Жиында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уәлихан Байдуанов сөз алып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен осы жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы баян етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар жөніндегі бағдарламасы аясында елімізде жаңа сұраныстарға жауап беретін сайлау жүйесі қалыптасуда. Ол азаматтардың дауыс беру құқығы мен жаһандық демократия үдерісін нығайтуға, сайлау туралы білімді арттыруға және сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын ынталандыруға бағытталып отыр. Осыған байланысты, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан ағымдағы жылдың 9 айында бірқатар жұмыс атқарылды. Айталық, Тараз қаласында 27 бірмандатты сайлау округі, 135 сайлау учаскесі орналасқан. Олардың арасында 1 сайлау учаскесі қала әкімінің 2024 жылғы шешімімен жаңадан құрылып, 40 сайлау учаскесінің шекарасына өзгеріс енгізілді, – деген Уәлихан Боларбекұлы аумақтық сайлау комиссиясының қызметі жариялы және ашықтық бағыттарға негізделгенін баса айтты.
Кездесуді қорытындылаған Серғали Айдапкелов ел Президенті ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру мақсатында сайлау жүйесін дамыту жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатынын атап өтті.
– Жақында ғана еліміз мемлекет болашағы үшін маңызды таңдау жасады. Бүгінде Тараз қаласында сайлаушылар саны 260 мың адамға жетіп, облыс сайлаушыларының 35 пайызын құрады. Десек те, өткен жылғы сайлау науқаны бірқатар кемшіліктермен жұмыс жүргізу керектігін айқындап берді. Мәселен, жыл сайын сайлаушылардың дауыс беру науқанына көрсетілген көрсеткіштен төмен деңгейде қатысатындығы байқалып отыр. Соған сәйкес, биыл референдум қарсаңында әр қатысушыға жеке шақыру қағаздары жіберілді. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 717 мыңнан астам азаматтарға шақыру қағаздарын таратуға 2 566 комиссия мүшесі, 2 865 ерікті және 388 полиция қызметкері жұмылдырылды. Барлығы 410 мыңнан астам аула, пәтерлер араланып, жалпы саны 716 680 дана бірыңғай белгіленген форматта шақыру қағаздары таратылып, кері байланыс орнатылды. Бұдан бөлек, тіркеуде жоқ азаматтарды референдум учаскелерінің мекенжайларына тіркеу сервисі Тараз қаласында бес учаскеде жұмыс істеді, – деді Серғали Өмірзақұлы.
Референдумда дауыс беруге арналған 508 учаскеде 3616 комиссия мүшесі азаматтарға дауыс беру барысында заң талаптарына сәйкес қызметтер көрсеткендігін атап өткен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы жиын соңында сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды арнайы Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.
Нұрболат АМАНБЕК
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді