Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он жылдан аса қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту. Қордың миссиясы қолдау көрсетудің кешенді және тиімді құралдарын іске асыру арқылы Қазақстанда микро, шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуындағы белсенді рөл болып табылады.
Аталған қордың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі негізгі құралдары – екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, банктер алдында кепілдіктер беру, лизингтік мәмілелерді, микрокредиттік ұйымдарды және басқа да қаржы институттарын жеңілдікпен қаржыландыру.
Ұйымның Қазақстанның барлық облысында және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік филиалдары жұмыс істеуде. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде. Қордың облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исаковтың айтуынша, осы жылдың басынан бері «Даму» қоры облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің 1397 жобасына жалпы сомасы 40,2 миллиард теңгеге қолдау көрсетті. Оның ішінде 25,2 миллиард теңге несие сомасына субсидиялау бағытында 713 жобаға қолдау көрсетілген. Кепілдік беру саласында 11,8 миллиард теңге несиеге 554 кепілдік берілсе, 3,2 миллиард теңгені құрайтын 130 жоба жеңілдікті несие алған.
– «Даму» қоры субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеді. Субсидиялау кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және сәйкесінше ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлерге үнемделген қаражатты өз ісін дамытуға бағыттауға жол ашады. 2024 жылдың маусым айынан бастап «Даму» қоры «Кең дала 2» жаңа бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бағытталған агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларға кепілдік бере бастады. Кепілділігі жеткіліксіз кәсіпкерлерге несиенің 85 пайызына кепілдік ұсынылды. Несиені «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері береді. Жеңілдіктің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Жалпы, облыста бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері несиенің жалпы сомасы 898 миллион теңгені құрайтын 26 жобаға қолдау көрсетілді, – дейді Бақытжан Исаков.
Ал, осы жылдың қыркүйек айынан бастап облыста филиал директорының айтуынша, «Жамбыл-Бизнес 2024» жаңа өңірлік бағдарламасы іске қосылған. Ол бағдарламаның шарты бойынша несиені облыста тіркелген кәсіпкерлер ала алады. Бұл ретте несиенің максималды сомасы 200 миллион теңге, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз, мерзімі 7 жылға дейін.
– «Даму» қоры ұлттық даму институты бола отырып, Қазақстанның барлық өңірлерінде шағын және орта бизнесті сапалы дамытуға жәрдемдеседі, бұл нақты экономикалық нәтиже береді. Өңірімізде 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 3,7 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Кәсіпорындардан түскен салық түсімдерінің көлемі 303,5 миллиард теңгені құрады, – дейді «Даму» қорының облыс бойынша аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исаков.
Бизнесті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік секторды дамытудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінгі таңда «Даму» қоры үш негізгі қолдау құралын ұсынады. Бұл – жеңілдікті кредиттеу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы және интеграторы болып табылады. Қордан қаржылықты қолдауды алған кәсіпкердің бірі – «Қабықбаева А.С» жеке кәсіпкерлігі. Бұл кәсіпкер Тараз қаласынан «Bursa» қонақүйін ашқан.
Жалпы «Даму» қорымен 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Төрт жұлдызды қонақүйдің иесі, жеке кәсіпкер Лола Исматуллаеваның айтуынша, бұған дейін жұмыс істеген қонақүйін жауып, ескі «ВЕТА» банктің ғимаратын сатып алып, оны қонақүйге ыңғайлап қайта жабдықтаған. Ол үшін кәсіпкер «Даму» қорының облыстық филиалының көмегіне, қолдауына жүгінген.
– Қонақүй наурыз айында ашылып, содан бері жұмыс істеп келеді. Қазір Тараз қаласында туризм жақсы дамып келе жатқандықтан шетелден келетін туристер қатары артқан. Мұндағы орын саны 55 келушіге шақталған, бөлме саны – 26. Бөлмелер бір, екі, үш және төрт орынды. Барлығы да қазіргі сұранысқа сай жабдықталған. Ғимараттың бірінші қабатында асхана, 45 адамға арналған конференц зал бар. 15 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырмыз. Кәсібімізді «Даму» қоры арқылы кеңейтіп, дамытудамыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Осылайша «Даму» қорының өңірдегі филиалы аймақ кәсіпкерлерінің төмен пайызбен несие рәсімдеп, кәсібін дөңгелетуіне бұдан кейін де үлес қоса бермек. Тараз қаласы Кәсіпкерлікке – кең өріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті мейлінше дамытуға басымдық беріп келеді.
Президент Жолдауда «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл негізгі талап», деп айқындай түскен.
Тараз қаласы
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді