Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл 53562 гектарға орналастырылған егіс алқаптарынан 5676 тонна бидай, 21244 тонна арпа, 676 тонна майлы дақылдар, 100 тонна қант қызылшасы, 4053 тонна картоп, 18290 тонна көкөніс, 9022 тонна бақша, 168552 тонна мал азығы жиналған. Бидайдың әрбір гектарынан түскен орташа өнім 13,3, арпа 16,5 центнерге жеткен.
– Жыл сайын ауыл шаруашылығы техникалары жаңарып келеді. Осы жылдың өткен 8 айында 55 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жылдық жаңару деңгейі бойынша өңіріміз алдыңғы шептен көрінді. Биыл ауданда жұмыс істейтін 28 жылыжайға орналастырылған бақша дақылдарынан 8 жарым тонна қияр жиналып, нарықтық бағамен өткерілуде, – дейді аудан әкімі.
Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым 177020, елді мекен жайылымы 33321, орман қоры жайылымы 64564, ауылдық округтерге қоғамдық жайылым ретінде берілген көлем 18761 гектарды құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1639,97 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 1-і орта, 14-і шағын кәсіпкерлік. Өнеркәсіп саласында 30,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Атап айтсақ, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 6 миллиард 387 миллион теңгеге 44,31 мың тонна мұнай, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 936 миллион теңгеге 369 мың тонна гипс өнімдерін өндірсе, «Суперфарм» ЖШС 1 миллиард 685 миллион теңгеге 34,6 миллион матадан жасалатын медициналық бұйымдар шығарған. Өңірде инвестицияның да игілігі сезілуде.
Мәселен, биыл жалпы құны 24 миллиард теңгеге жуық ірі 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 167 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, 2025 жылға 7 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, оның есебінен 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Ауданда құрылыс саласында да ілгерілеу бар. Жыл соңына дейін 9,7 миллиард теңгені құрайтын 35 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілу көзделген. Атап айтқанда, жыл соңына дейін таза ауыз сумен Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық елді мекендері қамтылатын болады. Спортшылар мектебі саналатын Бесағаш ауылында әмбебап спорт кешені ел игілігіне берілгелі тұр. Сондай-ақ, аудан орталығында аудан бюджеті есебінен мұражай, архив, кітапхана, жасөспірімдер орталығының құрылыстары, Ақбұлым, Қызылқайнар ауылында Мәдениет үйі мен Шайқорық, Аса, Жұма ауылдарында жүргізіліп жатқан электрмен қамту жобалары жүргізілуде. Бәйтерек, Шайдана ауылында жаңа мектеп құрылысы,Тоғызтарау ауылында жапсарлас спорт залы мен асхана құрылысы және Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылында медициналық пункттерінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 13,8 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Тұрғын үй құрылысына да басымдық берілген. Ауданда тұрғын үй кезегіне 1721 адам тіркелген. Республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді сатып алуға бөлінген қаржыға аудан орталығы Аса ауылында 40 отбасыға арналып, үйлер салынуда. «Асар» жобасымен жағдайы төмен отбасыларға Ащыбұлақ, Тастөбе, Гродеково, Бірлесу Еңбек, Қызылқайнар елді мекендерінен тұрғын үй салынуда. Ал, ауданда жер телімін алуға 20518 адам кезекте тұр. Жалпы, соңғы үш жылда 7 елді мекеннен 1864 жер телімі тұрғын үй салуға берілді, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Тіршілік нәрі де ауданда оң шешімін тауып келеді. Бүгінгі күні 42 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Биыл Бесағаш-Түрксіб ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2,1 миллиард теңгеге Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе, Өрнек Жұма ауылдарында таза ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Ал, көгілдір отынға қолжетімділікті қалыптастыру үшін де жүйелі жұмыстар жалғасуда. Аудан бойынша 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылған.
«Аудан тұрғындары көптен бері қозғау салып келе жатқан Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерінің магистралды газбен қамту жобасына қаржы бөлінді. Мемлекетте ауылдарды алалау жоқ екенін ескерсек, 15 түтіні бар Сенгірбай ауылына газ құбырын тарту үшін жасалған құжаттар сараптамадан өтті. Аталған 4 ауыл газбен қамтылса, көрсеткіш 100 пайызға орындалмақ. Бұл игіліктің де ауылы алыс емес», – дейді аудан басшысы.
Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Биыл аудандық маңызы бар Ерназар – Қойгелді, Ащыбұлақ ауылына кіреберіс, Аса ауылының оңтүстік айналма жолы, Аса – Мырзатай бағыты орта жөндеуден өткізілді. Тұрғындар қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Аса ауылында 6 жолақты теміржолды қиып өтіп жүрген тұрғындар үшін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл түйткілдің түйіні 30 жыл бойы тарқатылмай келген еді. Құрылыс жұмыстары аудан басшысының тікелей бастамасымен аудандық бюджет есебінен бөлініп жасалды.
Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілетін мәселелердің бірі – жол. Жалпы, аудандағы 42 елді мекенде 436 шақырымды құрайтын 582 көше мен бұрылыстар бар. Тұрғындар сұранысына сәйкес, биыл ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 1 миллиард 105,5 миллион теңге қаралып, 24 елді мекендегі жалпы ұзындығы 39,8 шақырымды құрайтын 57 көше мен 22 бұрылысқа асфальт жабыны төселген.
«Теміржол станцияларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдары электр жарығына 32 теңгеден төлеп келгені белгілі. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жұмыстар жүргізіліп, аталған ауылдар бүгінде 16 теңге баға айырмашылығымен төлеп отыр. Ауыл азаматтарының кездесуде көтеретін сұрақтарының қатарында түнгі жарықтандыру мәселесі де бар. Биыл 16 ауылдың 33 көшесі самаладай жарқырап тұр. Жарық жиі сөнетін 8 елді мекендегі 15 көшенің ескі бағаналары мен желілері ауыстырылды. Бұл жұмыстар алда да өз жалғасын табатын болады», – дейді аудан әкімі.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар халықты жұмыспен қамтуға өз септігін тигізіп отыр. Бүгінгі күнге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 018 адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 1 272, ақылы қоғамдық жұмысқа 264 адам жолдама алған. Аудандағы 39 білім беру мекемесінің 26- сы типтік, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.
Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шайқорық ауылында 300 орындық мектеп құрылысы басталса, республикалық бюджет есебінен Бәйтерек ауылында 100, Шайдана ауылында 150 орынды мектеп салынуда. Ал, Бірлесу Еңбек ауылында жеке балабақша ғимараты пайдалануға берілген. Алдағы 2025-2027 жылдары Қызылдиқан, Қоңыртөбе, Рахат, Қапал ауылдарында да жаңа мектептер соғу аудан жоспарына енгізілген. Есепті кезеңде 22 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарына қаржы қаралған.
«Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 75 жоба іске асырылған. Денсаулық сақтау саласында 36 мекеме бар болса, оның 19-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Биыл Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау ауылдарынан медициналық пункт және Қаратау ауылынан фельдшерлікакушерлік пункт құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі таңда Аса ауылындағы орталық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, кешенді сараптамадан өткізілуде. Сараптаманың оң қорытындысы алынысымен қаржыландыруға ұсынылатын болады. Алдағы жылдары Шоқай, Қапал, Құмтиын, Бәйтерек ауылдарында медициналық пункт ғимаратын соғу жоспары дайындалуда. Мәдениет саласына назар айрықша аударылып отыр. Ауданда 1 аудандық Мәдениет үйі, 4 ауылдық Мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб жұмыс істеуде.
«Биыл аудандық бюджеттен Аса ауылынан мұражай, орталық кітапхана, орталық архив және жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылысы мен инженерліккоммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бұл нысандар тек аудан ажарын ашып қана қоймай, мәдениет саласының дамуына айрықша үлес қоспақ. Жуырда ғана Ақбұлым ауылында тұрғындар өтінішіне сәйкес Мәдениет үйі игілікке берілді. Жыл соңына дейін Қызылқайнар ауылында да Мәдениет үйі бой көтермек. Ал, аудан орталығы Аса ауылында Мәдениет үйінің ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалса, Өрнек және Ерназар ауылдарындағы кітапхана ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапхана ғимаратының жылу жүйесі табиғи газға қосылды. Бесағаш және Ш. Ниязбеков ауылдарынан Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін құжаттар әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы бөлінді», – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Ауданда жалпы 6 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 17 үлкен футбол алаңы, 41 шағын футбол алаңы, 25 балалар ойын алаңы, 18 «Street workout» балалар ойын алаңшалары бар. Биыл жастар өтінішіне сәйкес Өрнек, Қаракемер ауылдарында спорт кешені ел игілігіне берілді. Бесағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталмақ. Сондай-ақ, Жаңаөткел, Қызылшарық ауылына шағын футбол алаңшасы орнатылып, Шоқай, Гродиково, Жамбыл, Еңбек, Қостөбе, Жалпақтөбе ауылындағы шағын футбол алаңшасына жасанды төсем төселінді. Аса, Ш.Ниязбеков, Қапал ауылдарына 5 балалар ойын алаңшасы орнатылды.
Бүгінгі таңда Тастөбе және Қызылқайнар ауылына спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, БірлесуЕңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков, Шоқай ауылында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірге жоспарға енгізілуде.
– Аудан халқының 30 пайызы немесе халықтың 28434-і жастар. Жыл басынан бері анықталған 37 NEET жас бар, 617 жұмыссыз жас тіркелген. 333 жас «Бастау бизнес» жобасымен оқытылды. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына алынды. Биыл волонтерлермен 56 жұмыс атқарылды. Қамтылған еріктілер саны – 1842 жас. Бүгінгі таңда «Жамбыл жастары» және «Ақжүрек» жастар клубы жұмыс жүргізуде, 2025 жылға дейін тағы 2 волонтерлік клуб ашып волонтерлер қатарын 10152 жасқа жеткізу жоспарлануда, – дейді аудан әкімі.
Аудандағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жергілікті полиция бөлімімен бірлесе 42 елді мекеннің 33-нің кіреберісі және шығаберісіне 124 бейне бақылау камералары орнатылған. Биыл 11 елді мекенге бейне бақылау камералары орнатылды. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға көп септігін тигізбек. Тұрғындар сұранысымен Бектөбе және Қызылшарық ауылдарының қиылысына, Жалпақтөбе, Айша бибі ауылдарына бағдаршамдар орнатылған. Осы жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жол белгілері мен кедергілер және муляж орнатылса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жолақтар сызылуда. Сондай-ақ, Аса ауылындағы айналма жолға да бағдаршам орнату жоспарланған.
Ауданда атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы жоспарлары тастай. Әрине, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Дегенмен, жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйіні тарқатылып келеді. Бұл өңірде халықтың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын көрсетеді.
Осылайша, аудан әлеуетін көтеру, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ілкімді істер кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді