұстап отыруға күшім жетпей жатқан кезде көршім маған көмекке келеді. Сөйтіп ат тырмамен баба жатқан жерге қалай таяп қалғанымды білмеймін, ат үркіді ме, әлде бір тылсым күштің әсері болды ма, ат-арбаны төңкеріп түсірді. Есімді жисам, арба бір жақта, мен екінші жақта, қасымда отырған көрші орыс та есінен танып талып жатыр. Біздің бұл жатысымызды көрген өзгелері қасымызға келіп, ауылға жеткізді. Мені имам-молдалар оқып, жүзімді бері қаратты. Ал, көрші орыс содан кейін оңала алмай дүниеден өтіп кетті. Кейіннен естігенім көршілер оған датқа жерді орып, ат тұяғымен таптатуға болмайтынын ескертіпті. Оны қаперіне алмаған ол өмірімен қош айтысса, мен бабамыздың рухы күшті адам болғанын танып, есейдім», – дейді ол.
Беріде, халықтың өтініші бойынша 2012 жылы Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің қолдауымен Батырбек датқаның жатқан жеріне зәулім де сәулетті күмбез тұрғызылды. Күмбез тұрғызыларда басына барғанымызда, сонда жұмыс бастаған жігіттер топырақ астында қалған бұрынғы күмбезді тапқандарын, ол еш бүлінбей сол күйі сақталғанын айтты. Оны біз де көріп таңдай қақпай тұра алмадық. Сөйтіп Батырбек датқа басына салынған күнбез осылайша өз тарихи орнына бой көтерген болатын. Ал, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолы бойында еңселі ескерткіші орнатылды.
Ол кісінің жатқан жеріне бұрын да, қазір де жан-жақтан зиярат етіп келетіндер көп. Ондағы датқаның бұлағынан су ішіп, өздерімен бірге ыдыстарына құйып әкетіп жатады. Ол араға зиярат жасай келіп түнейтіндер де бар. Күреңбел ауылының тұрғындарының айтуынша, 1971 жылы Датқа сазда «Бұл – қасиетті адам жерленген қасиетті өлке», деп Дінмұхамед Қонаев арнайы келіп, киіз үй тіктіріп түнеп кеткен екен.
«Жуалы алқабында, менің туған ауылым Ертайда, үйімнен тоғыз шақырым жерде орналасқан бұл жазықта бұлақтар көп болғандықтан «Датқаның сазы», «батпақты жер» деп атаймыз. Құстардың көші-қоны кезінде саз маңындағы шағын көлшікке жыл құстары қонып, демалады. Ұя салып, осында тұрақтап қалатындары да бар», дейді Ертай ауылының тұрғыны Мәлік Нөкісбеков.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Халық қаһарманына арналған ән
- 28 қараша, 2024
Термешілерге құрмет неге төмендеп кетті?
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді